Кітап оқуды қалай трендке айналдырамыз?
Кітап оқу – терең талғам мен риясыз руханияттың өлшемі. Кітап оқу арқылы оқырманның пайымды парасаты, сергек санасы, кемел көзқарасы қалыптасады. Небір сырлы сезімдерді сөз құдіреті арқылы талай жанның жұмыр етінен өткізіп, жан жүрегіне жеткізетін де – осы ақылдың қазынасы кітап. Бірақ бүгінде кітап оқу үрдісі төмендеп, сөрелердегі «асыл мұраларымызды» шаң басып тұрған жайы бар. «Кітап оқымау – заман көшінен қалмау» деп түсінетін жастардың бір толқыны қалыптасып та үлгерді. Қазыналы қариялар мен аға буын өкілдерінің «Біздің кезде» деп басталатын әңгімелері «Қазір жастар кітап оқымайды» деген сөзбен аяқталып жүргені де осыған саяды. Шынымен, қазіргі таңда жастар неге кітап оқуға құлықсыз? Кітап оқу үрдісін қалай трендке айналдырамыз? Жастар күні бойы телмірген телефонды іші кеніш кітапқа ауыстыра аламыз ба? Міне, осы сұрақтар төңірегінде жауап іздеп, сала мамандарымен, жастармен аз-кем тілдесіп едік. Кітап адамның жан дауасын нұрландырады, ақыл-ойын көкке самғатады. Өмірдегі түйіні күрмеулі мәселелердің шешімін кітаптан табуға болады. Алайда кітаптың осы бір қырын өз пайдамызға жарата алмай, ішкі талғамның бәсін төмендетіп алған секілдіміз. Ал аудандық орталық кітапхананың қызметкері Айгүл Жиенбаева жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру керек дейді.
– Кітап оқу мәселесі бүгінде екіұдай ойға қалдырады. Себебі, қазіргі кезде біз «Жастар кітап оқымайды» деген сөзді жиі айтатын болыппыз. Өзім қатарлы жандардың «Кезінде біз кітапты қолдан қолға түсірмей оқушы едік» деген сөздері жауыр болды. Әрине, кітап оқу үрдісі тым төмендеп кеткенін мойындамасқа лаж жоқ. Бірақ жастарды осы сыпатты сөздермен тұқырта беруге болмайды. Сонымен бірге оларға бұл тұрғыда кінә артуға да болмайды. Асылық болмасын, қазір жастар мүлдем кітап оқымайды деген пікірге түбегейлі қарсымын. Кітапты ынтығып тұрып, «тойымсыздана» оқитын жастардың легін де жақсы білемін. Сонда да бұл талапты жандардың қатары көбейе түскенін қалаймын. Бұл тұрғыда балаға кітап оқытудың оңтайлы әдіс-тәсілдерін ойлап табуымыз керек секілді. Қайткен күнде де, кітапқұмар жандардың өсетініне әсте сенімім зор, – деген Айгүл Жиенбаева бұл мәселеге немқұрайдылықпен қарамауға шақырды.
Ал бұл салада аянбай еңбек етіп келе жатқан Мөлдір Керімбаева бар мәселе отбасыда деп түсінеді. Ата-ананың басты парызы – баланың бойына тағылымды тәрбие мен өміршең өнегені сіңдіру. Ал сол тәрбиені кітап оқу арқылы ұқтырса, нұр үстіне нұр болары хақ. Кітапта ақыл-кеңес, ойлы орамдар, пайымды пікірлер әдеби тілмен майдан қыл суырғандай жазылады. Ал бала соны санасына сақтап, өмірге жаңа қырынан қарай бастайды. «Көркем әдебиет – өмірдің айнасы» деген пікірдің шынайылығы осы тұста байқалады. Мөлдір Керімбаева отбасындағы бала тәрбиесін айта келіп: «Баланың дұрыс өсуіне ықпал ететін басты факторлардың бірі – кітап оқу. Ал бала кітап оқығысы келмесе ше? Біз балаға «кітап оқы» дегеннен гөрі өзіміз көрсетуіміз керек. Сонда ғана бала саналы түрде түсінеді. Ата-анасы кітап оқыса, ол да оны әдетке айналдырады. Телефонның құрсауында болған баланы кітапқа «кіріптар» етеміз. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген даналық сөздің алғаусыз ақиқат екенін осындайда ұғынасың» – деп өз ойын білдірді.
Кітап оқу – адам жанының ізгілікке алғашқы қадамы деп білетін жастардың саны да аз емес. Солардың бірі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті филология және әлем тілдері факультетінің 2 курс студенті Мырзатхан Танжира. Мырзатханның айтуынша, бүгінде кітап оқудың тиімді тәсілдері қолға алынып, техникалық тұрғыдан прогресстік бағытта келе жатыр.
– Жаһанданудың жағымды жаңалықтары кітапхана ісіне де кіріккен-ді. Қазіргі таңда кітап оқу үшін кітапханаға барудың, кітап сөрелерінен өзіңе керектіні іздеп уақыт құртудың қажеті жоқ. Себебі, оқығың келген кітапты ұялы телефоның арқылы тауып, білім көкжиегін кеңейтуге болады. Мысалы, «ikitap.kz», «kazneb.kz» рәуішті сайттарға кіріп, өзіңе қажет кітапты сол жерден тауып аласың. Студент болған соң, кейде сабақтан қол босамай, кітапханаға баруға да мұрша болмай қалады. Сол кезде жоғарыда айтып өткен платформалардан қажетті кітаптарды тауып, өз пайдама асырып жатамын. Алайда кітапханаға барып, асыл қазынаның ортасында отырып, кітаптың сарғыш тартқан парақтарын ақтарып оқыған жанға ләззат, көңілге көрік сыйлайды, – дейді студент Мырзатхан Танжира.
Оқырмандарды кітапханаға тарту, жастардың кітап оқуға деген ынтасына сеп болу мақсатында аудандық орталық кітапхана ұдайы іс-шаралар ұйымдастырады. Оның талай рет куәсі болдық. Сазгер Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінің ғимаратында орналасқан аудандық кітапхана қорында 16000 кітап бар. Оның 11000-ы қазақ тіліндегі, ал 5000-ы шет тілдеріндегі кітаптар. Осындай ауқымды кітап қоры бар рухани мүкәммалы тасыған жерге жастар өте сирек келетінін кітапханашылар жасырмады. Осы жөнінде аудандық орталық кітапхананың қызметкері Мөлдір Керімбаева санаға ойтүрткі тастады: «Адамдар ауруханаға баруы – заңдылық, себебі ол – денсаулықтың кепілі. Адамдар мектепке баруы – заңдылық, себебі ол – білімнің кепілі. Ал кітапханаға бару – рухани күшіміздің кепілі емес пе? Бұл да заңдылыққа айналу керек қой. Бүгінде көптеген адамдар өздерінің ішкі жан дүниесінің кемелденуіне ешқандай әрекет жасамауы қынжылтады. Бұл ақыр аяғы адамның «рухани кембағал» болуына әкеліп соғатыны бесенеден белгілі».
Кітап оқу адамның дүниетанымын кеңейтетіні сөзсіз. Жоғарыда айтқан мәселелердің дені жастардың кітапқа деген қызығушылығы турасында болды. Жастар кітап оқымайды деп кесіп айтуға болмайды, бұл қате пікір. Алайда кітап оқу мәселесінде қатарластарымның кітап таңдау талғамы мүлдем бөлек. Олар көбінесе өмірге құштарлықты арттыратын, өмірдің мәнін түсіндіретін мотивациялық кітаптарға ден қояды. Ал менімен пікірлестердің әдеби, философиялық кітаптарға деген «махаббаты» бөлек. Бірақ та мотивациялық кітаптарды құптайтын жандардың саны едәуір көбірек. Тіпті, кітап дүкендерінің төрінде аты белгілі-белгісіз жазушылардың осы бағыттағы кітаптары тұрады. Ал саналы жан иесінің талғамын тереңдететін, ой-санасын өсіретін жауһар туындылар аядай ғана бұрышта «жетімсіреп» тұрғанын көрдік. Бұл, әрине, кітап дүкендерінің оқырман сұранасына сай жұмыс істеп жатқандығының көрінісі. Алайда мына алмағайып заманда көркем әдебиет пен іскерлік әдебиеттің орнын ауыстырып алмасақ игі еді. Арзан мен маржанның, жауһар мен жылтырақтың парқын білсек керек-ті. Сонда ғана оқырманның талғамы мен таңдауына селкеу түспейді, кітапқа деген махаббатамыз мәңгі сөнбейді.
Ақымет ҚАМШЫБЕК.