Сүлейлердің сарқыты – Жамбыл жырау
Ұлы қазақ даласында сан ғасырлық жолдан өткен жыраулық мектеп бар еді. Асан қайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Доспамбет, Жиенбет, Бұқар жырау, Ақтамберді, Үмбетей, Қаблиса, Сүйінбай сынды жыраулар өмір сүрді. Ауыз әдебиетінің алыбы Жамбыл Жабаев та осы жыраулық мектептің соңғы өкілі десе де болғандай еді. Ол «Менің – пірім Сүйінбай, сөз сөйлемен сыйынбай» деп өмірін өлеңге арнады. Атақты Майкөт пен Құлмамбетті жеңіп, Жетісудың бірінші ақыны атанды.
– Елімнің жақсыларын таныстырған,
Ой жырым, қызыл тілім сенің арқаң, – деген Жамбыл баба қандай құрметке де лайық.
Заманымыздың классик жазушысы, атақты Мұхтар Әуезов «Жамбыл – ақыл ойдың алғыры, өзгеге ұқсамайтын дара, оқшау бет-бейнесімен аса зор құбылыс. Оның бірі, әрі эпик ақын, әрі айтыс ақыны, әрі азаматтық әуеннің де ақыны» деп бағалаған еді. Жамбыл Жабаевтың туғанына 2021 жылдың 28 ақпанында 175 жыл толады. Ұлы Жамбылды Мұхтар Әуезов мойындаған, Сәкен Сейфуллин бас иген, Сәбит Мұқанов ардақтаған, Ғабит Мүсірепов еркелеген, Бауыржан Момышұлы бас иген, Мәлік Ғабдуллин құшағына алған. Ромен Роллан, Михаил Шолохов, Павло Тычина, Николай Тихонов, Константин Симонов сияқты әлемдік әдебиеттің өкілдері де ерекше құрметтеген.
Жамбыл өлеңдері әлемнің барлық тілдеріне аударылған және жарияланған. Әсіресе Жамбылдың «Ленинградтық өренім» атты атақты өлеңі ешқашан ұмытылмайды. Рас, Жамбыл Жабаевтың 100 жылдық ғұмырының соңғы 28 жылы Кеңестер одағы тұсында өтті. Бұл ақынның қасиетіне де, қасіретіне де айналды. Коммунистік жүйе, оның идеологтары Жамбылды партияның ұранына айналдырып жіберді. Тек партиялық тұрғыдан бағалады.
Міне, бұл Жамбыл жыраудың кемел бейнесін ашуға кері әсерін тигізеді. Жамбыл Жабаевтың әлі де ашылмаған сыры мен қыры жетерлік. Иә, жыл сайын жырау мұрасын насихаттауға түрлі еңбектер шығып жатыр, біршама шаралар өткізіліп жүр. Алайда бұл Жамбылды толық ашу және тану үшін аздық етеді. Бүгін Жамбылтанудың жаңа кезеңі келді. Сол үшін жырау мұрасын қайта жаңғырту мақсатында осы жылы толайым тірліктер атқару қажет. Бұл игілікті жолда сіз бен біз болып, біріге жұмыс атқарайық, құрметті оқырман!
Уәлихан ҚАЛИЖАНҰЛЫ,
журналист-жазушы.
Материал «Abai.kz» сайтынан алынды.