Халық сөзі орынды
Өткен жұмада аудан әкімі Ерболат Садырқұловтың 2020 жылы атқарылған ауқымды жұмыстар төңірегіндегі кезекті есеп беру жиналысы орталықтан шалғай жатқан Қайыңды ауылдық округінде жалғасын тапты. Ауылдық клуб ғимаратында өткен әкім есебіне қайыңдылықтар әдеттегідей белсенділік танытып, уақтылы жиналды. Карантин талаптары мұнда басты назарға алынып, індетке байланысты жұртшылық бетперде тағып отырды. Жиында ең алдымен ауылдық округтің әкімі Азамат Асанбай сөз алып, тышқан жылында атқарылған баянды тірліктердің ретін жіпке тізді. Одан кейін мінбеге көтерілген аудан басшысы Ерболат Салқынбекұлы жергілікті жұртшылыққа өткен жылғы оң шешімін тапқан игі істерді баяндап берді.Қайсыбір жылдары аудан әкімінің жылдық есеп беру жиналыстарында қайыңдылықтар көгілдір отынның жайын айтып, өздерінің сұрақтарын жаудырушы еді. Қазір Қайыңдыға көгілдір отын келген. Электр жарығынан бұл ауылда айтарлықтай проблема жоқ деуге болады. Ауыз су мәселесі де түйткілді сұрақтардың бірі болатын. Алайда, бұл да өз шешімін тауып, қайыңдылықтар бүгінгі таңда таза ауыз суды тұтынып отыр. Газ бен ауыз су мәселесі толықтай шешілгендіктен есепті жиында жергілікті тұрғындардың сауалдары мейлінше аздау болатын шығар деп топшылағанбыз. Алайда, округ тұрғындарының әкімге қояр сұрақтары таусылмады. Жиынға қатысушылардың көпшілігі таудан келетін судың аздығы шаруаға өз кедергісін тигізіп отырғандығын айтады. Жыл сайын өтетін есепті жиналыста өткір сөйлейтін ауыл ақсақалы Әбілда Нұржанов бұл жолы Ақыртасқа баратын жолдың жырын айтып, ауылдық округтің әкімі Азамат Асанбайдың іскерлігіне көңілі толмайтынын жеткізді. Одан кейін Қайыңды ауылдық округіне қарасты Мамайқайыңды елді мекенінің тұрғыны, зейнеткер Шолпанкүл Ошақбаева аудандық орталық аурухананың дәрігерлерінің немқұрайлылығын айтып, үлкен мәселе көтерді: «Осынша жерден аудан орталығына сабылып барғанымызды қайтейік, дәрігердің алдына кіре алмаймыз. Олар да науқасты қарауға құлықсыз ба, әлде «өлмесең адырам қал» дей ме екен, мен осы жағын түсінбедім. Балам ауырып, шақшадай басым сергелдеңге түскен сәтте әбден қиналдық. Науқастанған балам ақырында дүние салды. Аудандық орталық аурухана дәрігерлеріне деген менің өкпем қара қазандай» деп ашынды ақ жаулықты ана. Округ тұрғындарының тарапынан қойылған сауалдарды ыждахаттылықпен тыңдаған Ерболат Салқынбекұлы көктем айында таудағы бұлақтардың көзін ашу жұмыстары жүргізілетінін айтты. Әбілда Нұржанов көтерген мәселенің де назардағы дүние екенін еске салды аудан басшысы. Ал Шолпанкүл Ошақбаеваның сауалына аудан басшысы бұл мәселені бақылауға алатынын айтып, хаттамаға енгізуді тапсырды. Жалпы, қайыңдылықтар ауыл әкімі мен аудан әкімінің 2020 жылдың қорытындысы бойынша бірлесіп өткізген жылдық есебіне қанағаттанарлық деген баға берді.
Көп мәселенің түйіні тарқатылған ауылдық округтің бірегейі – Тереңөзек. Газ, электр жарығы, ауыз су мәселесі барлығы расымен де Тереңөзекте шешілген. Ауылдық клуб заманауи үлгіге сай күрделі жөндеуден өткен. Рас, балалар бақшасының жоқтығы ауылдағы басты проблемалардың бірі еді.2018 жылы ол мәселе де өз шешімін тапты. Яғни, ауылда мемлекеттік-әріптестік шеңберінде Талғат Жүнісқадыровтың демеушілігімен «Балауса» балалар бақшасы ашылып, қазір бұл мекемеде ауыл бүлдіршіндері тәрбиелену үстінде. Сондықтан болар, округ әкімі Мұхтар Мұсаев пен аудан әкімі Ерболат Садырқұловтың өткен жылдың он екі айында атқарылған жүйелі жұмыстар жөніндегі есепті жиналысында тереңөзектіктер екі әкімді көп сұрақтың астына алған жоқ. Айтпақшы, осы жиналыста мемлекеттік тілдің мәселесін ашына айтқан Кеңес Дабылбеков аудандық «Құлан таңы» газетінің өңі кіріп қалғанын айтты. Іштей риза болып қалдық, шыны керек. Содан соң ауылдық округке қарасты Шолаққайыңды елді мекенінің тұрғыны, зейнеткер ұстаз Бейшеналы Қалмырзаев сөз алды. Аудан әкімі мен ауылдық округ әкімінің былтырғы есепті жиналысында ол кісінің былай деп сөйлегені әлі есте: «Тереңөзек – бәйбішеден, Көкарық — тоқалдан, Шолаққайыңды елді мекені – күңнен туған баланың тағдырын көзге елестетіндей көрінеді маған» деп еді ақсақал былтырғы жиналыста. Ауыз су мен газ мәселесі шешілсе, осылай деп айтпас едім. Біздің де қаладағыдай өмір сүргіміз келеді. Осыған назар аударып, ықпал жасауыңызды сұранамын» деді зейнеткер ұстаз. Ақсақал сауалына жан-жақты мысалдар арқылы жауап берген аудан басшысы бұл мәселе бойынша жұмыс атқарылып жатқанын айтты.
Ал өткен жылы есепті жиналыста тұрғындардың базынасынан гөрі тілегін көп естіген Ақыртөбе ауылдық округінің әкімі Айбек Әбішев бұл жолы былтырғыдай ықыласқа кенелді дей алмаймыз. Иә, аудан әкімі Ерболат Садырқұловтың іскерлігін жоғары деңгейде бағалайтындықтарын жарыссөз барысында ұқтырып жатты ақыртөбеліктер. Әрине 2019 жылы ауылдық округте және аудан аумағында атқарылған бірқатар оңды тірліктердің жай-жапсары екі әкімнің де баяндамаларында жан-жақты айтылды. Оны тыңдадық. Елді мекенде ауыз су өте өзекті мәселе. Ал Ақыртөбеде ауылдық мәнеиет үйі мүлде жоқ дегенге сенер ме едіңіз? Содан кейін жайылымдық жердің жайын да ақыртөбеліктер ашуға булыға айтты. Осы жанайқайдың барлығы жыл сайын айтылады. Бірақ, нәтиже аз. Аталмыш мәселелердің барлығын өз бақылауында ұстап отырғанын ескерткен аудан әкімі алдағы уақытта рет-ретімен бұл проблемалардың да түйіні шешілетінін нақты мысалдармен тарқатып айтып берді.
Марат Диханбай.