ТЫНЫМСЫЗ ЖАН немесе Райхан Ташыбаева туралы бір үзік сыр

525 Views

Райхан Төлепбергенқызы Луговой ауылында дүниеге келіп, Луговой кентіндегі Тұрар Рысқұлов атындағы орта мектепте (қазір мектеп-лицейі) оқыды. Содан ол 19 жыл бойы көрші жатқан қырғыз елінде жоғары білім алып, сонда ұстаздық қызметке тұрды. Өйткені күйеуі Абдылданың ұлты қырғыз. Екеуі Қырғызстанның Прежевальск ауданындағы Күрпілдек ауылында танысып, сонда үйленді. Бұл кезде қазақ қызы Райхан Прежевальск мемлекеттік педагогикалық институтының математика және информатика факультетін бітіріп келген. Осы ауылға мұғалім болып жұмысқа орналасты.
Ол тілі бөлек демеді, қырғыз тілін өз ана тіліндей меңгеріп кетті. 1989 жылға дейін қатардағы мұғалім бола жүріп жұрттың сеніміне кірді. «Түсі жылыдан түңілме» деген, Райхан қырғыз ағайынға келін болған соң ба екі елдің салт-дәстүрін қатар ұстады. Сөйтіп, педагогикалық ұжым ғана емес, ата-аналар қауымы да оған үлкен сенім артты. Сөйтіп, ол екі жыл қатарымен мектеп оқу ісінің меңгерушісі болып істеді. Оның ұйымдастырушылық қабілетін аңғарған басшылар Райхан Төлепбергенқызын аудандық білім бөліміне инспектор етіп алды. Ол осы қызметте 2000 жылға дейін істеді. Райхан 1993 жылы республикалық «Үздік мұғалім» конкурсына қатысып, онда айрықша көзге түседі. Сөйтіп, 1995 жылы «Үздік әдіскер» төсбелгісін алады. Сол жылы оған «Қырғыз Республикасы Білім беру ісінің үздігі» деген атақ та беріледі.
Райхан Ташыбаева 2000 жылы өзінің туған еліне қайтып келеді. Көрші ел ағартушыларының сеніміне ие болған педагогты қазақстандықтар да жатырқамай қарсы алады. Ол алғашқы кезде (бұрынғы №2-ші Ворашилов) қазіргі Әлихан Бөкейханов атындағы мектепке өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасады. Осы оқу орнында бес жыл ұстаздық еткен соң ол Құлан ауыл шаруашылығы колледжіне математик болып ауысады. Райхан №2-ші мектепте жүргенде Анисимова Галина Васильевна сияқты тәжірибелі ұстаздан көп нәрсені үйренеді. Сол жылдары мектепке Елбасы Н.Ә.Назарбаев келіп ұстаздар қауымымен жүздеседі. Райхан үшін осының барлығы көрген түстей болатын. Бірақ, білікті ұстаздың еңбегі мұнда да ескерусіз қалмады. Аудандық, облыстық білім беру басқармасынан, аудан, облыс әкімдерінен Құрмет грамоталар алды.
Райхан қайда жүрсе де өзіне бірінші сыныпта сабақ берген әпкейі Қасымжан Нұрсейітованы, кейінгі өмірдегі ұстаздары Есенкүл Мұхтарованы, Машат Байғабылованы үнемі аузынан тастамай айтып отырады. 2017 жылы ол «Құрметті ұстаз» республикалық байқауына қатысты. Ал арада бір жыл өткенде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасын алды. «2018 жылы менің тобымдағы колледж бітіруші 19 түлектің біреуі жоғары оқу орнына түсіп, қалғандары өздерінің мамандықтары бойынша жұмысқа орналасты. Сол жылы облыс деңгейіндегі байқауда үш шәкіртім байқау жеңімпазы атанды. Мәселен, тігінші Майра Рахманова «Өз ісінің шебері» атанды. Өзім болсам «Облыстың үздік тәлімгері» байқауында екінші орын алдым».
Қазір Райхан Төлепбергенқызы Ташыбаева директордың өндірістік жұмыс жөніндегі орынбасары. Сондықтан болар, оған колледжді бітірген студенттердің өндірістік практикасын ұйымдастыру, жұмысқа орналастыру сияқты тапсырмалар жүктеледі. Өткен жылдан бері колледж жоғары агротехникалық колледж деген статусқа ие болды. Студенттер үзбей шаруашылықтардың науқандық жұмыстарына практикадан өту үшін жіберіліп тұрады. Мәселен, осы күзде 12 студент күйек алу науқаны кезінде қожалықтардың шалғайдағы мал отарларында практикада болды. Оларға қожалықтар 100 мың теңгеден айлық төледі. «Шәушен» шаруа қожалығы (басшысы Балжан Қодасова) 10 студентке биылдан бастап бес мың теңге мөлшерінде ай сайын атаулы шәкіртақы төлеп отыр. Сондай-ақ, «Ал-Рай» шаруа қожалығы (басшысы Айнагүл Әбдірайымова) мен «Қайқы» шаруа қожалығы екі студентке осындай шәкіртақы төлей бастады. «Ер-Дос-А» шаруа қожалығының басшысы Ертіс Тұғылшиев те осынау игі бастамадан құр қалмай бір студентке шәкіртақы төлеуді қолға алды. Осындай жәрдем әлеуметтік жағдайы төмен отбасындағы білімгерлерге беріледі. «Жалпы біздің оқу орны 108 әлеуметтік серіктестікпен келісімшартқа тұрды. 292 студент дуалды оқытуға тартылған. 2019 жылы колледжді бітірген 177 оқушының 74 пайызы жұмысқа орналастырылды. Қазіргі кезде мемлекеттік емтиханды әлеуметтік серіктестіктің өкілдері өздері қабылдайтын болды. Осылайша емтиханды үздік бағаға бітірген үш түлекті кәсіпкер Жанар Атыханова өзінің тігін цехына жұмысқа алып кетті. Сондай-ақ, «Шәушен» шаруа қожалығы екі түлекті, С.Дәлібаев 9 студентті, «Жылы бұлақ-Меркі» акционерлік қоғамы 2 студентті жұмысқа алды».
Осының барлығы Райхан Төлепбергенқызының тынымсыз жұмысының нәтижесі. Оның шәкірттерінің біреуі қазір Қырғызстандағы Талас облысының сот төрағасы. Райхан мен Абдылда төрт баланың әке-шешесі. Алтын мен Құралай есімді екі қызы есепші, экономист, Тимуры прокуратура қызметкері, Бексұлтаны Алматыдағы сәулет-құрылыс институтының 2 курсында оқиды. Иә, Райханның әкесі де, шешесі де сауда қызметкері болған, демек олар да есеп-қисапты жақсы көрген ғой. Райхан да, оның балалары да осы жолды таңдаған. Демек, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің»деген сөз бекер айтылмаса керек.

С.Қожеке.

Поделиться ссылкой: