АЛҒЫС АЙТУ КҮНІ

779 Views

1 наурыз – Алғыс айту күні. Санама осы сөз ұялап жұмысқа келдім. Сонда алдымен алғысты кімге айту ләзім? Менің түйсігім: «Алдымен сені осы жарық дүниеге әкелген анаңа, одан соң әкеңе алғыс айт!» деп тұр. Қасиетті Құран Кәрімде де солай жазылыпты. Кабинетіме кірер, кірместе жас қа­лам­дастарым келіп маған алғыстарын айтып жатыр. Аузында рақметі бар осындай азаматтарың болса, оларға да Алланың мың алғысын айтуға болады ғой. Осыған сәйкес менде әріптестеріме ризашылығымды білдіріп, алғысымды айттым. Түске қарай газеттің бас редакторы мені аудандық мәдениет үйінде Алғыс айту күніне орай өтетін рәсімге жіберді.
Үлкен үйдің алды да, фойесі де мерекедегідей, қалай десем екен…Қызылды-жасылды әр ұлттың киімдерін киген алты этно-мәдени бірлестік өкілдері кәдімгі қырға шыққан қызғалдақтай құлпырып тұр. Бір кезде аудан әкімі келіп табалдырықтан аттағаны сол еді, оның қарсы алдынан әлгі алты ұлттың өкілдері нан мен тұзын ала шықты. Аудан әкімі Ерболат Садырқұлов пен аудандық ақсақалдар Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов орыстың каравайынан да, қазақтың көмбеш нанынан да, өзбек пен немістің, тіпті қырғыз бен қарашайдың да меймандос дәмінен ауыз тиіп, фойедегі әлгі ұлттардың этносына лайық қойылған тұрмыста тұтынып жүрген заттарымен танысып, олардың салты мен мәдениетін паш ететін киім үлгілерін көрді. Әсіресе, таулықтар киетін «жәмши» мен «башлық», яғни қазақтың түнемелге киетін тұлыбы мен сеңсең бөркінен аусашы.
Бір қызығы неміс этно-мәдени орталығының жетекшісі Елизавета Рафаэловна Шарипованың өз ұлты татар да, күйеуі өзбек екен. Осындай ұлысаралық байланыс қарашай мен қырғыз ұлтының ортасында да бар. Сонау 1943 жылдың қараша айында Құлан өңіріне 158 қарашай, 115 қырым татары, 187 шешен, 100-ге тарта немістер қоныс аударып келіпті. Е.Р.Шарипова: «Сонда бізді қазақтың әр отбасы өз ошағына шақырып, кеңпейілдік танытты. Оттың ғана емес, жанының жылуын берді. Содан бері татулықтың не екенін, ел қуаты бірлікте екенін жан дүниемізбен сезініп келеміз» дейді ол көзіне жас алып.
Осыдан соң үлкен залда этно-мәдени бірлестіктердің «Алғысым шексіз» атты концерттік бағдарламасы көрсетілді. Залға жиналғандарды аудан әкімі «Алғыс айту» және Қазақстан халықтары Ассамблеясының құрылған күнімен шын жүректен құттықтады. Одан соң оларды аудандық қоғамдық келісім Кеңесінің төрағасы Серік Өтегенов құттықтап өтті.
Сахна төрінде орыстың «Сударушка», немістің «Медиваль» ансамбльдері өнер көрсетті. Қарашай этностық «Эльбрус» ансамблінің жетекшісі Абдулла Байрамуков кавказдың «Дарьянка» әнін билеп жүріп айтып берді. Қырғыз ұланы Жанболат композитор Шәмші Қалдаяқовтың «Әкеме» әнін нақышына келтіре орындады. Сондай-ақ, «Сұлутөр» ән-би ансамблінің өнерпаздары Аружан Оразалы мен Айша Жүнісова да тақырыпқа сай әуезді ән орындады.
Осынау көзайым рәсім соңында «жүзі басқа болса да жүрегі бір, түрі басқа болса да тілегі бір» әр ұлт пен ұлыс өкілдері бір үйелменнің баласындай болып суретке түсіп, бір-біріне ақ алғыстарын айтып тарқасты.

С.Қожеке.

Поделиться ссылкой: