Ағаш көшеттері отырғызылды
52 ViewsТазалық – әр адамның жеке жауапкершілігі. Біз өз ауламызды, көшемізді таза ұстасақ, өмір сүру сапасы да айтарлықтай жақсарады. Өткен сенбіде «TazaLike» жобасы шеңберінде «Болашақты…
1 АҚПАННАН БАСТАП ЕЛІМІЗДЕ РЕСЕЙЛІК «SPUTNIK V» ВАКЦИНАСЫН САЛУ БАСТАЛҒАНЫ БЕЛГІЛІ. СОДАН БЕРІ ЕЛ ІШІ ЕКІГЕ ЖАРЫЛЫП, ЕКПЕ ЕГУ МӘСЕЛЕСІНДЕ ЕКІҰДАЙ ПІКІР ҚАЛЫПТАСТЫ. МАМАНДАР ВАКЦИНА САЛУ ӨЗ ДЕНСАУЛЫҒЫҢНЫҢ АМАНДЫҒЫНА КЕПІЛДІК БЕРЕДІ ДЕСЕ, ХАЛЫҚ БҰЛ НӘРСЕНІ ҚҰПТАМАЙ, ҚОРҚЫНЫШТЫҢ ҚАРМАҒЫНА ІЛІККЕН ЖАЙЫ БАР. БҮГІНДЕ ҮРЕЙМЕН КҮН КЕШІП, КЕСЕЛ МЕСЕЛІ ҚАШАН ҚАЙТАР ЕКЕН ДЕП ЖҮРГЕН ЖАНДАР ҮШІН БҰЛ МӘСЕЛЕ ЖҮК ҮСТІНЕ ЖҮК АРТҚАНДАЙ. АЛАЙДА ТЕЛЕДИДАР МЕН ГАЗЕТ-ЖУРНАЛДАРДАН ҮН ҚАТҚАН МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ВАКЦИНА САЛУДЫ КОРОНАВИРУСКЕ ҚАРСЫ ҚАЛҚАН ЕКЕНІН ЕСКЕРТІП ЖАТЫР. ОСЫ ОРАЙДА БІЗ БҰЛ МӘСЕЛЕНІҢ МАҢЫЗЫ МЕН МАҒЫНАСЫН САРАПТАП, ЕКІ БАҒЫТҚА БӨЛІНГЕН ЖАНДАРДЫҢ ПІКІРЛЕРІН САРАЛАП, САЛА МАМАНДАРЫМЕН АЗ-КЕМ ТІЛДЕСІП КӨРГЕН ЕДІК.
Сала мамандары не дейді?
Коронавируске қарсы екпе егу – бүгінде халық арасында резонанс тудырған мәселелердің көш басында тұр. Трендтегі тақырыптың өзектілігі халық пікірінің екіұшты болуынан деп есептеу керек. Себебі, үміт пен үрей, қорқыныш пен қуаныш арпалысқан алмағайып мына заманда қарапайым халық әр нәрсеге сенімсіздікпен қарайтын болды. Бірақ сала мамандары ел арасында жүріп жатқан қауесеттерге мән бермей, өз деніміздің саулығын күтуге барынша шақырып жатыр. Ауруға қарсы вакцина салу 3 кезеңнен тұратыны мәлім. Бұл мәселе бойынша еліміздің Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой: «Бірінші кезеңде инфекциялық ауруханалардың, жедел жәрдем қызметінің, реанимация және қабылдау бөлімдерінің, санитарлық эпидемиологиялық бөлімнің қызметкерлері вакцина салдырады. Бұл шамамен 100 мың адам» деген еді. Соның ішінде Жамбыл облысының 835 медицина қызметкері осы бірінші кезең аясында коронавирус инфекциясына қарсы вакцина қабылдады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қазір облыс орталығындағы 9 емхана мен өңірдің 10 ауданында коронавирус індетіне қарсы вакцинация кабинеттері жұмыс істеуде. Соның бірі біздің ауданда орналасқан. Аудандық орталық аурухананың эпидемиологиялық дәрігері Айдана Ниязбекова осы бірінші кезеңде екпе егу жұмыстарының сәтті өткенін айтады.
– Жалпы осы уақытқа дейін аудан көлемінде коронавирус індетіне қарсы 50 адам вакцина салдырды. Оның ішінде 39 адам медицина саласында қызмет етіп жүрген жандар, ал 11-і санитарлық эпидемиологиялық бөлімнің мамандары. Қазіргі таңда бәрі де қалыпты жағдайда. Кейбір адамдардың бойында дене қызуы байқалған жағдайлар орын алды. Алайда бұл ұзаққа созылмайды, адамдар көп дегенде 1 күннің ішінде құлан таза айығып шығады. Осы кезеңде аудан бойынша 50 адамға екпе егілсе, екінші кезеңде 196 адамға вакцина салу жоспарда тұр, – деді Айдана Ниязбекова. Әлемді шарпыған аты жаман індет етек жайып барады. Ресми статистикаға сүйенер болсақ, әлем бойынша 108 миллион адамда ауру белгілері байқалған. Ал, елімізде 250 мың адамның бойынан коронавирус анықталған. Оның 3138-і қайғылы жағдайға тап болған. Бұл аса көз қуантарлық, көңіл көншітерлік хабар емес. Алайда «Жамбыл облысы мен ауданымыздағы жағдай бірқалыпты» дейді эпидемиологиялық қызметкерлер. Аталмыш сала мамандарының көрсеткен мәліметі бойынша ауданымызда алғаш коронавирус белгісі өткен жылдың 22 мамырында тіркелген екен. Міне, сол уақыттан бастап аудан көлемінде 211 адамның ағзасынан осы кесел байқалған. Оның ішінде 12 адам қайғылы жағдайға душар болды. Бүгінде аудандық орталық ауруханада 12 адам коронавируспен ауырып жатқанын ескерер болсақ, індеттің әлі де өте қауіпті екенін аңғаруға болады. Сол себепті сала мамандары: «Қазіргі таңда өршіп тұрған COVID-19 ауруына салауатты өмір салтын ұстанумен қатар, екпе егу арқылы қарсы тұра аламыз» дейді.
Эпидемиолог- дәрігер Айдана Ниязбекова да: «Қазір той-томалақ, соғым басы секілді көпшілік жиындар қайтадан белең алып бара жатыр. Қоғамдық орындар мен сауда орталықтарында жүретін жандардың қарасы өте көп. Бұл індеттің ары қарай кең түрде таралуына әкеліп соқпасына кім кепіл?» деп өзі де алаңдаушылық білдіріп отыр.
Қазақстаннның Денсаулық сақтау министрі А.Цойдың мәлімдеуінше, осы жылдың соңына дейін 6 миллион адамға вакцина салу жоспарланған. Министр мырза да: «Екпе ресми түрде шыққан кезде алғашқылардың бірі болып Qaz Covid-in вакцинасын салдырамын. Қазіргі таңда халыққа жаппай вакцина салуды ұйымдастыру – ең маңызды міндет болып табылады» деген еді. Міне, ақ жағалылардың халықтың сеніміне селкеу түсірмеу үшін жаппай вакцина қабылдап жатқанын БАҚ-тан, әлеуметтік желілерден көріп, хабардар болып отырмыз. Олардың қатарында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та бар. Өңір басшысы да вакцина салдырғаннан кейін оның ешқандай кері әсері болмағанын айтып, екпе егу пандемияны бақылауға алуға көмектесетін маңызды құрал екенін атап өтті.
Вакцина қауіпті ме?
Халық неден қорқады?
Елімізде жаппай вакцинация өтеді деген хабар тарасымен, қарапайым халық үрейлене һәм қобалжи қарағаны рас. Бұл сенімсіздік халық арасында әлі де бар. Біреулері «екпені күштеп егеді» деп қорықса, екіншісі «вакцина құрдымға апарады» деп күдіктеніп жүр. Бұған себеп болып отырған «WhatsApp», «Facebook», «Instagram» секілді түрлі әлеуметтік желілердегі хабарламалар мен мессенджерлер. Танымал әзілкештердің вакцинация туралы әзіл-қалжыңға толы видеолары мен фотолары да халық арасына тез тарап жатқан жайы бар. Әзіл-қалжың десек те, астары ауыр, салмағы пілсауыр. Әрине, осындай дүниелерден кейін халық кімге сенерін білмей қалды. Жұрт жабырқап, тұрғындар торығып жүр. Осы мәселеге байланысты көптеген жандармен тілдесіп едік: «Вакцина қабылдамаймын» деген тұрпаттағы пікір иелері едәуір көп екенін аңғардық. Солардың бірі – Құлан ауылының тұрғыны Гүлнұр Байымбетова.
– Өзім әлеуметтік желіні жиі қолданатын жанның бірімін. Сонда отырғанда, біршама чаттардан түрлі бағыттағы хабарламалар келіп жатады. Соңғы уақытта коронавируске қарсы екпе егуге қатысты мессенджерлер көбейіп кетті. Көбі күштеп екпе егу жайлы. Осындай тақырыптағы фото, бейне материалдарды көрген соң бойымда үрей пайда болғаны жасырын емес. Қай ақпарат рас, қай мәлімет өтірік екенін ажырата алмай қалдық қой, – деген Гүлнұр Байымбетова өзінің қорқынышын жасырмады.
Ал министрлік өкілдері мәжбүрлеп екпе егу туралы мағұлматтарды шындыққа бір елі де жанаспайды десе, депутат Қазыбек Иса: «Халықты өз еркінен тыс ешкім вакцина қабылдауға міндеттей алмайды» деген пікірді айтып еді. Осыған қатысты біз эпидемиолог-дәрігер Айдана Ниязбековадан да сұрап көрдік. «Жалпы вакцинация туралы жел сөздерді ел арасына іріткі салғысы келетін үшінші жақтағы адамдар шығарып жатыр. Өзім де осындай хабарлардың бір-екеуін көзім шалғаны рас. Алайда халыққа бұл ақпарат мүлдем қате екенін тағы да ескерткім келеді. Осы бірінші кезеңде ауданымызда 50 адамның екпе салдыртқаны жөнінде жоғарыда айтып өттім. Осы вакцина салдыртқан адамның бәрі де өз еркімен келді. Сол үшін желдей гулеген осындай қорқыту, үркіту мақсатында шығарылған қауесеттерге сенбеңіздер» дейді Айдана Ниязбекова.
«ЖҮЗГЕ БӨЛІНГЕННІҢ ЖҮЗІ КҮЙСІН» ДЕЙТІН ХАЛҚЫМЫЗ ЕНДІ ТҮСКЕ БӨЛІНЕТІН БОЛДЫ МА?
Вакцинация туралы хабардың шығуымен қатар коронавируске қарсы вакцина алғандарға арнайы QR-код берілетіні жөнінде хабарлар тарады. Бұл туралы цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі хабарлап, қазақстандықтар қызыл, сары, көк, жасыл түске бөлінетіні жайлы айтты. Азаматтардың түсі олардың коронавируспен ауырғаны және ПТР анализдерінің бар-жоғын анықтайтын болады. Онда адамның екпе алғаны не алмағаны жөнінде толық мәлімет сақталады. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, ақпарат «EgovMobile» қосымшасына енгізіледі.
– Отандық мобильді қосымшаны жеке иммундық мәртебе туралы ақпарат қамтылған QR-кодтарды енгізу бөлігінде толықтыру үшін «EgovMobile» мобильді қосымшасын іске қосу жоспарланып отыр. Қосымша «Ashyq» медициналық қосымшасымен интеграцияланады, – деді А.Цой.
Тарқатып айтар болсақ:
– қызыл түс қозғалыстың шектелуін, амбулаторлық бақылауда тұрған адамдар үшін үйде оқшаулануы керек екенін білдіреді;
– сары түс – қозғалысты ішінара шектеу. Яғни, адам ПТР базасында вирус жұқтырған тұлғамен байланыста болған деп бекітіледі. Ондай тұлғалар үйінен 500 метр алшақтықта орналасқан азық-түлік және құрылыс дүкендеріне, дәріханаларға бара алады;
– көк түстегі адамдардың қозғалысына шектеу жоқ. Бірақ ПТР тестілеуі қажет жерлерде анықтамасы болуы шарт;
– жасыл түс қозғалысқа шектеулер жоқтығын білдіреді және бұл пайдаланушы деректер базасында COVID-19 теріс нәтижесімен ПТР тестілеуден өткен деп көрсетіледі.
БҰЛ МАҚАЛАМЫЗДА САНА МЕН СЕЗІМ, ЖҮРЕК ПЕН АҚЫЛ АРАСЫНДАҒЫ АРПАЛЫСҚАН ҮРЕЙДІ, ҚОРҚЫНЫШ ПЕН ҚОБАЛЖУДЫ, МАМАНДАРДЫҢ СЕНІМГЕ СЕЛКЕУ ТҮСІРМЕС КЕҢЕСТЕРІН ТАЛҚЫЛАП, СІЗДЕРГЕ ҰСЫНДЫҚ. ВАКЦИНАЦИЯ ЖӨНІНДЕГІ ПІКІР-ТАЛАС ТУҒЫЗАТЫН МӘСЕЛЕЛЕРГЕ ТАЛДАУ ЖАСАДЫҚ. ӘРИНЕ, ЕКПЕ ЕГУ – ӘР АДАМНЫҢ ӨЗ ІШКІ ЖАН ҚАЛАУЫНА БАЙЛАНЫСТЫ. ҚАЛАСА ВАКЦИНА САЛДЫРАДЫ, ҚАЛАМАСА ОНЫ СӨГЕР ЖАН ЖОҚ. АЛАЙДА ДЕНСАУЛЫҚ – БАСТЫ БАЙЛЫҚ. ӘР ТАҢЫҢДЫ САУ ӘРІ АМАН АТЫРУЫҢ – ЖАРТЫ БАҚЫТ ЕКЕНІ СӨЗСІЗ. СОЛ ҮШІН ИММУНИТЕТІМІЗДІҢ ИГІЛІГІНЕ ҚЫЗМЕТ ЕТІП, ДЕНІМІЗДІҢ САУЛЫҒЫН ҚОРҒАП, САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫН ҰСТАНАЙЫҚ. СЕБЕБІ ДЕНСАУЛЫҚ ЖАРҚЫН ӨМІРДІҢ КЕПІЛІ.
Ахмет ҚАМШЫБЕК.