Ауданның әлеуеті артса, тұрғындардың тұрмысы да жақсарады

409 Views

Осы аптаның сәрсенбісінде аудан басшысы Ерболат Садырқұлов халық алдында қорытынды есебін берді. Есеп беру жиналысына тұрғындардан бөлек әкімнің орынбасарлары, бөлім және мекеме басшылары, округ әкімдері, мәслихат депутаттары, қоғамдық және ардагерлер кеңестерінің мүшелері қатысты. Кездесу барысында өткен жылы атқарылған жұмыстар сараланып, аудандық атқамінерлер тұрғындардың көкейінде жүрген өтініш-тілектеріне құлақ түрді.

Жалпы алғанда өткен жыл әлем халқы үшін оңай болған жоқ. Бірақ соған қарамастан елімізде індеттің кесірінен орын алған дағдарысты еңсеру үшін көптеген бастамалар қолға алынды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен әрбір өңірлерде, аудандарда, елді мекендерде сан түрлі бағдарламалар жүзеге асырылды.
Мәселен, былтыр аудан аумағы құдды бір құрылыс алаңына айналғандай әсер қалдырды. Дәлме-дәл айтар болсақ, өткен жылы 8 бірдей білім ошағына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында Өрнек және Луговой ауылдық дәрігерлік амбулаториялары, Құлан агротехникалық колледжінің оқу корпусы мен асханасы күрделі жөндеуден өткізілді. Бұл – бір. Екіншіден, ауданда тұрғындарды ауыз сумен қамту мәселесі де біршама шешілгені байқалады. Өткен жылы ауыз суы жоқ 16 елді мекеннің 4-не жаңа құбыр жүйесі жүргізіліп, олардың барлығы да толықтай пайдалануға берілген. Жол жөндеу жұмыстары да ауыз толтырып айтарлықтай деңгейде іске асырылған. Айта кету керек, 2020 жылы аудан көлемінде 90-нан астам ішкі көшелер асфальтталған. Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында аудандағы 128 көше соңғы үлгідегі диодты шамдарға ауыстырылып, барлығы жарықтандырылған. Бір сөзбен айтқанда, өткен жылы ауданның бюджеті 20,4 млрд. теңгені құрап, бөлінген қаражат мақсатты түрде жұмсалған. Аталмыш мәліметтердің барлығы дерлік аудан әкімі Ерболат Салқынбекұлының баяндамасында айтылды. Бұдан бөлек аудан басшысы ауылшаруашылығы, экономика, инвестиция, бөлшек тауар айналымы, өндірілген өнім, кәсіпкерлік, өнеркәсіп, жер қатынастары, ветеринария, құрылыс салаларына кеңінен тоқталып, жұмыс барысын толық баяндап берді.
Құрылыс демекші, аудан әкімі аталмыш салаға өз баяндамасында ерекше тоқталды. «Жалпы ауданда тұрғын үй кезегінде барлығы 1145 адам тіркелген. Осы тұрғындарды кезең-кезеңімен тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында өткен жылы Құлан ауылының «Арай» тұрғын алқабынан 80 пәтерлік 5 қабатты үйдің құрылысы басталды.Алғашқы үйдің құрылыс жұмыстарына 2020 жылға 80,9 млн. теңге бөлініп, жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізілуде. Құрылыс нысаны өтпелі болғандықтан, осы жылға 512,6 млн. теңге бөлінді. Келесі үйдің құрылысына биыл бюджеттен 113,3 млн. теңге бөлінген. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алуды рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде» деген аудан әкімі үшінші үйдің құрылысына жобалық-сметалық құжаттар дайындалып жатқанын айтты. Ерболат Салқынбекұлы сөз соңында мәдениет, білім, әлеуметтік, спорт, ішкі саясат, құқық, денсаулық салаларына тоқталып, індетті оңай еңсеру үшін қарапайым қағидаларға негізделген карантиндік талаптарды қатаң сақтауға шақырды. Өткен жылы атқарылған жұмыс аз еместігін, алдағы жылға жоспарланған жұмыстардың көп екендігін сөз етті. Аудан басшысы өзінің негізгі міндеті халықтың әл-ауқатын жақсарту жолында аянып қалмайтынын, осы бағыт бойынша барынша қолдау көрсетіп келе жатқан аудан жұртшылығына, зиялы қауым өкілдеріне, аудандық мәслихаттың депутаттарына, ардагерлерге үлкен алғысын жеткізіп, келесі кезекті тұрғындардың сауалына берді.
Тұрғындар тарапынан көптеген мәселелер көтерілді. Ең алғашқы сауалды Құлан ауылының тұрғыны Базарбай Қозғанбаев қойды. Ауыл ақсақалы киелі Құлан қалашығына аса көңіл бөлінбей жатқанын айтып өтті. Дәл осындай мәндегі сауалды аймаққа белгілі тарихшы Бекқұлы Әліұлы да қозғады. Қос қарияда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы ұсыныстар орынды екенін жеткізіп, сол бойынша тарихи жәдігерлерді көздің қарашығындай қорғау керектігін айтты. Аудан әкімі өз кезегінде халықаралық ұйымдардың қорғауында тұрған тарихи мұраларды қорғау керектігін, аталған мәселені заң аясында шешуге тырысатынын жеткізіп, хаттамаға енгізуді тапсырды. Келесі кезекте мінбеге көтерілген аудандық Қоғамдық кеңес мүшесі Бақытжан Іңкәрбеков өз сөзінде өткен жылдың еншісіндегі ауқымды жұмыстарды атап өтіп, аталмыш ілкімді істер еліміздің бірлігінің, аудан тұрғындарының ынтымақты тұрмысының арқасында орындалғанын айтты. Аудан басшысының жұмысына қана­ғаттанарлық деген баға берген еңбек ардагері бір-екі маңызды мәсе­лені де қозғап, орталық ауруханаға барар жолдың тарлығын және көше шамдарының ретсіз, мезгілсіз уақыт­тарда жанып-өшетіндігін бақы­лауға алуды ұсынды. Ұсыныстарды орынды деп есептеген аудан әкімі бұл мәселелермен жақын таныс екенін, жуық арада шамдарға қатысты олқы­лық­тар ретке келтірілетінін айтты. Ал ауруханаға баратын жолға қатысты мә­селе аудан әкімінің жіті бақылауында тұрғанын, биыл аталмыш көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынатынын, қаржы мәселесі шешілсе, автокөлік жолы да жөнделетінін жеткізді. Аудан әкімінің тыңғылықты жауабына риза болған кеңес мүшесі әкімдік қызметкерлерінің жұмысына сәттілік тілеп, алғысын айтты.
Ауданда ауыз су мәселесі ақырын­дап өз шешімін тауып келеді. Бүгінгі таңда аудандағы 42 елді мекеннің 26-да ауыз су жүйесі бар. Оның ішінде 17-і орталықтандырылған болса, 9-ы ескі су жүйесі. Ауыз суы жоқ 16 елді мекеннің 4-іне (Әбжапар, Жарлысу, Бәйтелі, Тасшолақ) өткен жылы жаңа құбыр жүйесі жүргізіліп, пайдалануға берілгенін жоғарыда атап өттік. Сонымен қатар, былтыр басталған Құлан ауылындағы ауыз су нысаны қайта жаңғыртылып, бүгінде жұмыстар аяқталуға жақын. Одан бөлек өткен жылы ауыз суы басты проблемаға ай­налған аудан орталығында орналас­қан Жангелді көшесіндегі мәселе де өз ше­шімін тапқан. Айта кетейік, шапағаты мол істің шарапатына бөленген Жангелді көшесінің тұрғындары да осы жиынға арнайы келіпті. Олар әдеттегідей толғандырған түйткілдерді айту үшін емес, 30 жыл көлемінде ше­шілмеген ауыз су, жол, жарыққа қа­тысты мәселелерді бір жыл көлемінде орнына келтірген аудан әкімі Ерболат Садырқұловқа алғыс айту үшін келген екен. Бір топ тұрғындардың атынан сөз сөйлеген ұлағатты ұстаз Гүлжан Беспаева әкімнің іскерлігіне тәнті болғанын айтып, шексіз ризашылығын білдірді. Иә, біз осы жиында жыл бойы жұмсалған күш-жігердің тұрғындар тарапынан айтылған алғыс арқылы өтелгенінің куәсі бола алдық.
Алғыс арқалаған аудан әкімінің есеп беру жиыны мұнымен аяқталған жоқ. Абай ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Рысбек Секербеков аудан әкіміне өткен жылғы атқарылған жұ­мыстарға ризашылығын білдіре келіп, Абай ауылына мәдениет үйін соғу, пилоттық жобаны өзге ауылдарда да жалғастыру қажеттігін алға тарт­ты. Әбдіқадыр Оңалбеков, Айнұр Баймұратова, Калима Әлібековалар асыл тұқымды мал басын көбейту үшін жер бөлу, індеттің алдын алу шараларын жүргізу, мониторингтік топтардың санын көбейту сияқты өзекті мәселелер көтерді. Аталмыш сауалдардың барлығына аудан әкімі толыққанды жауап қайтарды.
Жиында Ерболат Салқынбекұлына аймаққа белгілі блогер Исламбек Дастан да бес-алты сұрақ қойды. Әлеумет­тік желі белсендісі индикаторлық көрсеткіштердің орындалуын, ка­налдарды жөндеу үшін несие алу, М.Горький атындағы орта мектепке көгілдір отын жүйесін жүргізу, жер дауы сынды мәселелерді көтерді. Осы ретте облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі жолдаған сұрақтарға аудан әкімі толыққанды жауап бергенін, әрбір мәселенің түйткілін тереңірек түсіндіргенін айта кетейік.
Жиын соңынан сөз алған аудан­дық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов аудан ісіне бі­лек сыбана кіріскен жастарға қолдау көрсетуге, аудан жұртшылығы ара­сындағы татулықты, бірлікті сақтау­ға шақырып, аудандық ардагерлер Кеңесінің атынан аудан әкімінің жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді.  

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: