756 Views
Қазақ бала тәрбиесіне келгенде немқұрайлық танытпаған. Атқа мінер жасқа таяп қалғанда әкесі баласының қолына қылыш ұстатып, өз жерін, туып-өскен өңірін, ата-анасын, бауырларын жау қолынан қорғап қалуға үйреткен. Бұл сол кездегі қағаз бетіне түспеген, қатаң қағидаларды түстеген иен даланың еш өзгертуге келмейтін заңы болатын. Бірақ, соңғы кездері неге екені белгісіз? Бәрі керісінше. Бойымызға батыс менталитетін шамадан тыс сіңіріп алдық па, әлде дұрыс тәрбие беруден қалдық па? Әйтеуір санамызда сең соққан балықтай сергелдеңге түскен сұрақ көп… Ендеше туындаған сан алуан сұрақтың жауабын табу үшін тақырыпты тереңірек тарқатайық.
Шегендеулі тұрған шекарамызды қорғау үшін ең алдымен сапалы қару-жарақ, ақаусыз қызмет ететін жаңа әрі заманауи әскери техникалар қажет. Сондай-ақ, бұл қатарға сол құрылғыларды барынша меңгерген, елім деп ет жүрегі елжіреген, өр рухты, денсаулығы мықты, халық үшін әрдайым кеудесін оққа тосуға даяр тұратын жауынгерлерді де қоссаңыз болады. Дейтұрғанмен, соңғы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, кейінгі жылдары әскерге өз еркімен баруды қалайтын жастардың қатары сиреп барады. Бір сөзбен айтқанда, аталмыш буын өкілдерінің бір бөлігі Отанды қорғауға құлықсыз. Бұған нендей факторлар әсер етуі мүмкін? Туындаған сауалдың жауабын білу үшін біз аудандағы Қорғаныс істері жөніндегі бөлімге арнайы бардық. Аты аталған бөлім басшысының міндетін уақытша атқарып отырған лейтенант Аязбек Асановпен тілдестік. Тілдесу барысында Аязбек Құдайбергенұлы өткен жылы аудан бойынша атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталып, әскерге шақыру науқанының қорытындысын баяндап берді. «Ел аумағын қорғау әрбір отандасымыздың тікелей міндеті. Айта кету керек, біздің бөлім 18-27 жас аралығындағы жастарды іріктеумен, әскерге жөнелтумен айналысады. Өткен жылы Тұрар Рысқұлов ауданы әкімінің «2020 жылғы наурыз-маусым және қыркүйек-желтоқсан айларында азаматтарды мерзімді әскерге шақыруды ұйымдастыру және жүргізу туралы» Қаулысына сәйкес, тиісті жұмыстар жүргізілді. Барлық көрсеткіштерді өз деңгейінде орындай алдық. Ол үшін атсалысқан ауылдық округтердің әкімдік қызметкерлеріне өз атымнан алғысымды білдіремін. Әсіресе, Ақниет, Көкдөнен, Жаңатұрмыс, Луговой ауылдық округінің әкімдігіне айтар алғысымыз шексіз. Дейтұрғанмен, белгіленген межеге жете алмай, тапсырманы тиісті деңгейде орындай алмай келе жатқан округтер де баршылық. Олардың қатарына Қайыңды, Өрнек, Құлан ауылдарын жатқызуға болады» – деп кеткен кемшіліктерді де тілге тиек етті. Міне, бөлім басшысы міндетін уакытша атқарып отырған азаматтың осы бір сөзінен қай округтің жастары әскерге баруға құлықты, қайсысы құлықсыз екенін топшылай беруге болады.
Аязбек Құдайбергенұлы әскерге шақырудан белгісіз себептермен жалтарған азаматтарға қандай жаза қолданылатынын да әңгіме барысында сөз етті. «Қазіргі таңда шақыруға белгісіз себептермен келмей, яки қашқан жастарға шекті мөлшерде өз жазасы бар. Мәселен, дәл сондай құйтырқы әрекетке ерік берген жеткіншектерге қылмыстық іс қозғалады. ҚР-ның Қылмыстық кодексінің №387 бабы бойынша әскери қызметтен жалтарған азаматқа 1 мың айлық есептік көрсеткіш деңгейінде айыппұл салуға немесе 1 жыл мерзімінде бас бостандығынан айыруға толықтай негіз бар. Сондай-ақ, шақырылушы өз денсаулығына қасақана зиян келтірсе, денсаулығына жалған түрде шағымданса, әскери қызметтен жалтару үшін жалған құжат ұсынса, 3 мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады немесе 3 жыл бас бостандығынан айырылады» — деп қолданылатын жазаны жік-жігімен саралап берді.
Жастар неге әскерге баруға құлықсыз? Жоғарыда қойған осы бір сауалымызға Аязбек Құдайбергенұлы былай деп жауап берді:
– Менің ойымша, әскерге барудан жалтаратын баланың отбасында тәрбие дұрыс берілмейді. Яғни, оның ортасында Отанға деген адалдық, сүйіспеншілік дұрыс деңгейде дәріптелінбейді. Бұл – бір. Екіншіден, оның отбасындағы әкенің рөлі әлсіз деп топшылауға болады. Отан алдындағы борышты өтеу керектігін санасына қазық қып әке айтпағанда кім айтады?! Үшіншіден, қазіргі жастардың басым бөлігінің денсаулығы жоғары деңгейде емес. Дәл бүгінгі таңда іріктеуден іркілмей өтетін, 100 % әскерге жарамды жастарды табу — қиынның қиыны. Мен үшін әскери билет жоғары оқу орнының дипломымен бірдей. Қолында аталмыш құжаты бар азамат әскер, құқық қорғау және осы типтес құзырлы органдарда емін-еркін қызмет ете алады. Бұл – болашағыңды бағамдауға, тұрмысыңды тіктеуге таптырмас мүмкіндік – деп өз ойын білдірді. Біздіңше, бұл ой дұрыс әрі санаға әбден қонымды деп есептеймін.
Иә, бүгінгі таңда әскери міндетін өтеп келіп, құқық қорғау, төтенше жағдай, әскери салаларда тынымсыз еңбек етіп жүрген жандарды көп кездестіруге болады. Ендеше сол жандардың қатарына қосылуға ешбір кедергі көріп тұрғанымыз жоқ. Тек ынта мен табандылық бойыңызда болса болғаны.
АЙТАЙЫН ДЕГЕНІМ: Әрине қатардағы жауынгерлердің санының аздығына тек жастарды кінәлау әбестік. Маған сеніңіз, оған әсер ететін келеңсіздіктер де жетерлік. Қандай дейсіз ғой? Біріншіден, үйдегі көк жәшікті қоса қалсаңыз болды, ара-тұра сан түрлі суыт хабарларды естуге мәжбүрміз. Солардың арасында әскерге қатысты жайттарды да құлағымыз шалып, көзіміз көріп жатады. Жасыратын несі бар, «Отанды қорғаймын» деп әскерге аттанған жас сарбаздардың үйге қара табытпен оралып жатқанын естіп жатамыз. Бұл әрине баласын әскерге аттандырғалы отырған ата-ананың ойын өзгертетіні айтпаса да белгілі. Сондықтан да, бар кінәні тек жастарға ғана артып қоймай, әскер ішіндегі тәртіпті де дұрыстағанымыз жөн болар…
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.
Поделиться ссылкой: