Қарт ананы құттықтады
27 ViewsЖурналистика – жүрекке салмақ салатын мамандық. Неше түрлі кейіпкерлермен тілдесесің. Бірінде қуанасың, енді бірінде кейбір адамдарға қолдың қысқалығынан көмектесе алмай, «өзіңді-өзің жейтін» сәттер көп…
Тәуелсіздік ұғымы санаға елдіктің озық белгісі ретінде сіңісіп, бойымызға ұлттың ұлы қасиетіндей бойлайды. Бұл ұғым арқылы біздің санамызға небір киесі мен қасиеті қатар жарасқан құндылықтар ойға оралады. Тәуелсіздік – атаның қанымен, ананың сүтімен бізге жанкештілікпен жеткен ұлы дүние. Тәуелсіздік жолында ата-бабаларымыз небір қиын-қыстау заман мен үрейлі үркіншіліктерді бастан өткерді. Бұл жолда көрген қиындықтарын таразыға салар болсақ, қиыншылықтың қисапсыз екенін байқаймыз. Тәуелсіздік – бабалар аңсауы, жас ұрпақтың қолы жеткен киелі құндылығы. Тәуелсіздік – таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөз.
Тарихтың тереңіне үңіліп, әрбір тас бетінде қалған таңбаларға қарап бабаларымыз жасап келе жатқан дәуірлердің есебінде кеткен шайқастар, аштық, жау тылында қалған жұрттың әрбір қаны мен көз жасына қарап тәуелсіздіктің қандай керемет ұғым екенін сезінесіз. Біз бейбіт елдің ұрпағымыз, біз еркін елдің ұландарымыз. Бірақ бізге дейінгі осынау ұлан байтақ жерді, елді аманаттап келе жатқан батырлар мен ұлы тұлғалардың төккен тері өз алдына бір төбе. «Кие» деген сөздің өзі үлкен мәнге ие. Оның астарында тоғысып кететін бүкіл бір тағдырдың тауқыметі мен қасиеті жатыр. Сондықтан да еркіндікті аңсап өткен халқымыз үшін тәуелсіздікке баға жетпес байлық. Арысы Қазақ хандығынан бастап, берісі егеменді елдің іргесіне дейінгі көшті жалғастырып келе жатқан, атадан тараған ұрпақтың парызы осы аманатты сақтау. Отанды қастерлеп өту – әрбір ұрпақтың міндеті. Қазақта «Отансыз адам ормансыз бұлбұл» деген сөз бар. Орманы жоқ құстың ұясы да, қонар бұтағы да жоқ. Дәл сол секілді тірлік кешу ортасы жоқ ұлттың өмір сүруі мүмкін емес.
Қазақ хандығы өз іргетасын қалағаннан бері қазақ елінің көрмеген құқайы жоқ. Солтүстіктен ормандай орыс, шығыстан жоңғарлар мен қалмақтардың қыспағында тұрып, біздің халық бірде жеңілді, бірде жеңді. Сонда да, осы уақыттар арасында қанша шайқасса да, өз рухын, өз елдігін жоғалтпады. Батырлардың жігерлері жандана түсті. Сөйтіп, XIX ғасырға да жетті қазақ елі. Осы заманда Кенесары, Махамбет, Исатай секілді елі үшін туған ерен жандардың ерліктері өлшеусіз. Осы кезеңдерден кейін алаштықтардың заманы орнады. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған ат төбеліндей зиялы қауым өкілдері елі үшін жанын берді. Жансебіл жан ретінде ұлтының тағдырының оңалуына септесті. Рухани бағытта да, саяси бағытта да, экономика тұрғысынан да елін ұшар биікке дейін көтергісі келді. Алайда қылышынан қан тамып тұрған Кеңес Одағы оған мүмкіндік бермеді. Бәрі де ұлт тағдыры, ел тәуелсіздігі жолында мерт болды. Бұл патриотизмнің озық үлгісі деп санар едім. Ел тәуелсіздігін алу жолында Желтоқсан оқиғасының да алар орны ерек. Қайрат, Ербол, Ләззат секілді жалынды жастардың алаңда төгілген қаны мен жасы ұлт тағдырының ащы парақтарының еншісінде қалды.
16 желтоқсан – еліміздің егемендігін жариялаған күн. Сол күні көгімізде тәуелсіздік туы желбіреді. Содан бері 30 жылға таяу уақыт өтті. Осы өшпес жылдар белесінде Қазақстанның экономикасы қарыштап дамыды. Саясаттағы сындарлы бағыт өз жемісін беруде. Береке, бірліктің арқасында әлем таныған іргелі мемлекетке айналдық. Ғасырлар бойы арман еткен егемендікті қазақтың басына қонған бағы, астына орнаған тағы деуге болады. Қазақ елі талай белестерді бағындырды. Желтоқсанда жарқ еткен жалынды жастар қазаққа азаттық таңын сыйға тартқандай болды. Осылайша күллі жаһанға қазақтың қайратын, айбынын танытты. Қазіргі тәуелсіз Қазақстан – ата-бабаның орындалған шұғылалы арманы, сарғайып күткен сағынышы. Тәуелсіздік таңын аңсаған ата-бабаларымыздың асқақ арманы орындалды десек, қателеспейміз. Сондықтан да тәуелсіздік тарихы арнайы әңгімеге үздіксіз тиек боларлықтай ұлы тақырып екендігін қазіргі ұрпақ ешқашан естен шығармауы керек. Тәуелсіздікке ынтымағы жарасқан, ауыз бірлігі берік халық қана қол жеткізе алатынын өткеніміз нақты дәлелдеп берді. Сондықтан о бастан-ақ рулар тайпаларға, тайпалар одақтарға, ал тайпалық одақтар елге, халыққа айналу үшін үздіксіз күресті, жан алысып, жан берісті. Өйткені халық болып қалыптаспай, тәуелсіздікті баянды түрде қолда ұстап тұру да мүмкін емес еді. Мұны бұрынғылар жақсы түсінді.
Қазір елімізге тыныштық заман орнап, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман келді деп мақтанышпен айта аламыз. Артқа тастаған отыз жылдың ішінде не атқардық деген сауал туса, тізбектеп сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бір мемлекетке жетерлік іс тындырылды және жүзеге асырылды. Экономикалық жағдайымыз жақсарып, әл-ауқатымыз артты. Қазақ мектептері мен балабақшалардың саны артты. Білім мен денсаулық жағдайына аса мән берілді. өзге елдермен қарым-қатынасымыз жақсарып, саяси және мәдени қатынастар да үдей түсті. Еліміздің барлық саласындағы қызметкерлерге шет елдің түрлі саладағы мамандарымен тәжірибе алмасуға жағдай жасалды. Осының бәрі тәуелсіз елдің мақтанышы деуге болады. Еліміздің туы көкте қалықтап, ынтымағы жарасқан қуатты мемлекетіміздің абыройы арта берсін, ардақты ағайын.
Мұратбек ӨМІРЗАҚОВ,
«Құлан таңы» газетінің бас редакторы.