Біздің мәдина әпкей

636 Views

Мәдина әпкей туралы бір әңгіме жазу көптен ойымда жүр еді. Ол кісі туралы жазуға осыдан жиырма төрт жыл бұрын оқталғам. Бұл 1996 жылдың қоңыр күзі болатын. Жазудың да бір себебі бар-тұғын Мәдина Тұрықбайқызы Сәмбетова «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі» деген атаққа ие болған. Өкінішке орай, сол мақала аудандық газетке белгісіз себеппен шықпай қалды. Содан бері талай су ағып, талай күз өтсе де Мәдина әпкей осы бір келеңсіз жайды жүрегінің түкпірінде сақтап қалыпты. Мақаланы шығармай қойған сол кездегі «Коммунистік еңбек» газетіне емес, авторға өкпелі екен. Иә, ұстаздың өкпесі орынды, бірақ мақала авторы ол кезде облыстық газетте жұмыс істейтін. Ал, аудандық газеттегі әріптестері мақала авторының өтінішін сол бойда ұмытып кетсе керек. Бірақ олар сол қылығымен үлкен жүректі ұстазды жабырқатып алғанын білген жоқ.
Енді міне, арада жиырма төрт жыл өткенде сол қателікті түзету мақала авторының құзыретіне қайта тиіп отырғанына таң қалмасаңыз да болады. Өйткені сол автор (С.Қ) «Құлан таңы» газетіне қызметке қайта келген. Қазір әпкей осыдан ширек ғасыр бұрынғы Мәдина әпкей емес, қолына балдағын ұстап, көзіңе сығырая қарайтын жасқа жеткен. Өмірлік, құдай қосқан қосағы Қамшыбектің дүниеден өткеніне (Жатқан жері пейіш болсын!) де біраз болып қалыпты. Жасы жетпістен асқан қарт ананың жүрегіне қаяу түсірген тағы ортаншы ұлдың қазасы ғой деймін әпкейдің маңдайындағы әжімдері қатпарлана түсіпті. Жүзінен мұң байқалмағанымен көзінің ұяшығының тереңінен оның аумалы-төкпелі тағдыр-талайы көрініп тұрғандай әсер етті маған.
Есен-саулықтан соң шын дүниеде «жүрген» әруақтарға бағыштап құран оқып, бата жасадым. Әпкейдің барлық қайғы-мұңын ұмыттырып отырған дүниеден ерте озған ұлдың артында қалған жары Әмина ма деп қалдым. Ұлы Қанаттың орнында үш ұлы қалыпты. Мұхтары астанадағы агротехникалық Университетті тамамдаса, одан кейінгі ұлы ҚазМу-дың журналистика факультетінде оқып жүр. Ал, кішкентайлары Арнат бесінші сыныпта. Бәрі әжелерінің алданышы.
Бір кезде қырдың қызғалдағындай болып құлпырып, көшенің көркін, сыныптың сәнін келтіріп жүретін тұлымы жебіреген бойжеткеннің рәңін сарғайған суреттер де көмексіте қоймапты. Шамасы жігіттің сұлтаны саналатын Қамшекең әпкейге шын ғашық болған-ау. Мәдина әпкей осыдан жиырма, отыз жыл бұрынғы суреттерді қарап отырып әңгімесін әріден бастады: «Мен үйдің үлкенімін. «Арпа ішінде бір бидай» демекші, менен кейін Күлдәрі шешем бір ұл, төрт қызды дүниеге әкеліпті. Осы Луговойда бірінші сыныптың есігін ашқаным әлі есімде. Сауатымды ашып, қатарға қосқан Бәтен әпкей болатын, мектеп директоры Қапыш Құнанбаевтың әйелі. Төрт сыныпты осында бітірдім. Әкем Тұрықбай райсәбезде басшы қызметте еді. Әбзел әжемнің денсаулығы нашарлағанын біліп үйелменімізді Тельманға көшіріп әкелді. Сөйтіп, Қызылпан ағай басқаратын сегізжылдық мектептің тағы төрт сыныбын тауыстым да көрші Калинаи ауылына барып 9-10-шы сыныптарды сонда оқыдым. Қазір Ахмет Байтұрсыновтың есімімен аталып жүрген орта мектепті ол кезде Әбжан Әміркенов деген кісі басқарушы еді. Менің сынып жетекшім сонау Арқадан келген Сапар Өтеулин деген қатал кісі болды. Сондықтан болар сабақты өте жақсы оқыдым. Ол кісінің әйелі де мұғалім, математикадан бізге сабақ беретін. Менімен бір сыныпта Бердіш пен Ақтан, Асыл деген қыз оқыды. 1966 жылы болуы керек онжылдықты ойдағыдай оқып бітірген соң Шымкенттегі пединститутқа, онда да тарих факультетіне құжаттарымды тапсырдым.
Қайда барамын? Ауылға келдім. Алғашында мамандығым бойынша орын табылмаған соң пионер важатый болып бір жыл ауылда, одан соң Калинин мектебінде жұмыс істедім. Бұл кезде Қамшыбек екеуіміз үйленіп, отау құрғанбыз. 1971 жылы тұңғышымыз Гүлнәз дүниеге келді. Артынша Марат, Қанат есімді ұлдарым да дүние есігін ашты. Гүлнәзім ғана менің жолымды қуып, ұстаз болды. Қазір ол Тұрар Рысқұлов мектебінде. 1978 жылы Қамшыбек жұмыс бабымен Карл Маркс атындағы колхозға ауысты. Сол жерде ұлымыз Самат дүниеге келді. Көп ұзамай Құмарықтан да қоныс аударып, Жаңатұрмысқа көшіп келдік. Ерім қайда болса мен де сонымен бірге сол ауылдардағы мектептердегі шәкірттерге дәріс беріп, кейін бастауыш мұғалімі болып кәсібімді жалғастыра бердім. Біз Жаңатұрмыс ауылында көп тұрақтадық. 1986 жылға дейін сонда болдық. Қаныш Сәтбаев атындағы мектепте Ырысбала әпкеймен қатар бастауышқа сабақ бердім. Одан соң аудан орталығына көшіп келдік. Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектепке ұстаз болып педагогтық қызметімді одан әрі қарай жалғастырдым. Жанаркүл Садуақасова сынды сіңіліммен бірге төменгі сыныптарға дәріс бердім. Сөйтіп, осы жерден зейнет демалысына шықтым» дейді Мәдина әпкей ұзақ жолдан келген жолаушыдай терең тыныс алып.
Иә, ұстаз жолына үңіле отырып, оның жүріп өткен жолын көңіл сүзгісінен өткізіп қарасаңыз шаң-шаң боп, том-том боп ашылмай жатқан шежірені ақтарғандай боласың. Мәдина әпкей сияқты қаншама ұстаздың өмір жолы кейінгілерге беймәлім болып қалар ма еді, егер облыс орталығындағы үлкен ұстаздардың өтінішімен облыстағы мұғалімдердің педагогикалық антологиясын құрастырып, оны жарыққа шығару ісі қолға алынбаса. Расында, әпкей өзінің осыдан ширек ғасыр бұрынғы бірге жұмыс істеген Түзел Алагөзова, Пернехан Нұсқабаева, Жанат Өзбекова, Тоғжан Мәткерімкеліні, Әшіркүл Қотыроваларды есіне түсірер ме еді. Енді, олар тарихта қалады. Оларды кейінгі ұрпақ білетін болады. Міне, «Біздің Мәдина әпкей осындай кісі болған» деп мақтанышпен еске түсіретін болады.

С.Қожеке.

Поделиться ссылкой: