Шоқ тілді Шона
20 ViewsӨткен сәрсенбіде Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде белгілі сатирик Шона Смаханұлының 100 жылдығына орай Басқар Битанов атындағы халықтық театр ұжымының ұйымдастыруымен «Жүз шымшыма»…
Қазақ ауыз әдебиетінің көрнекті өкілі, көзі тірісінде «ХХ ғасырдың Гомері» атанған, жүз жыл жүрегімен жырлаған заманымыздың дүлдүлі Жамбыл жәкем тірі болса 175-ке келмек екен. Біз осы жария айтамыз деп, кейде жаңсақ кетеміз, Абайды «ұлы Абай» деп жүрміз. Егер Абай Құнанбаев тіріліп арамызға келсе: «Мен ұлы емеспін. Бәрімізді жаратқан Алла ұлы» дер еді деп ойлаймын. Әйтпесе бәріміз де бақыр басты пендеміз ғой. Жамбыл мен Абай жасы құралыптас заңғар тұлғалар екенінде дау жоқ.
Заманында жыр сүлейі Сүйімбайдан бата алып, қырғыз ақыны Құлманбетті жеңіп, Батыста соғыс өрті тұтанғанда «Ленинградттық өренім» атты патриоттық өлеңін жазып, әр жауынгердің намысын жанып, жауына деген кегін оятқан жыраудың оң аяғымен от басып тұрып айтқан әр шумағын бүгінгі ұрпақ жадында мәңгілікке сақтап қалды. Домбырасын қолтықтап жүріп ұлы қазақ даласына «Көроғлы», «Мұңлық пен Зарлық», «Шаһнама», «Қыз Жібек» сияқты дастандарды апталап, айлап жырлаған бабамыздың ақындық өнері мен шығармашылығын кеңінен насихаттау мақсатында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен орталықтандырылған кітапханалар жүйесі өткізіп отырған байқауды да сол поэзия піріне деген құрметтің бір парасы деп ұққанымыз абзал-ау.
Сонымен қазылар алқасы сайланып, ауданымыздың әр аймағынан келген он үш үміткер додаға түсті. Олар енді халық поэзиясының алыбы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, «Ленин», «Құрмет белгісі» ордендерін алған суырыпсалма саңлақтың салбуырын жырлары туралы толғамдарын сахнаға шығармақ. Иә, бір ғасырға татитын ғұмырының 85 жылын ақындыққа арнаған алып туралы толғау айту оңай емес-ау. Дегенмен, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Рүстем Қуанышбекұлы Қырықбаев «Жамбыл оқулары» байқауының шымылдығын ашып, үміткерлерге ақ жол тіледі. Байқаудың бірінші кезеңінде үміткерлер «Жыр алыбы – Жамбыл» деген тақырыпқа эссе жазуы керек екен. Ал екінші тапсырма бойынша жыраудың бір өлеңін жатқа оқуы тиіс. Үшінші кезең бойынша байқауға қатысушы жыр дүлдүлінің шығармашылығы мен еліміздің Тәуелсіздігінің 30 жылдығын байланыстыра отырып, екі минуттық бейнеролик дайындауы керек.
Байқауға қатысып, барлық тапсырмалардан сүрінбей өткен үміткерлердің есімін төрешілер көп кешіктірмей анықтап, көрермендер алдында жария етті. Сонымен бас жүлде Қазақ ауылдық кітапханасының оқырманы Аяулым Тұрғанбекке бұйырды. Бірінші орынды Луговой кітапханасының оқырманы Айжан Сералы, екінші орынды аудан орталығындағы кітапхана оқырманы Аружан Өсербаева, үшінші орынды Жарлысу ауылынан оқырман Дана Оразбек иеленді.
Атамыздан қалған өлең, жыр – асыл,
Ол – ақынның мәңгілік мол мұрасы.
Жақсы жырға шөлдегенде кей кезде,
Сусыныңды қандырып-ақ тұрасың, – демекші, артында мәңгі өлмейтін жыр қалдырған алып ақынның байқауы да жүрекке шуақ қондырып, өте шықты. Онда кітапхана қызметкері Нұршат Ерсайынның Ж.Жабаевтың «Отанды сүй» өлеңін мәнеріне келтіріп оқығаны, әнші Ерболат Құлышевтің орындаған «Қазағым жаса» әндері өткізіліп отырған іс-шараға көркемдік әр беріп тұрғанын қалай көңілге ілік етпейсіз. Қалай десеңіз де, байқау жыршы бабамыздың шығармашылығын әр оқырман мен тыңдаушысының жүрегіне жалау етіп жеткізгені анық.
С.Қожеке.