Қарт ананы құттықтады
34 ViewsЖурналистика – жүрекке салмақ салатын мамандық. Неше түрлі кейіпкерлермен тілдесесің. Бірінде қуанасың, енді бірінде кейбір адамдарға қолдың қысқалығынан көмектесе алмай, «өзіңді-өзің жейтін» сәттер көп…
Жоталы жон, құмшағалдар сонау «Түлейден» бері бархан-бархан болып келеді де, жиекке жеткенде жүзгені де, қоянсүйегі де селдіреп далалы бетке кеп қауышады. Ақыртөбе-Ақыртас болса Мақпал тауымен қолтықтасып барып, «Жүнжүрек» асуына құлашы жеткенше еңбектей жығылады. Осы тарихы тереңде жатқан Бетпаққа қарай қайта бет түзесеңіз, «Сұмқайты» даласымен қайта қауышып, киелі «Топағаштан» бір-ақ шығасыз.
Осынау сайын дала қойнауындағы Ақыртөбе ауылына Кеңес өкіметі тұсында шойын жол келсе, одан беріде көрші ел Қырғызстан мен Алматыға газ сақтап, жіберетін үлкен газ сақтау қоймасы салынды. Сөйтіп, шағын елді мекен үлкен ауылға айналды. Ақыртөбенің халқы да кеңпейіл. Күре жолдың бойында отырған соң ба, қонақжай. Біз осы ауылдағы «Нұр береке» шаруа қожалығының жетекшісі Мақсұт Ахаевпен бірге оның ортақұмдағы «Көлқұдық» қыстауына бет түзеп келеміз. Жер шалғай болған соң Мақсұт «жол қысқарсын» деді ме, бірден әңгімеге көшті. – 2017 жылы Алматы облысының Ақшиінде өткен аламанды естуіңіз бар шығар,– деп алып ол өзімен иық түйістіріп отырған жігітке жартылай бұрылды. – Мына жігіт сондай дүбірлі жарысқа ат баптап жүрген Руслан Рахтаев деген азамат. Менің шаруашылығымда он жылдан бері арғымақтарды баптап келеді. Сол жарысқа жаңа өзіңіз көрген «Көкдауыл» деген сәйгүлікті баптап апарды. Руслан, одан арғысын өзің айтшы?…
– Менің әкем Момынбек атқұмар кісі екен, – деп Руслан әңгіме ауанын әріге бұрды. – Сол кісі ілгеріде өткен «Темекі көк», «Жирен қасқа», «Ақтабан», «Бәйге күрең» сияқты сауырына қамшы салдырмайтын сәйгүліктер туралы жиі айтып отырушы еді. Ат баптаудың қыры мен сырын сол кісіден үйрендім. Қазір міне, мына Мақсұттың бес бәйге атын баптап отырмын. Жаңа Ақшидегі аламанды айтып қалдың, жарысты Қазақстанның атбегілер қоғамы ұйымдастырған болатын. Осы жарысқа ауыздықпен алысқан ек жүзден астам сәйгүлік келді. Солардың ішінде Қордайдағы Шынтасовтың «Самал» атты арғымағының бағы жанды. Сөреге жеткен үш аттың біреуі екінші болып мәре сызығын кесті. Бұл Алматы облысынан келген Қайрат есімді саяткердің «Қоянқасқасы» болатын. Үшінші болып мәре сызығын біздің «Көкдауыл» басты. Осы үш арғымақтың үшеуінің де құс «тістеген» қанаты бар деп айта аламын. Біздің «Көкдауыл» әлі жас, әлі талай бәйгеден келетініне сенемін.
Мақсұт Ахаевтың атқорасында аламанға шабатын екі ат, бір құнан, екі тай тұрған. Руслан Көкдауылмен бірге «Мұрагер» деген құнанды да баптап жатыр екен. Ол бізге өзі баптаған «Ханзада», «Нұр» деген сәйгүліктер туралы да жол-жөнекей әжептәуір әңгіме қозғады. «Нұр» атты сәйгүлік Қызылорда қаласында өткен Жеңістің 75 жылдығында бірінші орын алып, иесіне «Нива» автокөлігін сыйлапты. Ал «Ханзада» болса, Президент кубогын жеңіп алған екен. Шабандоздар Берік пен Жанасыл бүгінде жатпай-тұрмай бес қыл құйрықты бәйгеге дайындап жатқанын да, саяткер Мақұлбек Апайтөсовтың ат баптауға қосып жүрген үлесі бар екенін де Руслан мен Мақсұт ашық айтты.
Жеңіл автокөлік «Көлқұдыққа» жетіп те қалған. Көделі көл мен татырды айнала жайылып жүрген отыз шақты сиырдың кейбіреуінің соңынан ерген бұзаулары да бар. Жайылым аз болған соң малшылар Қанат Мұсаев пен Жасбұлан Майсуповтар ірі қараны қыстаудан ұзатпай бағып жүр екен. Олар бір отар саулыққа да көзқырын салып, суатқа әкеліпті. Анадайда жиырма шақты жылқы жүр жайылып. Мақсұт Ахаев: «Осы малға 200 гектар ғана жайылымдық жеріміз бар. Мал басын көбейтейік деген ойымыз бар. Әзірге малға азықты сатып алып жүрміз. Шабындық жеріміз болса мал бордақылау алаңын да кеңейтер едік» дейді ол қожалықта шешімін таппай тұрған мәселені қозғап.
«Нұр береке» қожалығы соған қарамастан екі жасар 24 бас тайыншаны бордақылап, семіртіп отыр екен. Қазірдің өзінде әр бұқашаның тірідей орташа салмағы 230-250 келі тартып тұр. Қожалық жетекшісі тайыншалар семірсе шетінен сойып сататынын да жасырмады. Қыстаудан қайтқанда көкейімізде М.Ахаев айтқан жайылым мәселесі тұрды. Енді ауылдық округ әкімі Айбек Әбішев мырза аудандық жер қатынастары бөліміне қожалық басшысының мәселесін жеткізеді деген ойдамыз. Өйткені «Нұр береке» шаруа қожалығының келешегі зор. Олар 600 бас саулық қойды өз төлі есебінен көбейтіп қана қоймай, ірі қара бордақылап семіртуді, тіпті 22 бас таза қанды сәйгүлік баптап, оны асыл тұқымды фермаға айналдыруды жоспарлап отыр.
Ендеше осындай кәсібі бар азаматқа ауыл, аудан басшылары қолдау көрсетеді деген ойдамыз. Өйткені ауылдағы кәсіпкерлікті қолдау Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы екенін ұмытпайық. «Көлқұдықта» мал қыстатып жатқан малшыларға қазір жайылым керек. Осыны екі елі естен шығармайық.
С.Қожеке.
Суретте: Ақыртөбе ауылындағы Мақсұт Ахаевтың «Нұр береке» шаруа қожалығында.