Қарт ананы құттықтады
27 ViewsЖурналистика – жүрекке салмақ салатын мамандық. Неше түрлі кейіпкерлермен тілдесесің. Бірінде қуанасың, енді бірінде кейбір адамдарға қолдың қысқалығынан көмектесе алмай, «өзіңді-өзің жейтін» сәттер көп…
Кей сәттерде арулар қауымының деңгей-дәргейін төменшіктетіп жататынымыз бар. Бірде олардың тындырған ісін тыңғылықсыз деп сөксек, ал бірде көңіліне құлта қалдырмас мінезін күйгелек деп әжуалайтынымыз тағы бар. «Әйелдің бұрымы ұзын болғанымен, ақылы қысқа» деп келте қайыра саламыз. Гендерлік саясат пен феминизмге қарсы ер адамдардың әңгімесінің түп-төркіні осыған саяды. Ал маған салса, аруларды бұл әлемдегі ең мейірімді әрі ең батыл жандардың қатарына қосар едім. Бұл пікірімнің бір ұштығын қазақтың қарымды қаламгері Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» шығармасынан тапқандай болдым. Жазушы: «Әйел затын, жалпы нәзік деп атайды ғой. Бос сөз. Мықтының ең мықтысы, көнбістің ең көнбісі әйелдер екеніне мен кіммен де дауласуға бармын» деп арулар қауымының айлапат тауанын тағы бір мәрте атап өтті.
Сонымен қатар құлаққа усойқы болып тиетін «шүйкебас», «төменетек», «салпыетек» секілді әйел затына қарата айтылатын сөздерді көбіне-көп «ақылман ағалардың» аузынан естігенде, қынжылатыным рас. Үйдегі биліктің тізгінін ұстайтынын көрсеткісі келіп, жалған намыстың жетегінде кетіп бара жатқанын байқамайды. Дәл осыған меңзелдес жағдайлар айналамызда жетерлік. Ал бұның жауабын ақтангер ақын Жүрсін Ерман дәл тауып айтқандай:
Әйелсіз қонды бақ қашан,
Әйел деп түстік отқа сан.
Әлемнің тілін таппайсың,
Әйелдің тілін таппасаң!
Әйел – әдеміліктің әлемі. Әйел – өмірдің өзегі. Әйел – өмірдің өзі. Озалдан бері қазақ қызды, ананы, әжені ардақтап, асылындай көрді. Қызды өз үйінде жоғары отырғызып, бағасын бағамдай білді. Құнын қадірлей алды. Қалың малын емес. Қыздың өз үйіне қонақ екенін ұғындырды. Кейін Тәңірі тоқайластырған қосағының қадірін арттырып, сол үйдің түтіні түзік шығуы керектігін түйсіндірді. Міне, осындайда ұлттық колориттің бояуы анық көрінеді, қанық байқалады.
Арулардың жаны нәзік болғанымен, жүрегі өрлікке толы. Мінезі жұмсақ болғанымен, намысы беріш. Көпшілік арасында ұяң болғанымен, көзі өткір. Мен осы күнге дейін қыз баладан өткен батыр, әйел затынан өткен адал, ақ жаулықты әжеден өткен ақылманның бейнесін кездестірмеппін. «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген соқталы сөздің астарын енді нықтап түсінгендеймін. Есерсоқ ескі күндерде доп қуып, ойыннан келген сәтте анамыздан «Мама, тамақ қашан дайын болады? Қарным ашып кетті» деп еркелеп, қиғылық салатын едік. Сонда анамыз ренжімей «Менің он қолым бар ма еді, шыдай тұр» дейтін еді ғой сыпайы ғана. Қазір ой орамының жетегіне жөңкіле кетсем, расында, анамыздың бізге көрінбейтін он қолы бар секілді көрінеді де тұрады. Керек сәтте – аспаз, керек сәтте – балаларына дәрігер, керек сәтте – үйдің ауыр-жеңіл жұмыстарын талғамай, бір өзі еңсеріп тастайды, керек сәтте – отбасындағы тыныштықтың ұйытқысы бола біледі. Бұл тізімді жалғастыра берер болсақ, ұзын-сонар әңгімеге арқау боларлықтай екен.
Қазақтың еңбекторы шығармашылық иелерінің бірі Қадыр Мырза Әлі де тауып айтқан екен:
Тыныштыққа кептіре алмай терлігін,
Өтті-кетті, өтті-кетті шерлі күн.
Өздеріңнің бастарыңда қазақтың
Жазылмаған азабы мен ерлігі!..
Расында, қазақ тарихының қатпарларына үңілетін болсақ, осы бір төрт жолдың айнымас әрі алғаусыз ақиқат екеніне көз жетеді. Батыр қыз Бопайдың отаршыл Ресеймен соғыс майданындағы ұрысын, Алаш қайраткерлерімен бір қатарда жүрген Нәзипа Құлжанованың көзсіз ерлігін, Шығыстың қос жұлдызы атанған Мәншүк пен Әлияның батырлығын, Желтоқсанда жалын атқан Ләззат пен Сәбираның қайсарлығын қандай метафора, қандай теңеумен әспеттесе де жарасады. Тепсе темір үзетін, күш-қайраты орасан зор небір ерлердің жүрегінің құтысына құйылмаған, санасына сіңбеген жансебіл рухты Тәңірі осы аруларға берді. Сондықтан, халқының қасиеті мен өсиетін бойына демдеген қайсар қыздарға мың тағзым! Себебі, олар ұлтының шамшырағы, халқының қазынасы.
Арулар тақырыбы өміршең екенін осы мақаланы жазып отырып байқадық. Қазақтың маңдайына бақ боп қонған небір ақын-жазушыларды қаламақымен асырап, әдебиет әлемінде атын айшықтап жаздырып кеткен де осы – әйел тақырыбы еді.
…Мен әжемнің көрпесіне әдіптелген шандоз өрнектің нақышын көрдім. Арулардың әдемілігі секілді. Қыстың алғашқы айында мамық болып жауған қарды көрдім. Арулардың жанының тазалығы секілді. Қимай-қимай қоштасып, қызара батқан күннің сәулесін көрдім. Аруларға деген мөлдір сағыныш секілді. Тау етегіндегі жайқалған хош иісті гүлдерді көрдім. Арулардың нәзіктігі секілді. Ерте көктемде бүршік атып, жылымық лебін сездірген ағашты көрдім. Арулардың айнымас сезімі секілді.
Арулар мәңгі жасасын!
Ахмет ҚАМШЫБЕК.