СҰРАҚТАР Қарша ЖАУҒАН КҮН БОЛДЫ

476 Views

Жаңатұрмыс пен Каменка ауыл­дарында өткен жиналыстарға халық көп жиналды. Өйткені бес ауылға бірдей «газ келетін болыпты» деген жаңалықты естіген жұрт үйлерінде қайтіп тыныш жатсын, тайлы-таяғымен түгел келген.
Жаңатұрмыс ауылдық округінің әкімі Нұрболат Жамалбековтың баяндамасында мал басының ана­ғұрлым өскендігі, 28 адамға қайта­рымсыз гранттың берілгендігі, «Құлбарақ» шаруа қожалығының «Құлан-Дән» несие серіктестігінен 9,7 миллион теңге несие алып, 270 саулық өсіріп жатқандығы, жеке кәсіпкер Маратбек Омарқожаевтың Ресей­дің Алтай өлкесінен сүт бағы­тын­дағы «Сементал» тұқымды 67 бас құнажын алып, бағып жатқандығы туралы мәліметтер жұртты аса қы­зықтыра қойған жоқ. Өйткені, олар­ды толғандырып отырған тұрмыс тауқыметі, сергелдеңге түсірген «көгілдір отынның» жыры мен 21 жылдан бері әкімдер уәде берумен келе жатқан ауыз судың әңгімесі бо­латын. Сондықтан болар, екі әкімнің баяндамасы біткенше тыпыршып, әрең отырса керек жұрт үсті-үстіне әкімдерге сұрақ жаудыра бастады.
Жұрт тіпті биыл Жаңатұрмыс ауылына мәдениет үйі мен емхана салынады деген аудан әкімінің жа­ңалығына да аса таңқала қойған жоқ. Соған қарағанда халықтың шыда­­­мы шәйнекке түскен-ау. Десек те, он бес жыл қатарымен осы округтан ау­дандық мәслихатқа депутат бо­лып сайланған кәсіпкер Қадірбек Құлбарақов­тың сөзі газға байланыс­ты емес, жайылымдық жерге байланыс­ты болып шықты. Ол:
– Міне, он жылдан асып ба­ра­ды, Меркі ауданының біз­дің тау алқабындағы «Аманжол» жай­лауынан 2000 гектар жерімізді алға­нына. Ал ауыл халқы жайылымға жарымай отыр. Осы жайылымдық жер бізге қашан қайтарылады? Соны білгім келеді…Ал енді «көшеде жекеменшік малды белгіленген мөлшерге сай ұстау керек, қалған мал­ды тауға көшіріңіздер» дейсіз­дер, олай болса, «Көтенүзбе» асуына шығатын жолымызды жөндету керек қой. Асудың арғы жағында жатқан «Қарақыстақ» қойнауы игерілмей жатыр, соны неге ойламаймыз?» «Ойрандының» суын да екі аудан бір­­дей бөліп пайдаланушы едік, қазір сол су түгелдей көрші ауданда жатыр. Небәрі 4 шақырымға латок сал­дыр­сақ, ағын су да біздің жерімізге келер еді. Тағы бір мәселе, ол – теміржол мен әскери полигон арасындағы жол. Ол да жөндеуге зәру.
Аудан әкімі жер қатынастары бө­ліміне әлгі жайылымды қайтарып алу үшін өз атынан облыс әкімінің аты­на хат дайындауды тапсырды. Ал не республиканың, не облыстың иелігіне кірмейтін жолды жөндетуге еш жер­ден қаражат ала алмайтынын ашып айтты. Әкімдерге ауыл тұрғындары Мұрат Рысмедетов, Тұрысбек Шотаев, Өмірзақ Шыңқожаевтар­дың тарапынан да сұрақтар қойылды. Тек Өрнек Байбатшаев қана екі әкімнің жұмысына өзінің қанағаттанарлық бағасын беріп,: «Енді газ кіргізу мен ауыз су әкелу құр уәде күйінде қалып қоймаса екен» деген өзінің қобал­жуын жеткізді.
Осыдан соң аудан әкімі Каменка ауылындағы мәдениет үйіне келді. 400 адам сиятын Каменка ауылын­да­ғы мәдениет үйі халыққа лық толды. Бұл жерге Тасшолақ, Жалпақсаз, Қазақ, Каменка ауылының тұрғындары жи­налыпты. Алдымен жиналған жұрт Қарақыстақ ауылдық округі әкімінің өткен есепті мерзімде атқарған жұ­мысын зейін қойып тыңдады. Иә, төрт елді мекеннің жүгін көтеру Ораз Танкеевке оңай болмаса керек. Ол өз сөзінде нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту­дың 2021 жылға дейінгі бағдарлама­сына сәйкес «Бастау-бизнес» бағдар­ламасы аясында 8 адамның оқып, грантқа ие болғанын тілге тиек ете келіп, еңбек нарығын дамыту бағыты бойынша 56 адамның тұрақты жұмыспен қамтылғанын, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың «Асарлатып үй салу» жобасы бойынша Каменка ауылының тұрғыны, үшінші топтағы мүгедек, жалғызілікті ана Жексенкүл Молдақұловаға шаруа қожалықтары бірігіп төрт бөлмелі үй салып бергенін айтты.
Өткен жылы салық төлемдерінен 7 миллион 446 мың теңге түсіпті. Округ бойынша 100 сәби дүниеге келген. Пандемия жағдайында ауылдық мә­дениет үйі онлайн форматта 209, оффлайн форматта 13 іс-шара өткізіп­ті. Округ орталығындағы Жібек жолы көшесіне 54 миллион теңге бөлініп, сая­жол төселіпті. Қазақ ауылында ша­ғын футбол алаңы салынып, Тасшолақ ауылындағы сумен жабдықтау желісі құрылысына 351112 теңге қаражат жұмсалыпты. Ең ауқымды қаражат Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің ғимаратын жөндеуге бөлініпті. Мектептің күрделі жөндеу жұмыстары 137 миллион теңгеге бағаланыпты.
Округ әкімі әлі де шешімін тап­пай отырған өзекті мәселелерді де назарынан тыс қалдырмады. Ол Қазақ ауылындағы Абай, М.Мәметова, Өжет, Достық көшелерін асфальттау керектігін, екі көшеге шам орнату, ең бастысы ауыз су әкелу қажеттігін баса айтты. Айтпақшы, ауыз суға 9 миллион 292 мың теңге жоба үшін бөлініпті. Жалпы смета бойынша 435 миллион 629 мың теңге қаражат игеру көзделіп отыр екен. Осындай проблемалардың Жалпақсаз, Тасшолақ ауылдарында да бар екені айтылды.
Аудан әкімі Е.С.Садырқұловтың баяндамасынан кейін төрде отырған екі әкімге сұрақ қарша борады. Айту ләзім, аудан әкімі кейбір азаматтарға әдептілік сақтауды, бір қойылған сұрақты екінші қайтара қоймауды ескертіп жатты. «Көгілдір отын» Қарақыстақ аймағындағы барлық ауылға биыл кіретінін аудан әкімі нық сеніммен айтып жатса да, кейбір ауыл тұрғындары мердігерді таңдау бойынша өз міндеттерін білмейтінін көрсетіп алды.
Е.Садырқұлов: «Облыс әкімі Бердібек Мәшбекұлына рахмет! Он ауылдың газ мәселесін шешіп берді. Ендігісі өздеріңіздің қолдарыңызда. Енді газ кіргізетін мердігерді өздеріңіз таңдайсыздар, оған менің қатысым жоқ»деді. Тасшолақ ауылының тұрғыны Ш.Момынжанов: «Біздің ауыл балаларына мектеп керек. Осы мәселені қашан шеше аласыздар?» деді. Осы сауалға аудан әкімі: «Біз Жалпақсаз ауылына 41 балаға 300 миллион теңге бөліп мектеп салып бердік. Биыл Құландағы «Арай» микроауданынан бір жаңа типті мектеп салуға қаражат бөлінеді. Ал сіздердің ауылға биыл мектеп салына қояды деп айта алмаймын» деді.
Каменка ауылының азаматы Ю.Айтбаев: «Біз қазір ХХІ-ші ға­сыр­да өмір сүріп отырмыз, ал Қазақ ауы­лының тұрғындары әлі күнге дейін есек арбамен су тасиды, бұл ұят қой. Кей­бір азаматтардың 10 гектар да жері жоқ» дейді. Осы жер мәселесі туралы аза­мат С.Сметов та мәселе көтерді. Осыдан соң аудан әкімі жер қатынастары бөлімінің басшысын орнынан тұрғызып жауап алды. Бөлім басшысы 200 гектар жазғы жайылым жақын арада бөлінетінін мәлім етті. Байырғы ауыл ақсақалы Аманкелді Қабылханов та осы мәселе төңірегінде өз ойын ортаға сала келіп: «Тауға неге малымызды шығармаймыз. Құдайға шүкір, жайылым жетеді» деді. Азамат Қанат Керімбаев қаңғыбас иттер туралы және өзі тұратын Әлия Молдағұлова көшесінің көктемде батпақ болып кететінін қынжыла айтты. Иә, ит ату туралы Үкімет жаңа заң қабылдады. Енді иесіз ит деген болмауы керек, егесі жоқ болса арнайы ит асырайтын орын ашу керек. Дегенмен, аудандық малдәрігерлік бөлімінің басшысы С.Дәлібаев аң аулаудың басталатынын, оның заң шеңберінде жүргізілетінін хабарлады.
Жиналыста алты баланың анасы Гүлжан Кездікова «Жалпақсаз ауы­лындағы мектепті тоғыз жылдық мектеп етіп ашып берсеңіз?»деген сауал қойды. Оған аудан әкімінің жауабы дайын екен. Ол: «Біз оны тоғызжыл­дық мектеп етіп аша алмаймыз, ол обло­но­ның құзырында. Ал енді балалар­дың өкпе аурулары шипажайынан жұмыстан босап қалғандарға міндетті түрде жұмыс тауып береміз» деген нық жауап қайтарды. Азамат Нұралы Пірімқұлов Құланов көшесінде жа­рықтың жоқ екенін айтты. Қысқасы, бұл өзі аспаннан сұрақ жауған күн болды. Осы сұрақтардың біразы ауыл әкімі­нің кеңсесінде-ақ, шешілетін болған соң сұрақ тоқтатылды. Екі әкімнің баяндамасына қанағаттанған жұрт үйлеріне кетіп бара жатып та бір-біріне сұрақ жаудырып жатты. Алайда жұрт көктем шыға әр үйге «көгілдір отын» кіретініне сеніп қайтты. Ал халық сенімі бәрінен де жоғары ғой.

С.Қожеке.

Поделиться ссылкой: