Былтыр бесікке бөленген бала қанша? өткен жылы ауданда бала туу көрсеткіші  12,4 пайызға артқан

496 Views

Сенесіз бе?! 2020 жылы сараптама қорытындысына сәйкес «локдаун» сөзі ең көп айтылған тіркес ретінде танылған. Кім білсін?! Карантин кезінде төрт қабырғаға телміріп отырған әр адамның айтқан сөзі осы болған шығар, бәлкім! Қазақстан үшін осы «локдаунның» кесірінен гөрі пайдасы көбірек болды ма деген ойда қалдық. Ол ойға мына бір ресми статистикалар жетелеп отыр.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, 2020 жылы Қазақстанда 425,6 мың бала дүниеге келіпті. Осылайша карантин кезінде туу көрсеткіші 2 пайызға артып, отыз жыл бұрынғы рекорд қайта жаңартылған. Естеріңізге сала кетейік, 1987 жылы бала туу көрсеткіші 417,1 мыңға жеткен болатын. Яғни, сол кезеңдерге қарағанда былтырғы көрсеткіш 8500 балаға көбейген. Ведомство мәліметіне терең үңілер болсақ, қалалық жерлерде туылғандар саны 248,7 мыңға жетсе, ауылдық жерлерде 176,9 мың нәресте туылған.
Туу көрсеткіші еліміздің алты аймағында артқан. Оның ішінде Жамбыл өңірі де (6,9%) бар. Біздің аймақтан бөлек бұл тізімде Түркістан (14,4%) мен Алматы (12,7%) облыстары да төбе көрсетіп отыр. Сондай-ақ, еліміздегі алып мегаполистер санатына жататын Алматы (8,3%), Шымкент (7,4%), Нұр-Сұлтан (7%) сынды үш қала да бұл тізімнен нақты орын алған.
Тағы бір қызықты статистикаға тоқталып өтейін. 2020 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында әйелдердің 26,8%-ы бірінші рет босанып, жаңа туған шақалағын бауырына басқан екен. Ал екінші сәбиін дүниеге әкелген аналардың үлесі 24,7%-ды құрайды. Үшінші босанудың үлесі – 22,2%-ды көрсетсе, төртінші және одан көп босанған нәзік жандылар 25,9%-ды құраған. Ендігі кезекте сәбилерді дүниеге әкелген аналардың жасына тоқталсақ. Алдын ала мәліметтер бойынша әйелдер арасындағы туудың ең үлкен үлесі 25-29 жас аралығындағы әйел адамдарға тиесілі екен. Бұл көрсеткіш 31,4%-ды құрайды. Ал екінші орынға 30-34 жастағы әйелдер тұрақтаған. Олардың үлесі – 26,1%. Үшінші орында 22,3%-дық көрсеткішпен 20-24 жастағы аналар орналасқан. Одан кейінгі төртінші орынға 35-39 жас аралығындағы аналар 13,5%-бен жайғасқан. Қалған аналардың үлесі 6,7%-ды құрайды. Бір сөзбен айтқанда, 2020 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында баланы босанған кездегі ананың орташа жасы 29 жасты құраған.
Енді біздің аудандағы ахуалға келелік. Өткен жылы ауданда бала туу көрсеткіші 12,4 пайызға артып, 1644 сәби дүниеге келген. Бұл көрсеткіш 2019 жылға қарағанда 184 балаға артты. Естеріңізге сала кетейік, ит жылында 1460 бала дүниеге келген болатын. Бірақ өзекті өртейтін бір жайт бар. Өткен жылы, өкінішке орай, 10 сәбидің шетінеу жағдайы орын алған. Ал ана өлімі 2010 жылдан бері мүлдем тіркелмеген.
Бала – біздің басты байлығымыз. Сондықтан болар, әрбір сәби дүние есігін ашқан сайын дәл сол бүлдіршіндер секілді мәз-мейрам болысамыз. Азан шақыртып, атын қойып, салт-дәстүрімізге сай іс қыламыз. Шілдеханасын, бесік тойын, тұсау кесер рәсімін өткізіп, дүбірлі той жасаймыз. Не үшін дейсіз ғой?! Себебі, бала біздің болашағымыз екендігін ежелден жақсы түсінетін халықпыз. Соңғы ресми деректерге сүйенсек, еліміздегі халық саны 18 877,1 мың адамға жетіпті. Дәл осындай қой үстінде бозторғай жұмыртқалайтын заман әлі де тұрақталатын болса, 19 000 000-нан асатынымызға сенімдімін.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

 

Поделиться ссылкой: