Қарт ананы құттықтады
27 ViewsЖурналистика – жүрекке салмақ салатын мамандық. Неше түрлі кейіпкерлермен тілдесесің. Бірінде қуанасың, енді бірінде кейбір адамдарға қолдың қысқалығынан көмектесе алмай, «өзіңді-өзің жейтін» сәттер көп…
«Мемлекеттік рәміздер – бұл біздің мемлекетіміздің, біздің егемендігіміздің айқын да айшықты белгілерінің бірі. Олар Тәуелсіздіктің қасиетті біріктіруші образын білдіреді».
Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекеттік рәміздер ұлттық бірегейліктің қалыптасу тірегі және әрбір мемлекеттің дамуының ажырамас бір бөлігі болып табылады. Рәміздер тарихы алғашқы қоғамдағы тотемге табынудан бастап, кейін түркілер дәуіріндегі көк бөріге табыну, орта ғасырдағы хандықтар мен патшалықтардың елтаңбалары мен жалаулары және теңгелеріндегі айшықты белгілерімен сабақтасады. Қазіргі таңда еліміздің мемлекеттік рәміздері оның бетке ұстар құжаты сияқты бірегей негіздері мен салт-дәстүрін айқындап, күллі дүние жеріне әйгілеп отыр. 1992 жылдың 4 маусымы Қазақстан Республикасының рәміздері бекітілген күн болып тарихта қалды. 2007 жылғы 4 маусымда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қол қойып бекіткен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заңы мемлекеттік рәміздерімізді пайдалану тәртібін нақты белгілеп берді. Тәуелсіздік алған күннен бүгінгі күнге дейін міне 30 жыл уақыт өтті. 30 жыл желбіреген туымыздың астында Қазақ халқы әр түрлі ұлт өкілдерімен бірге тату-тәтті өмір сүріп жатыр.
Біздің туымыздың зеңгір көк аспан түсті болу себебі біртұтастықтың, бірліктің және ашық көк аспанның белгісі. Көк байрақта орналасқан күннің белгісі тыныс тіршіліктің, шаттықтың және қайғысы жоқ өмір нышанының айғағы. Көшпенділер күн астында шалқып, қалықтап ұшып жүрген дала қыранын күштің, еркіндіктің және бостандықтың белгісі ретінде қабылдайды. Оның қырағылығы мемлекетте бүлікшіліктің пайда болмауын бақылап тұрғандай. Мемлекеттік туымыздың дәл ортасында 32 сәуле тараған күн бейнеленген. Ағаш сабына бекiтiлген тұста – ұлттық оюлармен кестеленген тiк жолақ өрнектелген. Қазақстан Республикасы мемлекеттік туының авторы – суретшi Шәкен Ниязбеков.
Бiрыңғай көк-көгiлдiр түс төбедегi бұлтсыз ашық аспанның биiк күмбезiн елестетедi және Қазақстан халқының бiрлiк, ынтымақ жолындағы адалдығын аңғартады. Бұлтсыз көк аспан барлық халықтарда әрқашан да бейбiтшiлiктiң, тыныштық пен жақсылықтың нышаны болған. Ежелгi түркi тiлiнде «көк» сөзi аспан деген ұғымды бiлдiредi. Көк түс түркi халықтары үшiн қасиеттi ұғым. Түркi және әлемнiң өзге де халықтарындағы көк түстiң мәдени-семиотикалық тарихына сүйене отырып, мемлекеттік тудағы көгiлдiр түс Қазақстан халқының жаңа мемлекеттiлiкке ұмтылған ниет-тiлегiнiң тазалығын, асқақтығын көрсетедi деп қорытуға болады. Нұрға малынған алтын күн тыныштық пен байлықты бейнелейдi. Күн – қозғалыс, даму, өсiп-өркендеудiң және өмiрдiң белгiсi. Күн – уақыт, замана бейнесi. Қанатын жайған қыран құс бар нәрсенiң бастауындай. Ұлан-байтақ кеңiстiкте қалықтаған қыран еліміздің еркiндiк сүйгiш асқақ рухын, қазақ халқының жан-дүниесiнiң кеңдiгiн паш етедi. Туда тағы бір белгі бар, ол – ою-өрнекті «Қошқар мүйіз». Бұл біздің бай мәдениетіміздің биік шыңын көрсетеді.
Қазақстан Республикасының Елтаңбасы Жандарбек Мәлібек пен Шота Уәлихановтың шығармашылық ізденістерінің нәтижесінде дүниеге келді. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы дөңгелек нышанды. Бұл – Ұлы дала көшпенділері айрықша қастер тұтқан өмір мен мәңгіліктің символы. Рәмiздiк тұрғыдан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының негiзi – шаңырақ. Шаңырақ – мемлекеттiң түп негiзi – отбасының бейнесi. Шаңырақты айнала күн сәулесі секілді тараған уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында қанатты тұлпар орналасқан. Тұлпар – дала дүлдiлi, ер-азаматтың сәйгүлiгi, желдей ескен жүйрiк аты, жеңiске деген жасымас жiгердiң, қажымас қайраттың, тәуелсiздiкке, бостандыққа ұмтылған құлшыныстың бейнесi. Қанатты тұлпар қазақ поэзиясындағы кең тараған бейне. Ол ұшқыр арманның, таңғажайып жасампаздықтың, талмас талаптың, асыл мұраттың, жақсылыққа құштарлықтың кейпi. Бiр шаңырақтың астында тату-тәттi өмiр сүретiн Қазақстан халқының өсiп-өркендеуiн, рухани байлығын, сан сырлы, алуан қырлы бет-бейнесiн паш етедi. Жоғарғы бөлігінде- бес бұрышты жұлдыз Елтаңбаның тәжi iспеттi. Әрбiр адамның жол нұсқайтын жарық жұлдызы бар. Ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген латын қарпімен жазуы бар. «Қазақстан» деген жазу – алтын түстес. Елтаңбамыз еліміздегі барша халықтарды бір шаңырақтың астына шақырып, біздің ортақ үйіміз Қазақстанның мықты уықтарына айналуды үндейді.
Кез келген халықтың тарихында заманында сол халыққа күш-қуат берген, рухын жанып, жігерін шыңдаған музыкалық шығармалары бар. Қазақ елі демін ішіне тартып, асқақ рухын көтеріп, қолын жүрегіне қойып шырқайтын әні – «Менің Қазақстаным». Бұл шығарма Қазақстан КСРО құрамында болған тұста қазақтың намысын қайрау мақсатында өмірге келді. Ақын Жұмекен Нәжімеденов пен сазгер Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылық бірлестігінен туындаған «Менің Қазақстаным», шын мәнінде, қазақ халқының рухын көтерген, келер күнге деген сенімін арқалаған бейресми Әнұран болды. Ал заман талабына сай 2006 жылғы 6 қаңтарда Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Мемлекеттік рәміздер туралы» Жарлыққа түзетулер енгізілгеннен кейін, яғни 10 қаңтарда «Менің Қазақстаным» ресми түрде Әнұран болып бекітілді. Сөйтіп, бұл күн тарихқа еліміздің жаңа Әнұранының туған күні ретінде жазылды. Әуенін Шәмші Қалдаяқов, сөзін Жұмекен Нәжімеденов жазған Әнұранның сөзін уақыт өлшемімен үндестірген бірлескен автор – еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ елімізде тұрып жатқан кез-келген адам мемлекеттік Туды, Елтаңбаны, Гимнді құрмет тұтуға міндетті. Мемлекеттік рәміздер – бұл біздің мемлекетіміздің, біздің егемендігіміздің берік негізінің бірі. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні күн сайын телерадио бағдарламалары басталғанда, аяқталғанда және еліміздің аса маңызды мерекелерінде, әлемдік деңгейдегі спорттық жарыстарда жеңіс тұғырына көтерілген қазақстандықтың құрметіне орындалады. Оның әуені менің көңілімді толқытып, жанымды шаттыққа бөлейді, жүрегімді егеменді елімізге деген қуаныш сезімге толтырады. Гимннің әсерлі үні салтанатты жиналыстар мен мәжілістерде шалқиды. Шет елдердің мемлекет басшыларын қарсы алғанда немесе шығарып салғанда оларға мемлекеттік Гимн әуенімен құрмет көрсетіледі. Қазақстан Республикасының мемлекеттік Гимнін көпшілік алдында міндетті түрде түрегеп тұрып тыңдаймыз. Біздің мектебімізде Гимн әр дүйсенбі күні орындалады. Гимнді айтқанда, оң қолды жүрек тұсына қоямыз. Бұл – біздің елімізге деген зор құрмет деп түсінемін.
Қазіргі уақытта мемлекеттік рәміздерді білмейтін адам кемде-кем шығар. Мемлекеттік рәміздер мектепке дейінгі білім беру мекемелері мен жалпы білім беру мектептерінде тәрбиелік жұмыстың бір бөлігі болып табылуда. Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев айтқандай: «Мемлекеттік рәміздер – еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін паш ететін нышандар. Бұл рәміздер біздің мемлекетіміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі». Еліміздің жас ұландары ұлттық құндылықтарымыз Туымызды, Елтаңбамызды, Гимнімізді әрқашанда қастерлеп, қадірлеуге тиісті. Қазақстандай жері шұрайлы, шөбі шүйгін кең байтақ өлкені мен әрқашан да мақтан тұтамын. Қазақстанның кең даласындай байтақ дала еш жерде жоқ шығар. «Отаның – алтын бесігің», – деп дана халқымыз бекер айтпаған. Өз Отанын сүю, өз ана тілін ардақтау, әрбір азаматтың ең бірінші абыройлы міндеті. Қорыта айтсақ, еліміздің ежелден аңсаған Тәуелсіздігіне қол жеткізіп, қазақ ұлтының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының қайта жаңғыруы, мемлекеттік рәміздердің бекітілуі болашаққа бет алған егемен еліміз үшін ерекше құбылыс. Сондықтан мемлекеттік рәміздерді қастерлеу азаматтарымыз үшін басты міндет болып табылуы тиіс. Сондай-ақ, ұлтаралық татулық пен бейбітшілікті насихаттау жолында және мемлекетіміздің әлемдік деңгейде танылып өзіне тән белгілерімен дамыған елдер қатарынан орын алуы үшін де төл нышандарымыздың атқаратын қызметі айрықша.
Қадиша Оразова,
Ақтоған шағын орталықты орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі.