Жақсылықта да өзекті мәселелер жеткілікті

559 Views

Көкдөнен ауылдық округінің әкімі Төлеген Атабаевтың Жақсылық ауылында өткен жылдық есеп беру жиналысында да өзекті мәселелер қозғалды. Иә, Төлеген Алпамысұлы өз ісіне тиянақты әкім. Ауылдық округ бойынша көптеген істер атқарылғанын өз баяндамасында тілге тиек етті. Алайда, жарыссөз барысында Әсемқұлов Боқай есімді ауыл тұрғыны «Жақсылықта интернет жылдамдығының төмен екенін, елді мекенде орналасқан байланыс мұнарасы жұмыс істемейтінін» мәселе қылып көтеріп, сауал қойды. Тұрғынның сауалына ауылдық округ әкімі «Бұл мәселе жөнінде қазіргі таңда жұмыс істеп жатырмыз. «Transtelecom» және «Newtelecom» компанияларының ауылға интернет желісін тартып беруін сұрап, жағдай айтқан болатынбыз. Қазіргі таңда ауылға интернет орнату­дың арнайы техникалық жолдары қарастырылып жатыр. Елді мекенді интернет желісімен келесі айда толық қамтамасыз етуді көздеп отырмыз» деген жауап қайтарды. Жарыссөзде сұрақ қойған келесі бір тұрғын Рахметова Қарлығаш. Ол округ әкіміне: «Жақсылық ауылындағы Тау самалы көшесі көктем мезгілінде батпақ болып, содан жүре алмай қалатын кезіміз көп. Соған ықпал жасап, тас төсеп берсеңіз» деп сұрақ қойды. Төлеген Атабаев «Тау самалы көшесін асфальттау жоспарда бар, бірақ одан бұрын шешімін таппай тұрған мәселе – ол жердегі үйлер орналасқан жерлерді кезегімен беріп құжаттарын рәсімдеу. Жер мәселесін толық шешіп алсақ, жол мәселесін міндетті түрде қарастыратын боламыз» деді. Төлеген Атабаевтың тарапына қойылған сұрақтар мұнымен толастамады.
Мәселен, Ұябаев Сәкен есімді тұрғын «Ауылдың батыс бөлігінде орналасқан тұрмыстық қатты қалдықтар тастайтын орынға мал өлекселерін тастап жатыр. Осы мәселе жіті бақылауға алынып, арнайы өлексе тастайтын орын болса, ауыл тұрғындарына қолайлы болар еді» деп ұсыныс-сұрақ жолдады. Төлеген Алпамысұлы «Тұрмыстық қатты қалдықтар тастайтын орын өлексе тастауға қаралмаған. Сондықтан онда тастауға тыйым салынады. Өлексе тастайтын орын Құлан ауылында ғана бар, біз тек сонда барып тастауымыз қажет. Өткен жылы жылқы өлігін тастаған бір адамды арнайы Құлан ауылындағы өлексе тастайтын орынға мәжбүрлі түрде алып-барып, өлексені тастатқызған болатынбыз» деп жауап қайтарды. Ал Әнуарбек Тұрманбетов болса «Ауылда жер кезегінде тұрған отбасылар саны аз емес екенін айтып, оларға жер беріле ме?» деген мәселені көтерді.  Ұлағатты ұстаз көтерген мәселе өзінің басты назарында екенін айтқан ауылдық округ әкімі «Жер кезегінде тұрған Жақсылық ауылы бойынша 20 адам бар. Қазіргі таңда ауылдың шекарасын кеңейту мәселесі қаралып жатыр. Ауылда орналасқан шаруа қожалық басшыларымен келісіп, ауыл маңындағы жерлерді мемлекет мен­шігіне қайтарып жатырмыз. Осы жұмыс­тар аяқталған соң кезек бойын­ша жер берілетін болады» деді. Жина­лыс­та Жақсылық ауылына мәдениет үйін салу мәселесі де көтерілді. Ауыл­дағы кірпіш зауытының батыстан жел соққан сәтте шаңы бұрқырап, бар­лық маңайға «зәһәрін» шашатыны да айтылды. Төлеген Атабаев «Көп алғысы көгертер» деген баба сөзін қа­перге алса, бұл мәселелерге қатысты жұмыс атқаруына тура келеді. Есепті жиналыстың соңында «Қайқы» ша­руа қожалығының басшысы Сәтжан Мамырбаев сөз сөйлеп, әкім есебін қанағаттанарлық деп бағалады.
Ал Көкдөнен ауылдық округіне қарасты Құмарық бекетінің жұрт­шылығы әкімнен бір-ақ нәрсені сұ­райды. Ол – жол мәселесі. Адам са­ны­на шаққандағы тұрғындардың санын есептесек, «болашағы жоқ ауылдардың» санатына кіретін бұл бекетке жол салу неғайбыл секілді көрінеді. Төлеген Атабаев өз есебінде бекет тұрғындарына бұл жайтты жан-жақты түсіндіріп берді.

Марат Жолдасбекұлы.

Поделиться ссылкой: