Қазақ тілі – ұлтаралық қатынас тілі
Әлемде қанша ұлт болса, оларды бір-бірінен даралап тұратын басты бойтұмары – туған тілі. «Әр халықтың ана тілі – білімнің кілті», – деп Ахмет Жұбанов тілдің адамзат өміріндегі маңызын аша түсті. Ана тілінің құдіреті жайлы қаншама ақын-жазушыларымыз, ойшылдарымыз құнды пікірлер қалдырды. Осынау бабаларымыз сөйлеп, даналарымыз толғап, аналарымыз әлдилеп өскен туған тіліміз еліміздің болашағының көркеюіне зор ықпал етуде.
«Еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасай береміз. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы Жолдауында.
Ұлтаралық тіл – көп этникалық мемлекеттерде халықтардың өзара қарым-қатынастарын қамтамасыз ететін сөйлеу құралы. Ұлтаралық тілді сол мемлекетте өмір сүретін азаматтардың басым бөлігі білуі керек. Елдегі басым тіл болғандықтан шаруашылықты ұйымдастыру, қаржы жүйесі, ақпарат, баспасөз, билік институттары негізінен ұлтаралық тілде қызмет атқарады. Сол себепті Қазақстанда ұлтаралық қатынас тілін сақтай отырып, қазақ тілін соның дәрежесіне көтеру міндеті тұр. Қолдану аялары көбейе түскен қазақ тілінің де келешекте елдегі ұлтаралық тіл дәрежесіне көтерілетін қуаты да, тілдік қоры да жеткілікті.
Расымен де, біз бүгінгі таңда ұлт – мемлекет деген түсінікке жеттік. Ал Қазақстан – бір мемлекет, бір ел, бір халық. Сондықтан «ұлтаралық» ұғымын мемлекетаралық, халықаралық деп түсініп, қазақ тілін халықаралық тіл деңгейіне көтеру керек. Алтын Орда, Дешті Қыпшақ тарихи кезеңдерінен бастап, ғасырлар бойы қазақ тілі халықаралық қатынас тілі болып келді. Сондықтан бұл тәжірибе бұрыннан қалыптасып келген. Болашақта қазақ тілі ғылымның, өндірістің, инновацияның, экономика мен мәдениеттің халықаралық тілі бола алатынына сеніміміз мол. Десек те, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту үшін насихат қажет. Оқыту курстарының да жұмысы үздіксіз жүргізілуі тіл жанашырлары үшін өте маңызды болмақ.
Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде. Қазақ тілі 2025 жылға қарай өңірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналары анық. Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу» – десе, қазақ халқының ұлттық коды қазақ тілінде. Ал қазақ тілінің мәртебесін көтеру – әрбір қазақстандықтың басты парызы.
Гүлмираш Қырықбаева,
аудандық білім бөлімінің әдіскері.