Мәдениет үйі жоқ қанша ауыл бар…
Бірер апта бұрын аудан әкімінің 2020 жылдың қорытындысы бойынша ауыл әкімдерімен бірлесіп, халық алдында өткізген жылдық есебі аяқталған болатын. Біз есеп беру жиналысында халық тарапынан қандай мәселелер көтеріліп, нендей ұсыныстар айтылғанын басылым бетінде үздіксіз жариялап отырдық. Әрине, газет тілшілері тек қана жиналысқа қатысып қойған жоқ. Әр ауылдағы өзекті мәселелерге баса назар аударып, соның оңды шешілуіне барынша ықпал етуді көздеді. Мәселен, Көгершін ауылында өткен аудан әкімінің есеп беру жиналысында жергілікті тұрғындар ауылда мәдениет үйінің жоқтығын айтып, үлкен мәселе көтерді. Үлкен дейміз-ау, негізі бұрыннан айтылып келе жатқан жайт қой. Бірақ, осы істі түбегейлі қолға алып, «төфлиі-і-і тозғанша» ауданға күнде шапқылайтын әкімнің табылмағаны жасырын емес. Рас, «Ілгеріректе Көгершін ауылындағы мәдениет үйі керемет еді» дейтіндер көп. Дегенмен, сол керемет деген мәдени ошақтың бүгінгі келбеті мынау, ардақты ағайын. Қазір бұл нысан жекеменшіктің қолына өтіп кеткен. Бұл ғимаратты мемлекеттің меншігіне қайта сатып алу жөнінде де талай ұсыныстар айтылды. Мүмкін, осыдан 8-9 жыл бұрын солай десе, ол құлаққа кіретін әңгіме болар ма еді. Алайда, қазіргі күні ғимараттың іргетасы ажырай бастаған. Қазір клубқа барсаңыз, қара құлып тұр. Осы мәселенің барлығын ауылда өткен есеп беру жиналысында Болат Жансеріков ақсақал сөз етті. Жай мәселе етіп жеткізіп қойған жоқ, батырып айтты.
Иә, сол жиналыста биыл Көгершінге жаңа клуб соғылатыны айтылған сәтте ауыл тұрғындары дән риза болысты. Жаңа мәдени нысанның жобалық сметалық құжаты да толығымен дайын екен. Алдын ала қолдау да бар. Қаражат мәселесі наурыз айында өтетін бюджеттік нақтылауда белгілі болатын тәрізді. Ендігі кезекте тек әліптің артын бағу ғана қалып тұр. Күтейік. Бір аттасақ, наурыз айы да жақындап қалды ғой. Бөлінетін ақша сырт айналып кетпесе болғаны әйтеуір. Осы мәселе шешімін тапса, көгершіндіктер үшін зор қуаныш болары анық.
Көгершінде тоз-тозы шығып тұрса да, әйтеуір ғимарат бар ғой. Жерлесіміз, елімізге танымал әнші Гүлмира Ақүрпекова түлеп ұшқан Өрнек ауылында мәдениет үйінің қаңқасы да жоқ. Тағы бір атақты әнші, мұқым қазаққа есті әндерімен танылған Тахмина Әшімбекова дүниеге келген Жаңатұрмыс ауылында мәдениет үйі жоқ десе, сенер ме едіңіз. Биыл бұл ауылға да клуб салынатын болады. Бірақ ол да әлгі айтқан нақтылауда шешіледі деп күтілуде. Кеше ғана ауданның экономикалық даму перспективалары бойынша халық алдында өткізген аудан әкімінің қорытынды есебінде Абай ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Рысбек Секербеков те ауылға мәдениет үйі ауадай қажет екенін айтты. Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымов дүниеге келген Жақсылық ауылының тұрғындары да осы күні мәдени ошаққа зәру елді мекеннің бірі. Сәлімбай елді мекенінің тұрғындары да Жақсылық ауылының жайын кешіп отыр. Яғни, бұл жақта да ауылдық клуб жоқ. Қайбір жылы Қазақстанның Еңбек Ері, атақты меценат, былтыр баршамыздың қабырғамызды қайыстырып, бақилық болған Сайрамбай Дөненбаев ағамыз Жарлысу ауылына жаңа клуб салып бермекші еді. Марқұм тірі болғанда бұл іс міндетті түрде қолға алынар еді ғой. Енді белгісіз. Бірақ Жарлысуда аядай ғана болса да, ауылдық клуб бар ғой. Қайыңды ауылдық округіне қарасты Сөгеті елді мекеніндегі де ауылдық клубтың жайын біз газетіміздің өткен сандарының бірінде жаздық. Ол ғимараттың түрі мынау. (Суретте). Қарақыстақ ауылдық округіне қарасты Қазақ, Тасшолақ елді мекендеріне де клуб соғу мәселесі әзірге жайдақ сөз болып тұр.
«Сырымды тоқтатайын айта бермей» дейді ғой хакім Абай. Осы жерден бір қайырғанымыз жөн шығар. Мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне құр сөзден гөрі іскерлікті мақұл көретін Рүстем Қырықбаев басшы болып тағайындалғанын білесіздер. Бұрын бұл салаға үміттен гөрі күдігіміз басымдау еді. Енді керісінше үмітіміз арта түскендей. «Сіздің ауылдағы мәдениет үйінің тұрқы қандай?», алдияр оқырман.
Марат Диханбай.