«ҚАРАГЕРДІҢ ЗАРЫ»
Есепші қарттың естелігінен
– 1978 жылы 20 маусымда «Алғабас» қой совхозына бас есепші болып бардым,- дейді Қысекең сөзін одан әрі жалғап.– Нәкен Даубаев директор. Бас зоотехник Берік Құдайбергенов, бас инженер Мырзахан Жарасов. Совхозда бес бөлімше бар. Барлық ақ егіс көлемі 14 мың гектар. Осы совхозда табаны күректей сегіз жыл істедім. Мемлекетке 1 миллион пұт астық беретінбіз. Сол кезде қой-қозының ұзын санының өзі 63 мың басқа,жетіп жығылатын 1500 ірі қараның 600-і сауылатын, бұдан басқа 650 жылқымыз бар еді. Шынымды айтсам, бұл өңірдің халқы өте қонақжай еді. Әр үйден ең аз дегенде 30 қой өріске шығатын.
Осы жылдар ішінде талай жаны жайсаң әрі іскер адамдармен бірге қызметтес болдым. Бас агроном Әбдімәлік Қасымбеков өте кішіпейіл, көпшіл, сонымен қатар ақындығы да бар еді. Айтпақшы, менің қарамағымда есеп бухгалтері болып істеген жарлысулық Жорабек Әбдікерімов деген азаматтың суырыпсалмалығы бар болатын.
Көктем мезгілі еді. Жорканы (біз оны солай атайтынбыз) қозыға есепші етіп жібердік. Төл алу науқаны аяқталып, күз келді. Күзде әдеттегідей директор 1800 жұмысшының алдында есеп береді ғой баяғы. Сөйтсе, оның баяндамасында менің есепшім Жорабек те жүр. Директор: «Жорабек Әбдікерімовке қозыға есепші болып жүріп өлтірген мініс аты мойнына салынып, еңбекақысынан өндірілсін» демей ме? Сонда залда баяндаманы бас-аяғына дейін тыңдап отырған Жорка: «Басеке, датым бар!» дейді ғой. Директор оны тыңдағысы келмей: «Кейін…» дейді. Баяндама аяқталған соң: «Кімде қандай сұрақ бар?» дейді ғой директор. Сонда Жорабек орнынан қайтадан тұрып, бұл жолы қолында домбырасы бар тұп тура директор отырған төргі столға жақын келіп: «Директор жолдас, сотталып бара жатқан адамның да соңғы сөзі болады ғой…Мені тыңдаңызшы?» дейді де әлгі «Қарагердің зарына» басады ғой. Сөйтсе, жылқыны өлтірген Жорабек емес екен, мініс атына «жем» деп, «көктемгі егіске» деп дәріленіп қойған тұқымды әкеп берген бригадир кінәлі екен. Оның үстіне әлгі жемі құрғырды тракторшы әбден қас қарайып, күн батқанда әкеліп, шопанның үйінің алдына тастап кетпей ме? Шопан да оның қандай жем екенін қолымен ұстап көрмепті, жәй ғана: «Жөке, сізге жаңа жем әкеп тастап кетті»дейді. Жөкең: «Қой қозыға мініп жүрген атым ғой, жем берейін» дейді де бір шараға әлгі жемді сала салады. Сөйтеді де атын тұсап, әрегірек айдап жібереді. Таң атысымен атын жүгендеп әкелейін десе үйден алыс ұзай қоймаған жануар сайдың дәл ортасына барып, жан тапсырыпты. Осыны Жөкең сахнаға шығып алып, директордың алдында божылдатады-ай, кеп… Сонда Нәкең сөзді түсінетін адам емес пе Жорканы орта жолдан тоқтатып: «Жорабек бауырым, сенің түк кінәң жоқ екен. Мынау ат-шапан айбымыз» деп арқасына шапан жауыпты. Ертесіне жұмыс аттары тұрған қорадан бір атты «Жөкең мінсін»деп босатқызады.
Бұл Жорабек тегін адам емес екенін Нәкен Даубаев сол кезде-ақ, білген ғой. «Сұмқайтыда» Есім би Алдасүгірұлының кесенесі салынып бітіп, артынан ас беріліп, ат шаптырылады. Мәре сызығына сәл қалғанда Жорабектің сүлік қарасы сүріне жығылып, артынша пышаққа ілінеді. Сонда Жөкең атына жоқтау айтып, Ақан сері құсап, оның басын кесіп әкеп, ауылдың маңына жерлесе керек. Содан бері есепші Жораны жұрт Жорабек сері атап жүр.
Бұл өңірдің азаматтарының сүйегі ірі келеді. Оның үстіне мырзалығы да бар. Жаңбырбай Базаралиев пен Сәкен Ақүрпековты сондай адамдардың қатарына қосар едім. Бұл кісілер текті болмаса жаттықтырушы Нұрлан Ақүрпеков пен күміс көмей әнші Гүлмира Ақүрпекова дүниеге келе ме? Жаңағы Жорабектің ағасы Төребек те ақын әрі керемет күйші Сәлімбай Парманов. Шәуе Сәлімбаев, Әділбақ Арыстанбаев, Әбжапар Акимовтар расында да нардың жүгін көтерген нағыз атпал азаматтар еді ғой.
Бұрынғы «Алғабас» қой совхозына бас есепші болған, бүгінде 85 жасқа келген зейнеткер Қ.Дәулетовтың естелігін өз аузынан жазып алған журналист
С.Қожеке.
(Үзінді автордың «Тұңғиықтай тұнық ғұмыр» атты кітабынан алынды).