Мақалдан мағына, мәтелден мәйек кеткенде…

670 Views

Мақал-мәтел – қоғамда орын алатын түр-түсі әрқилы құбылыстардың қиюын келтіріп, ықшам формада қалыптасқан ауыз әдебиеті үлгілерінің озығы. Қаншама тартыстар мен таластардың түйіткілге толы түйінінің тарқатылуына осы қысқа да нұсқа мақал-мәтелдер себепші болған. Қисынға келмес, шешуі қиын, жауабы бұлдыр дүниелердің діңгегі мақал-мәтелде жатыр. Бұл қанша жылдық өнеге мен өрнектің жемісі, қоғамдық құбылыстардың бұлтартпас ақиқаты. Жарық дүниеге келген күннен бастап әке-шешеміз, ата-әжеміз небір сырлы сөздерге бай ауыз әдебиетінің үлгілерімен сусындататын. Оның қатарында мақал-мәтел болуы заңды. Алғаш еңбектеп жүрген баланы көріп: «Батыр болар бала титтейінен белгілі» деп жорамал жасайды. Қаз-қаз басып, құлдыраңдап жүгіріп жүрген кезіңде сүрініп кетсең: «Бала жетіге толғанша, жерден таяқ жейді» деп демесін болады. Байқасаңыз, мақал-мәтел өмірден алынған, өмірден өрілген. Жыласаң, жұбатады. Қуансаң, қасыңнан табылады.
Міне, осындай сән-салтанаты жарасқан, әдебиет өлкесінің негізіне айналған мақал-мәтелдердің де қолданылу аясы шектеліп, сыни тұрғыдан дүдәмал ойларға жетелейді екен. Абай өзінің жиырма тоғызыншы қара сөзінде осындай бірқатар мақал-мәтелдерге талдау жасап, сынға алады. Ал біздің мақсат – сынау емес. Тек осы тақырып бойынша өзіміздің жеке субъективті пікірімізді білдіру.
Қазақтың бір мақалы – «Халық айтса, қалт айтпайды». Көптен бері қоғамда өзіндік орнын шегендеген сөздердің бірі. Алайда, қазіргі таңда халықтың не айтып жүргеніне, қандай хабар таратып жатқанына ел арасында жүрген жел сөздер дәлел. Әлеуметтік желі мен интернет сайттарда жазылып, айтылып жүрген жалған хабарламалардан көз тұнатын дәрежеге жет­тік. Мысалы, «Димаш Құдайбер­геновтің ұлты қырғыз екен», «Коронавирус 10 жылдан кейін жойылады екен», «Қайрат Нұртас әйелімен ажырасып кетіпті» деген сипаттағы әңгімелер әсте ақпарат ағынында ойқастап жүр. Міне, біздің ортадағы әңгіме осы бір әншілер мен әртістердің, әсіре ұраншылдар мен «ақыл сататындардың» айналасындағы тұрмыстық, пендешілік деңгейден аса алмай тұрған жайы бар. Осындай бір-біріне дес бермейтін гу-гу, кеу-кеу сөздердің авторы да өзіміздің арамызда жүрген жандар. Осындай хабарларды еститін ақпараттық сауаттылығы төмен, фактчекке бой ұра бермейтін жандар үшін бұл – үлкен проблема. Осыдан кейін «халықтың қалт айтпайтынына» қалай сенеміз?
Қазақтың тағы бір мақалы – «Көппен көрген ұлы той». Менің ұғымымда бұл сөз мүлдем қисынға келмейді. Мүмкін, сыналар шақта, қиын сәтте көппен бірге болуды айтқысы келген шығар. Алайда, мені қынжылтатыны – бір келеңсіз, ыңғайсыз жағдай орын алғанда «Көппен бірге көреміз. Көппен көрген ұлы той» деп артын жылы жауып қоятыны. Менің ұғымымда әркімнің өмірінде өзіндік бұрылыс пен кедергісі болады, тұп-тұлдыр жазығы да, таулы-қыраты да болады. Ал осындай жауапты кезеңдерде ызғын мен нөпір арасында жүріп, еш қам-қарекет жасамауы – үлкен қиянат. Менің ойымша, көп арасында елеусіз ғана жүріп, тәуекелі мол кезеңдерде үнсіздік таныту адамды көгертпейді.
Қазақтың және бір мақалы – «Аш бала тоқ баламен ойна­май­ды». Бұл таза әлеуметтік теңсіздіктің шектен шыққан түрі. Осы уақытқа дейін жағдайы оңды жігіттермен де араластық, қанағатпен күн кешіп жүрген жандармен де жолдас болдық. Ешқандай кемсіту, қорлау атымен болған жоқ. Ал жоғарыда айтқан мақалымыздың мағынасы осы сәтте маңып кеткендей болды. Анығында, бұл мақалдың дұрыс нұсқасы – «Аш бала тоқ баладай ойнамайды». Расында, ойлауы мен толғануы орасан зор бала ойыны көп бала секілді өзін еркін сезіне алмайды. Бұл қоғамда қалыптасқан құбылыстардың бірі.
Айтқың келген ұзын да шұбалаңқы ойыңды ұтымды түрде құрылған мақал-мәтел арқылы жеткізуіңе әбден болады. Үлкен қариялардың «Ата-бабамыз үлкен даудың шешімін бір ауыз сөзбен тындырған» деп басталатын әңгімелері дәп осы мақал-мәтелге арналғандай. Расында, мақал-мәтел ақыл-ойдың ширығуы арқылы пайда болған. Сөзіңнің нәрін де, барын да осы сырлы сандықтың ішінен табатының анық. Тек оның кілтін таба білсең ғана…

Ахмет ҚАМШЫБЕК.

Поделиться ссылкой: