Темір қалдықтарынан трактор құрастырған

672 Views

СОҢҒЫ КЕЗДЕРІ АЙБЕК СӘРСЕХАНҰЛЫ БАСТАҒАН ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҰЖЫМЫ ӨЗ ЖҰМЫСТАРЫН ЖҮЙЕЛІ ЖОСПАРЛАРҒА НЕГІЗДЕП, НӘТИЖЕЛІ ІС ТЫҢДЫРУДА. ОЛАР АУДАНДА ЖАСТАР САЯСАТЫН ЖҮРГІЗІП ҚАНА ҚОЙМАЙ, ШАЛҒАЙ АУЫЛДАРДАҒЫ ТАЛАНТТЫ ӘРІ ТАЛАПТЫ ЖАСТАРДЫ ІЗДЕП ТАУЫП, ОЛАРҒА ҚОЛДАН КЕЛГЕНШЕ ҚОЛДАУ КӨРСЕТУДІ КӨЗДЕЙДІ.

Жуырда дәл осындай мақсатпен тау бөктерінде орналасқан, қанатқақты жоба жүзеге асқан, ауылшаруашылығы ілгері дамыған, ата кәсібі атадан балаға дарыған Құмарық ауылына бардық. Орталық басшысы бізді өнертапқыш, қажетсіз темірлерден трактор құрастыратын Жанболат Әмірдің шаңырағына апарды.
Жанболат 1993 жылы аталмыш ауылда дүниеге келген. Бала кезінен ауылшаруашылығы саласындағы техникаларға әуес бол­ған жас жігіттің бүгінде қолынан келмей­­тін іс жоқ. Бесаспап жігіт дәл қазір ауыл тұрғындарының көліктерін жөн­деу­­мен айналысады. Сондай-ақ, ол қосым­ша қажетсіз темір қалдықтарынан трак­тор құрастыруды әдетке айнал­дыр­ған. Сенесіз бе, Жанболат бүгінге дейін үш бірдей ауыр техниканы жинап шығарып, таныстарына сатып та үлгеріпті. Біз барғанда ол келесі төртінші тракторының кем-кетігін түгендеп жүр екен. «Бұл менің құрастырып шығарғалы отырған төртінші тракторым. Алдыңғы екеуін қазір қайда екенін білмеймін. Ал соң­ғысын жақын маңдағы Жарлысу ауы­лының тұрғындары күнделікті күй­бең тіршілікке пайдаланып жүр. Құрастырылып жатқан мына трак­то­рым бұрынғыларынан өзгерек. Олай деуімнің басты себебі – ауыл шаруа­шылығына өте қолайлы. Қазіргі таңда 50 пайыздық жұмысы қалды. Толық­тай аяқталса, әмбебап техника болайын деп тұр» деген Жанболат қазірдің өзін­де құрастырған тракторына қызығу­шы­лық танытып жүргендердің қата­ры көп екенін әңгіме барысында айтып қалды.
Өнертапқыш тракторын құрасты­рып шығару үшін 20-ға жуық көліктің бөлшектерін қолданған. Нақтырақ айтатын болсақ, трактордың қоз­ғалт­қышы ретінде аты аңызға айналған мықты ауыр көліктердің бірі «ДТ-ның» маторын таңдап алыпты. Ал көлікті басқару жүйесіне Жанболат жапон­дық «Мазда» жеңіл автокөлігінің бөлшектері ыңғайлы деп есептеген. Тежегіш бөліміне «Ауди» көлігінің бөлшектері қолданылса, кеңестік кезеңде аты шыққан «ЗИЛ» көлігінің кей бөліктері беріліс қорабы ретінде салынған.
Жанболат өзінің тракторын өзге техникадан әлдеқайда ерекше деп есептейді. Оның айтуынша аталмыш техника шөп жинауға өте қолайлы екен. «Қазіргі шаруалар қос бірдей істі бір мезетте атқаратын техниканы таңдайды. Бұл қаржы мен уақытты үнемдейтіні белгілі. Бірақ, ондай көліктер шыға­рылымда жоқ. Сол себептен де мен ше­телдік көліктерді барынша зерделеп, кем тұстарын анықтап, өз тракторым­­да ондай олқылықтарды болдырмау керек деп шештім. Жобам толық аяқталса, сол мақсатыма жетемін деген сенім­де­мін» деген өнертапқыш құрастыру кезінде қаржылық қиындықтарға тап болатынын да жасырмады. Сол себеп­ті жас жігіт қолдан келсе, аудандық атқамінер азаматтардан, жомарт жан­дардан қолдау сұрайды.
Расымен де, Жанболаттың жо­ба­сы қолдауға тұрарлық. Бірақ, бір әттең-ай дейтін тұсы – Жанболаттай жеті қырлы, бір сырлы азаматтарды бастапқыда қолдайтын бағдарлама­­лар елімізде мүлдем жоқ. Өнертапқыш­пен кездескеннен кейін дәл сондай бағдарламалар керек екен деген ойда қалдық…

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: