Заманының заңғар тұлғасы

817 Views

Қай заманда болмасын ұлан-ғайыр кең өлкесі бар қазақ даласы апайтөс батырлар мен алмас тілді шешендерден, ұрпағының болашағын ойлаған ұлт қайраткерлерінен кенде болған емес. Сондай дара болмысты, есімі өзгелерден биік тұратын азаматтың бірегейі – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев.
Қазақы тектілік жайлы сөз қозғал­ған­да алдымен Қазақ хандығының іргесін қалаған Керей мен Жәнібек, одан кейін Қасым, Тәуке, Хақназар, Абылай, Кенесары хандардың есімі аталатыны белгілі. Неге? Өйткені, олар ұлт болашағы үшін сан қилы тәуекелдерге барып, еліне, жеріне аянбай тер төгіп қызмет етті. ХХ ғасыр басында дүниеге келіп, баба аманатына қылаудай дақ түсірмеген әрі туған халқының тұрмыс-салты мен әл-ауқатының жақсаруына өз септігін тигізген ұлт жанашырының бірі сөзсіз Димаш Ахметұлы. Димекеңнің ұлтқа қалтқысыз қызмет еткенін қоғам қайраткері Асанбай Асқаровқа айтқан мына сөзінен-ақ аңғаруға болатындай.
«Орысты ренжітсең Мәскеуге шабады, қазақты ренжітсең қайда шабады? Өзіңнің алдыңа айналып келеді, Асанбай. Орыстың артында тұрған Мәскеуі бар. Қазақтың артында Мәскеуі жоқ, қазақтың Мәскеуі – біздерміз Асанбай, қолыңнан келгенше қазақты жылатпауға тырыс, қорлыққа берме. Қорлыққа көнген халық зор­лық­қа да көнетін иіс алмас, ынжық болып кетеді. Ұлт өзінің мүддесін өзі қорғай алатын дәрежеге жетуі керек. Кезінде қазақтың жанын сақтап қалсақ дедік қой, біз ол дәуірден өттік. Енді қазақтың рухын, намысын сақтауымыз керек» депті Димаш ақсақал. Міне, қазақы намыс, ұлтты шексіз сүю деген – осы.
Ақын Күләш Ахметова бір өлеңінде:
– Қазақты жамандама қазақ бала,
Қазақ деген халық қой аз-ақ қана.
Қашанда Ай астында, Жер үстінде,
Қазақтың жанашыры қазақ қана,- деп жырлайды. Меніңше, Димаш Ахметұлы қазақ ұлтының нағыз жанашыры болған тұлға.
Дінмұхамед Қонаевтың Ұлы дала төсіне 47 қала салып кеткенін осы күні біреу білсе, біреу білмейді. Алматыны ару қала статусына жеткізген де Қонаев еді. Қылышынан қан тамып тұрған кеңестік кезеңде 40 жылға жуық ел басқарып, ұлттың мүддесін қорғады. Сондықтан болар, қазақ халқы оны Димаш деп көкке көтеріп, ардақ тұтты.
Димаш ақсақалдың елімізге таны­мал көптеген азаматтардың рухани қол­даушысы болғаны жайлы да баспасөз беттерінде жиі жазылып жүр. Қонаевтан ағалық қолдау көрген жанның бірі, Қазақстанның халық артисі Нұрғали Нүсіпжанов.
Еліміздегі республикалық басы­лымдардың біріне берген сұхбатында Нұрағаң дүйім елдің Димашының адамгершілік болмысы хақында тұшымды ой айтады. Әңгімеден түйгеніміз, ол кезең Димаш Ахметұлы зейнетке шыққан тұс. Бір кездесуден соң Нұрғали інісіне Димекең оңашада қалып сөйлесуге ұсыныс жасайды. Біраз шүйіркелескен соң:
– Нұрғали, мен сені түсінбедім,- депті Димаш Ахметұлы. «Не бүлдіріп қойдым екен?» деп әнші қатты абыржиды. Сонда: «Мен қызметте жүргенімде қабылдауымда екі рет бол­дың. Не қызмет, не үй сұрамадың. Не деген адамсың?» дейді інісіне өкпелеген сыңай танытып. Іші қопарылып кетеді Нұрағаңның. Одан әрі қарайғы сөзін:
– Сен ауылдан келген қойшының баласысың. Тіреп тұрған ешкімің жоқ. Сенің осы күнге жету үшін қалай қиналғаныңды шамалап тұрмын. Менің алдыма келгеннің бәрі үй сұрайтын. Ешкімнің меселін қайтармадым. Бала-шағасы бар адам солардың ер­теңін ойлауы керек. Олардың мате­риалдық жағдайын жақсартып беру әрі-беріден соң сенің міндетің,-деп қорытындылайды Димекең. Сосын бұл ыңғайсыз жағдайдан екеуін де алып шығу үшін әнші Нұрғали әңгіменің төркінін қалжыңға бұрып:
– Көке, менің жолдастарымның бәріне қызмет беріп, бастық қылдыңыз. Менің жағдайымды солар жасайды деп сендім» деген жауап қайырады. Менің айтайын деген ойым Нұрағаңның қалжыңы емес әрине. Абзал ағаның сырлас інісіне деген қамқорлығын айтсаңызшы… Нағыз жанашырлықтың шынайы көрінісі осындай болса керек. Тізе берсек, Дінмұхамед Қонаев жайлы мұндай естеліктерді көптеп жазуға болады.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсын­ұлының: «Алашқа аты шыққан адамдар! Көсемдіктеріңді адаспай түзу істеңдер. Сендер адассаңдар – арттарыңнан алаш адасады, арттарыңнан ергендердің обал-сауабына сіздер қаласыздар» деген өнегелі сөзі бар. Біздіңше, Дінмұхамед Қонаев осы ұстанымды қызметтік жолында берік ұстанған жан. Себебі, Димекең өзі айтқандай, «Қанша биікке көтерілсе де туған халқынан төмен» екенін ұмытқан жоқ.

Тақырыптың тоқ етері: Ауданымызда Дінмұхамед Қонаев­тың атындағы ауыл бар. Бұрын ол Юбилейное ауылы болатын. Аталмыш ауылдың атауы өзгеріп, оған 47 қала салған арыстай аза­маттың есімі берілгенде, аудан жұртшылығы, осы елді мекеннің тұрғындары бөріктерін аспанға лақтырып, қуанды. Бүгінде Дінмұхамед Қонаев ауылының кел­беті жыл өткен сайын жаңғыра түсу­де. Бір әттеген-айы, текті тұл­ғаның тегімен аталатын ауылдың тұр­ғын­дары көгілдір отынға қол жеткізе алмай отыр. Осы мәселе кейінге шегерілмей өз шешімін тапса нұр үстіне нұр болар еді. Тағы бір айтайын дегенім, «Алматы-Ташкент» күре жолының бойында, яғни осы ауылға бұры­латын тұста үлкен көрсеткіш тақ­та тұр. Ондағы «Юбилейное» де­ген сөздің орнына «Қонаев» деп жазылуы керектігі жайлы бұ­рын да газет бетінде жазылған бола­тын. Бірақ, бұл жазу «баяғы жартас сол жартас» дегендей, әлі өзгермей тұр. Осыдан соң бұған жауапты тиісті орган немесе сала басшылығы дұрыс жағынан түсініп, бильбордтағы жазуды шұғыл түрде өзгертсе тіпті қуанар едік. Есті сыннан нәтиже болады деп үміттенеміз.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: