БАС ҚОБЫЗШЫДАН ПРОФЕССОРҒА ДЕЙІНГІ ЖОЛ немесе Білім мен Мәдениет саласының үздігі Сейсенбі Бейсеуов туралы біз не білеміз?

639 Views

Жуалы десе Шерағамның «Ай мен Айшасы» көз алдыңа келеді. Табиғаты әсем Ақсу-Жабағылы, асу бермес Күйік келеді. Осылардың барлығын Тұрарсыз, Бауыржансыз, Шерағасыз елестету мүмкін емес сияқты. Сейсеке, дәл осындай жер жәннаты Жуалыда дүние есігін ашқан сен шынында да бақыттысың. Сен айтасың: «Қуаныш ауылында жарық дүниеге келіп, Қайрат ауылында он жылдық мектепті бітірдім» деп. Бірақ, сен дәл әлгіндей атақты қорығы мен атақты адамдары бар киелі мекенде туып өскеніңді жалпақ әлемге жар салып айтқың келмейді, ә! Өйткені сен талай «ит көйлек» тоздырсаң да тау мінездісің, қарапайымдылық сенің қаныңа сіңген. Өйткені сен Бауыржан, Тұрар, Шерхан мінездісің. Мен сені Луговойға келгеннен білемін ғой, жаныңда бір отар қой жусап жатқандай жайбарақат жүретінсің. Иә, сен дала мінездісің, иен даладағы әр ызыңды, жел мен судың сарынын айна қатесіз ажырата аласың. Алла саған сондай қасиет берген. Әйтпесе, сен мектепті бітіре салып, бірден Алматыдағы П.И. Чайковский атындағы музыка училищесіне, онда да виолончель аспаптық мамандығын таңдайсың ба? Әлде осы аспап пен Қорқыттың қобызының арасында қандай айырмашылық бар екенін білгің келді ме? Бәлкім қобыз сарыны сенің жан дүниеңді тебірентіп, соны әлгі бас сырнайға түсіргің келді ме? Менің түйсігім мені алдамайды, өйткені сен даладағы сарынды аспапқа түсіргің келді. Соны оркестрге қосқың келді…
1972 жылы сен әскерге кеттің. Мәскеу түбіндегі Дубна қаласына барғаныңда да әскери оркестрлер байқауына қатысып, ойламаған жерден лауреат атандың. Қазақ баласының кеудесінде күй ойнап тұрғанын ұлты орыс болса да әскери музыканттар түсінді. Әкең Асырымбет Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер, бірінші топтағы мүгедек болатын. Ол кісі сол жүрек тұсына қадалған жарықшақтан алпыстан асқан шағында қаза тапты. Шешең байқұс 14 баланың анасы, нағыз Батырдың өзі еді. Сен осы отбасындағы оңқай асықтай ортаншы ұл болып өстің. Бірақ алған бетіңнен қайтпайтын бірбеткей едің, ақыры 1976 жылы училищені бітірген бетте Жуалыдағы Д.Д.Шостакович атындағы балалар музыка мектебіне келіп, еңбек жолыңды мұғалім болудан бастадың. Мектепте мұқым орыс пен неміс балалары оқитын. Бірде бір домбыра, ұлттық аспап жоқ. Секең заврайоноға барды именбей. Саз мектебін ашу туралы ұсынысын айтты. Мектеп те ашылды. Жолдасы домбыра класынан сабақ бере бастады. Бірақ сен туған ауылыңда небәрі екі жыл тұрдың. Содан дәм-тұз тартты ма, ерлі-зайыпты екеуің Луговойға келдіңдер. Ұстаздық кәсібіңді Құрманғазы атындағы музыка мектебінде жалғастырдың. Осының барлығы көрген түстей-ақ болсын. Алайда сенің бойыңда ұлттық өнерге деген құштарлық бар еді. Осы ұлы түйсік сені алдаған жоқ. Сен осы мектепке мүдір де болдың, құдай-ау, бірақ сен кейбіреулер сықылды: «Директормын» деп кеудеңді қақпадың, баяғы сол өзіңнің қарабайыр жүрісіңнен танбадың. Сөйтіп жүріп Талдықорғандағы Ілияс Жансүгіров атындағы педагогикалық институтты да сәтті тәмамдадың.
Есіңде ме, 1992 жылы Қазақ ССР халыққа білім беру министрлігінің Құрмет грамотасын алғаның? Арада үш жыл өткенде саған «Қазақстан Білім беру ісінің үздігі» деген атақ келгені. Міне киелі Құлан жеріне келіп, табаны күректей 20 жыл ұстаздық етіпсің. «Сұлутөр» ұлт аспаптар оркестіріне екі мәрте халықтық атақ бергенде де, осы өнер ұжымымен Монғолияға барғанда да, тіпті Мәскеу төрін көргенде де солармен бірге болдың. Өйткені ауданға сенің еңбегің сіңді. Сондықтан да Құлан халқы сені құрмет тұтады, ал, сахна көреремендері сені сағынып жүр.
Иә, Құлан топырағынан шыққан таланттар көп. Белгілі сазгер Мэлс Өзбековке еліктеп, Секең де бірталай ән жазған, сазгерлігі да бар. Сейсенбі Бейсеуов 1998 жылы Тараз қаласына ауысып, сондағы №12-ші Керімбай орта мектебінде шәкірттерге дәріс берді. Ол «Болашақ» колледжінде сабақ беріп, әскери бөлімдегі үрмелі аспаптар оркестрінде трубада ойнады. Араға алты жыл салып М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіне оқытушы болып орналасады. Қалаға келген соң оның аудиториясы кеңейіп, тыңдаушысы көбейеді. Аға оқытушы творчестволықпен еңбек етіп, жоғары оқу орындары арасындағы, тіпті, халықаралық деңгейдегі семинарлар мен конференцияларға қатысып, өзінің «Таңдамалы мектеп әндері» атты авторлық оқу құралын жарыққа шығарады. 2007 жылы Ақтөбе қаласында өткен, 2009 жылы Шымкент қаласында өткен «Оңтүстік түні»халықаралық джаз фестиваліне қатысып, лауреат атанады.
Педагог өзінің білімін жетілдіре жүріп, көптеген ізденістерге барады. Методикалық оқулықтарға арналған еңбектерін жариялап, партитуралар жазып, қазақ әндерін трубада орындауға, сырнай аспаптарына лайықтап өңдеп, шығарады. Ұстаздың екі ғылыми еңбегіне академиялық кеңес жоғары баға берді. 2011 жылы оған университеттің доценті деген академиялық атақ берілді. Ал 2015 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін кеудесіне тақты. Бұл марапат оған жәйдан жәй келе салған жоқ. Оның көп жылдардан бергі мәдениетке сіңірген еңбегі ескеріліп, оның сахнада төккен тері зая кеткен жоқ. Ол ұстаздық етумен қатар, сахнаны да тастаған жоқ. Оның үстіне қала қазақ мәдениетінің қайнаған ортасы емес пе? Бірде Бейсеуов «Тәуелсіз елдің ұлағатты ұстаздарымен» бірге облыстық фестивальдарға қатысса, бірде Шәмші Қалдаяқов әндеріне попури дайындап, көрермен көңілінен шығатын.
С.Бейсеуов бірде сабақтан тыс кезінде студенттер мен оқыту­шы­лардан құралған «Әулие-Ата сазы» фольклорлық ансамблімен жүрсе, енді бірде «Мәдениет және өнер» колледжінде вокальды-аспаптар ансамблін құрып, тыным таппайды. Білікті, кәсіби педагогтың еңбек өтілі бүгінде 44 жылдан асты. Жасы жетпісті алқымдаған өнер қайраткері күні бүгінге дейін өз шәкірттерінің ортасында жүр.
Секең осынау қызығы мен қызуы мол жылдар еске түскенде қанаттанып, тегі арқаланып кетеді: «Мен асыл ұстаздарым Уызбек Мәмбетов, Ілес Кәдірмановты, Көпбай Тұтқышевті, Ізетбек Мұраталиевті, Арғынбек Балабековты, Аралбек Борашевті, Алматыдағы Чайковский атындағы училищеде дәріс берген ұстаздарым Михаил Андреевич Кадлецті, София Анатольевна Петрованы, Мәкәлім Қойшыбаев сынды ұстаздарымды әлі ұмытқан жоқпын. Құрманғазы атындағы консерваториядағы Болат Шамғалиұлы Сарыбаев пен Едіге Ордабекұлы Балабековтер де менің өмірімнен мәңгі орын алған , менің осы өнерге деген құштарлығымды оятып, білімімді көтерген жандар олар».
С. Бейсеуовтың шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде ұстаз жолын қуып, ерекше көзге түсіп жүр. Мәселен, Рахат Бегасылов Нұр-Сұлтанда, дәстүрлі әнші, Роза Исаева халық аспаптар оркестрінде, Гүлнәр музыка пәнінің мұғалімі, Юрий Гордеев баяншы, Баян сырнайшы, қызы Бақыткүл консерваторияны бітірген, Таразда фортепианодан сабақ береді.
Секеңнің өмірлік жары Орынкүл Қазтуғанова еді. Ол екеуінен бір ұл мен бір қыз бар еді. Ұлы мен анасының өмірі қысқа болды. Ұлдан төрт немере артында қалды. «Тағдырдың талайы осы болды. Бірақ балаларға ана керек екен, үйлендім. Қазіргі жолдасым Гүлжанат Луговойдың қызы. Тағдыр мені Құланнан алшақтатқысы келгенмен, өмір мені оған қайта жақындатты. Қазір Гүлжанат Мұсаева екеуіміздің үш қызымыз өсіп келеді» дейді Секең толқу үстінде.
Адам ұрпағымен бақытты, қадыр-қасиетімен сыйлы. 44 жыл еңбек өтілі Секеңнің самайына ақ түсірген сайын соқпағы. Ол қай қалаға барса да шәкірттері алдынан шығып қарсы алады.

С.Қожеке.

Поделиться ссылкой: