717 Views
Әлекеңді саяткерлікке құмар деп ойламаппын. Қазақтың төбе биі Төле би тоқтаған Ақыртөбе жұрты оның ата-бабасы қазық қаққан алтын бесігі. Әлен Әлімқожаұлын бұған дейін аудан депутаттарының бел ортасынан жиі көруші едім. Өзі де шыбығы түзу шынар ағашының бұтағындай болып, бірде құрылысшылардың, енді бірде кәсіптік білім саласы азаматтарының бел ортасында жүретін. Олай деуімнің себебі де бар…Қазір ол кісі желмая мінетін жетпіс жаста. Дәлірек айтқанда, зейнетке шыққан. Зейнетке шықса да қора жағалап, қамыс құлақ күліктерді баптап жүріп жатқан жайы бар екен.
Ол өзі мақтанғанды да, мақтағанды да аса ұнатпайды. Бірақ, халық қалаулысы болып жүргенде кесіп айтатын кесек сөзі әлі қалмапты. «Тура биде туған жоқ. Туғанды биде иман жоқ» демей ме? Әлекең Ақыртөбеге әкім болғанда да, РСУ, «Сенім» ассоциациясын басқарғанда да көкірек көтерген жан емес. Бірақ дауылдай мінезі де жоқ емес, ондайда шенің мен шекпеніңе қарап жатпай халықтың қамы үшін атқарылатын міндет болса, отқа да, суға да түсе жаздайтын. Қазір сол мінездің бәрі желі жоқ диірмендей басылған. Көкірегін жарып, жүрекке ота жасатқалы мінезі пәс, бірақ оның бір ермегі бар. Ол қорасындағы сәйгүліктері. Олардың жанына барса болды, алақұйындай боп көтерілген ашуы әп сәтте басыла қалады.
«Адам жылқы мінезді» деген сөз рас-ау. Ат қорасы мен атақонысындағы жүзге тарта асыл тұқымды жылқылар қосынын аралап келеміз. Әлекең: -Мынау атақты француз айғыры Лассо. Польшадан сатып әкелгенімізге жеті жыл болып қалды. Өзі он жаста. Алыс-жақын қашықтыққа шауып, жеңіп алған үш халықаралық жүлдесі бар. Бәрінде де бірінші орын алған,-деп ол диникте сабырлы қалып сақтап тұрған тұрқы биік, аққу мойынды ақбоз айғырды барып жалынан сипады. Жануар иесін танып, оқыранып тұр. «Біздің қожалықта 22 бас таза қанды ағылшын жылқысы бар. Бәрінің заңды құжаттары міне» деп қолтығына қысып ұстаған пәпкідегі қағаздарын көрсете бастады. Біз осы кезде «Лирик» деген ағылшын айғырының жанына келіп қалған едік. Саяткер Мақұлбек Апайтөсов барлық сәйгүліктердің ата тегін жатқа біледі екен. Оларға берілетін азықтың рационын да жіпке тізгендей айтып тұр. Асхат Суанбеков қожалықта он бес жылдан бері ат бағушы болып істейді. Сондықтан болар, оны арғымақтар анадайдан таниды. Атбегі Дархан Сейітбеков «Ақ ниет» атты бесті биені сауырынан сипап тұрып: «Бұл Меркінің «Ар-Ас» шаруа қожалығындағы «Қасиет» деген айғырдың қызы, ал, мынау өзіміздің Луговой жылқы зауытындағы Термиттің қызы, лақап аты – Тамшы» дейді маңдай тұсында тұрған тамшыдай болып көрінген ақ дағын көрсетіп. Тамшы десе дегендей-ақ екен, өзі де тыпыршып, бір орында байыз таппай тұр. Бәрінің атағы, бәрінің даңқы бар. Бірақ, адам сияқты көкірек қағып, мақтануды білмейді. Алайда қазақ атам: «Жылқы –мақтан, қой – байлық, сиыр – асыраушы» деп тауып айтқан ғой.
Біз қыл құйрықты тұлпарлар тұрған атқорадан шығып, құм жиегіне жақын орналасқан бұрынғы «әскери бөлім» деп аталып кеткен қонысқа келдік. Мұнда Әлекеңнің айтуына қарағанда «жартылай қанды» жылқылар бағылатын көрінеді. Осындағы 15 түйе мен 15 сиырға, 70 жылқыға Жасұлан Майсұпов әйелі екеуі бас ие екен. Қолында құрығы, қонышында қамшысы бар бақташыны көрген адам анадайдан жыға танитынына күмән келтірмесеңіз де болады.
Осынау бархан-бархан құмға иек артып тұрған Мойынқұм жиегіндегі өріске тұяғы мұқалмас тұлпарлар жайылып шығып барады. Осындайда дауыл жырдың дүлдүлі Дулат Бабатайұлының: «Жоның жайлау кең алаң, Атам қонған иен далам» деген жыр шумақтары еріксіз езуіңе оралады екен. Ақыртөбені сәйгүліктер мекеніне айналдырған томаға тұйық Әлағам сонау бір қиянға ойлы жанарымен қарап қалыпты. Мен Дулат жыраудың толғауынан үзінді келтіріп, оны жылқы мінезді жігіт ағасына оқып бердім: «Тай туып, тайлақ қайыған, Тоқты қоздап байыған, Малың қысыр қалмаған, Қулығың құлын салмаған»…
Әлекең: «Мынауыңыз бұрын-соңды мен естімеген шумақтар екен. Пай-пай, десеңізші, мынау қаймағы бұзылмаған нағыз қазақтың сөзі ғой. Ілгеріде осындай оябы бөлек сөздерді әкемнен естуші едім. Менің атқұмарлығым да сол әкемнен, атамнан қалған» деді тебіреніп. Ол ойы «ұшып» кетпесін деді ме, сөзін әрі қарай сабақтап: «Секе, біздің Құлан, Ақыртөбе өңірі саяткерлерге, тегі аты алты Алашқа мәлім сәйгүліктерге бай ғой. Мәселен, Көгершінде Мейірбек Ахметов деген саяткер жігіт бар. Президент кубогын алған атақты «Қозыкүреңнің», Семейде Абай Құнанбаевтың 150 жылдық мерейтойында бас бәйгені алған «Көк биенің» бапкері. Мейірбекті бүкіл Қазақ жұрты біледі десем қателеспеймін. Ал, Есбол Жапбасовтың «Самал» атты сәйгүлігі екі дүркін «Алтын тұлпар» бәйгесін жеңіп алды. Айта берсем, Құлагерге татитын тұлпарлар санатына Абсентті неге жатқызуға болмайды? Менің көптен бері көкейімде жүрген бір тұмса ой бар. Ол ауданда атбегі-саяткерлер одағын құру. Осы ойымды аудан жұрты, әсіресе ат әуесқойлары тегіс білсе деймін. Өйткені, ат спортының келешегіне бейберекет қарауға болмайды ғой». Әлекең шерін тарқата сөйлеп, сәйгүліктер мекеніне айналған сары далаға аса бір сағыныш сезіммен қарады.
Зейнеткер Әлен Әлімқожаұлы Сейітбековпен сол жоталы жонда қош айтысып жолға шықтық. Ойымызға он сан ой келіп Көгершін алқабын, Шал тауы мен Сұмқайты, Ой жайлау мен Көл жайлауды сағына еске алдық. Сонда тұлпарлар тұяғы мұқалмаса екен, Луговой жылқы зауытының, жалпы Құлан өңірінің атағы мен даңқы алысқа жетіп жатса жұрттың жамауы болып, жабуын тоқығанымыз емес пе, ағайын!
С.Қожеке.
Поделиться ссылкой: