Дарабоз

624 Views

немесе Тұрар Рысқұлов ауданының Құрметті азаматы, Қазақ ССР-нің кәсіптік-техникалық білім беру үздігі, Қазақстан Республикасы білім беру үздігі, Қазақстан Республикасы білім беру саласының құрметті қызметкері, Ыбырай Алтынсарин медалінің иегері Ехматқұл Қасымбайұлы Нұрахаев туралы бір үзік сыр

«Адам баласы атақ-даңқы­мен емес адамгершілігімен, ай­наласындағыларға жасаған жақсылығымен есте қалады. Оның биік мансабы, байлығы уақытша нәрсе, қолдың кірі сияқты кетіп қалады. Сондықтан сенің ата-анаңа, жетім-жесірге жасаған жақсылығың мәңгілік» деп еді Шерағам Құланға бір келгенінде. Сол, қазақтың төлқұжатына ай­налған абыз аға да Баукең сияқты басына ноқта симай өмірден өтті. Бірақ оның артында ұрпағына деген өсиет сөзі, «бір кем» дү­ниелері қалды. Шерағаны мен текке еске алып отырған жоқпын, ол кісі Парламентке депутаттық­­қа кандидат болып түскенде се­німді өкіл болып жанында жүр­дім (С.Қ). Сол кезде Шерағам осы Ехматқұл басқаратын оқу орны­на да барды. Марқұм Шолпанқұл Рахметілдаевтың (техникум директорының орынбасары еді) үйінде болды. Сонда жұрт ырымдам: «Шерхан сияқты жаны таза, адал, ғұлама жазушы болсын» деп дүниеге жаңа кел­ген Шолпанқұлдың немересіне Шерхан деп ат қойып, баланы абыздың бұтының астынан өткі­зіп ырым жасағаны әлі есімде.
Иә, Ехматқұл (Ехмат) мен Мұхаметқұл (Мұқатай) екеуі әкесі Қасымбай мен шешесі Шәмсиядан қалған қос қарашық. Қарт ата-ана мұсылман жолымен жүріп кеңес өкіметінің кезінде де именбей намаз оқыды. Қазір олардың екеуі де фәнилік болып кеткен. Ехмат ауыл ақсақалдарының сұрауымен Шөңгер жұртына «Қасымбай ата» мешітін салып беріп, елдің батасын алды. Ағасы Мұқатай партком хатшысы, ауатком партия кабинетінің меңгерушісі болып ел көзіне іліне бастаған 49 жасында мәңгілік сапарға аттанды. Ол кісіден Есет есімді бір бала ғана қалды. Сөйтіп, Ехмат Мағлұм ақсақалдың тәрбиесін көріп өсті. Луговой орта мектебінде оқып, Алматыдағы халық шаруашы­лығы институтына түсті. Сөйтіп, инженер-экономист мамандығын алып Луговойға келді. Бір қызы­ғы, Ехматтың үш қызы мен бір ұлы да осы оқу орнын бітіріп, экономист деген мамандық алған. Бәрі қаржыгер, әкелерінің жо­лын қуып, өмірден өз орындарын тапқан. Мақсаты Алматы қала­лық мемлекеттік кіріс басқарма­сы бастығының орынбасары, ал, оның ұлы, яғни Ехматтың неме­ре­сі Санжар әзірге мединститут­тың магистранты, кардиохирург болатын ойы бар. Ехматқұл мен оның өмірлік жары Кеңескүлдің құдалары да бүкіл қазаққа аты мәлім кісілер. Алтынайы сенатор Жандар Кәрібаевтың, ал, Арда­ғы Сауат Мыңбаевтың келіні. Өкінішке орай екі құда да өмірден өтіп кетті. Бірақ қазақта: «құда мың жылдық» деген сөз бар.
Міне, осындай зиялы адамдар­мен араласып, ел аузынан түспей жүр­ген Ехматқұл зейнет демалысына шық­қан соң Алматыға қоныс аударды да ол туралы Құлан, Жамбыл өңірінде айтылып жүрген жағымды әңгіме­лер саябырсып қалды. Әйтпесе, оның 21 жылдан аса еңбек еткен Құлан ауылшаруашылығы колледжін­де­гі әріптестері (қазір Құлан жоғары агротехникалық колледжі деп ата­лады) оқу орнына оның атын бермекші де болған. Иә, оның жөні де бар еді.
«Оңтайландыру саясаты жүріп жат­қан кез. Үкімет қаулысына сәйкес колледж жабылып, оны Қордайдағы колледжге қосу туралы облыс әкімінің шешімі шығып қойған. Ата-аналар мен оқытушылар атынан Премьер Министр И.Тасмағамбетовке оқу ор­нын жаппау туралы хат жаздық. Сол кезде Жандар Кәрібаев Парламент­ке депутат болып сайланды. Сөйтіп, жоғарғы жақтағы талай есікті имен­бей ашуыма мүмкіндік туды. Сенаттың әлеуметтік саясат және жергілікті өзін-өзі басқару комитетінің төр­ағасы Ө.Озғанбаевтың, білім вице-минис­трі В.Демитовтың, кәсіптік білім беру департаментінің директоры С. Пірәлиевтің алдында болдым. Не керек, облыс әкімінің сол шешімі орындалмай қалды. Ақылы негізде оқытуға бұйрық шықты. Бәрі енді тынған шығар десек, ақылы оқуға байланысты шыққан бұйрықты жойып, жиналған ақшаларды қай­тару туралы аудан прокуроры сотқа арыз түсіріпті. Аудандық судья А.Тұрлымбетов біздің бағымызға қарай оңды шешім қабылдады. Сөй­тіп, оқу орны жабылмай қалды» дейді Е.Қ.Нұрахаев өткенді еске алып.
Иә, одан кейін де талай қиын түй­ін­ді шешуге тура келді. «Бірде түн ішінде: «жылу тоқтады» деген ха­бар жетті. Далада 23 градус аяз. В.Рогач екеуіміз келсек жоғарғы кернеулі кабель жанып кетіпті. Завхоз Жұмағалиды шақырттық. Қоймада қалған кабель бар еді. Төрт адам ұйқы көрмей таң атқанша 100 метр жерге кабель тарттық. Сөйтіп, апатты жағдайдан аман қалдық. Көктем шыға қазандыққа газ кіргіздік».
Міне, бұл Ехматқұлдың жиыр­ма бір жыл еңбек еткен кезінің бір-ақ эпизоды ғана. Әйтпесе, әр бөлімді ашу, оны мемлекеттік грант деңгейіне көтеру жолында қаншама тер төгілді десеңізші. Сонда Ехмат ауылдық кеңеске үш мәрте, аудандық мәслихатқа үш рет депутат болып сайланып, сай­лаушылардың да аманатын қатар арқалап жүрді. Тоқыма фабрикасы жанынан бір балабақша ашуға, Құлан ауылының батыс бөлігіндегі онға тарта көшеге су жүргізіліп, газ тартылып, жол салынуына ықпалын тигізді. Онымен қоймай Мәскеудегі, Санкт-Петербургтағы оқу орындарында білімде­рін көтеруге мұғалімдерді оқтын-оқтын жіберіп отыр­ды. Өзі де Тимирязев Академиясын оқып, бітірді.
Ол 1984 жылы ал­ғаш балама негізде оқу орнының бухгалтерлік бө­ліміне меңгеруші, одан соң директордың бірінші орынбасары, директор бо­лып сайланды. Ануарбек Шәймерденов сынды білікті басшының тәрбиесін көрді. Соңғы жолы директорлыққа ұсынылған 9 адамның ішінде топ жарып шығып, директор­дың креслосына отырды. Үл­кен­дер: «Өзің көтере алмай­тын шоқпарды мойныңа ілме» дейді. Ал, Ехмат Қасымбайұлы 2011 жылдың шілде айына дейін директорлық қызметті мінсіз атқарды. Оқу орнының облыс, тіпті республикадағы беде­лін арттырып, оның материал­дық-техникалық базасының нығаюына, студенттердің 9 кәсіп бойынша тамаша білім алуына жағдай жасай білді. Осы қызметте жүргенде оған Бармақ Орымбаев, Шолпанқұл Рахметілдаев, Қайшыбек Баймашев, Нұрбек Қабаев, Зәуреш Ермекова, Серік Күмісов, Қалан Атжанова, Роза Құрманбаева тағы басқа оқытушылар оқыту деңгейін жоғары сатыға көтеруге, оқу-тәрбие процесі кезінде жаңа технологияны пайдаланып, неғұрлым жақсы үлгірімге жетуге сүйеу бола білді.
Иә, заманымыздың заң­ғар жазушысы Шыңғыс Айтматов оқыған оқу орнын республика деңгейіне ғана емес, бүкіл түркі әлеміне танытуға Ехматқұл көп еңбек сіңірді. Оның эста­фетасын алған Жұмакүл Бүкірова да оқу орнының атақ-даңқын көтермесе төмендеткен жоқ. Десек те, Ехматқұлды замана жүгін көтерген дарабоз деп айтар едім. Өйтке­­ні, ол өзінің білімділі­гі­нің, ағартушылығы­ның арқасында Құлан жоғары агротехни­ка­лық колледжін ауыл шаруашылы­ғы мамандарын даярлайтын на­ғыз ұстаханаға ай­налдыра білді.

С.Қожеке.

Поделиться ссылкой: