ТАТУЛЫҚТЫҢ ТӨРКІНІ ТЕРЕҢДЕ ЖАТЫР
1944 жылы шешен ұлты мен көптеген басқа ұлыстарды Ресей өкіметі Қазақстанға жер аударды. Солардың ішінде қарашайлар, Қырым татарлары, ингуштар және тағы да басқалар болды. Содан бері міне, 77 жыл өтті. Мен ол кезде небәрі бір жарым жаста екенмін. Кейін ес білген соң біліп жатырмыз ғой, естуімше орыстар 240 мың шешен отбасын Қазақстанға тауарлы вагондарға салып, ешбір ірі стансаларға тоқтатпай жөнелткен. Қазір осы ауданда небәрі 22 отбасы тұрып жатыр. Көненің көзі болған анамыз Самарат Эдельбиева өткен жылы 102 жасқа келіп дүние салды. Әкем Сейдахмет пен атам Хасан айтып отыратын, біз көшпен келгенде қазақтар құшақ жая қарсы алды деп. Солардың ішінде есімде қалғаны Отыншиевтер, Асыловтар, ағайынды Кенжеғұл, Аманқұл Шымырбаевтар, Бегімбетовтер бар екен.
Осы Луговой кентінде тұрған бауырымыз, ақын, Кант атындағы сыйлықтың иегері Мұса Гешаевты, менің әкем Сейдахметті жұрт өте құрметтеп, сыйлайтын. Міне, солардан қалған ұрпақ қазір кәсіпкерлікпен айналысып, аудан экономикасының дамуына өз үлестерін қосып келеді. Солардың біреуі менің бауырым Сайд-Хасан (Аду) Ахаев пен Тасөткелден екі су электр станциясын салған Сайд-Селим Ахаев. Шервани мен оның ұлы Русланды да осы кәсіпкерлердің қатарына жатқызар едім. Иә, олар жүрегі таза мұсылман, мешіт салып, жыл сайын қайырымдылық жасап, халыққа ұн, өзге де азық-түлік таратып, сауабын алып отырады. Осы індет кезінде олардың жұртқа көмегі көп тиді. Біз қазаққа бауыр басып кеттік, сондықтан да татулығымыздың төркіні тереңде жатыр деп айта аламыз.
Ариф қажы Ахаев,
Құлан ауылының тұрғыны.