Тіл мерейі – ел мерейі

593 Views

Қазақ тілі – Алаш рухының тамыры. Рухсыз халық өмір сүре алмайтыны бесенеден белгілі. Алаш арысы Мұстафа Шоқай: «Ұлттық рухтың негізі – ұлттық тіл», – деп текке айтпаса керек. Мәңгілік тіліміздің сан ғұмырлық тарихын білмеу – бізге әрі сын, әрі қасірет.
Сонау есте жоқ ескі замандарда Сыпыра жырау мен Асан қайғы секілді абыздар дархан даланың салқар самалындай жайлы, тұнық суындай мөлдір тіліміздің шұрайын да, шырайын да кетірмей, бүгінгі ұрпаққа мирас етіп қалдырды. Ұлттық тіліміз күллі мәдениеттің негізі және іргетасы болып табылады. Міржақып Дулатұлының «Қазақ тілінің мұңы» мақаласында: «Мен заманымда қандай едім? Мен ақын, шешен, тілмар бабаларыңның бұлбұлдай сайраған тілі едім. Мөлдір судай таза едім. Жарға соққан толқындай екпінді едім. Мен наркескендей өткір едім. Енді қандаймын? Кірленіп барамын, былғанып барамын. Жасыдым, мұқалдым. Мен не көрмедім?» – деп өз тілінің жұтылып бара жатқанын айтып, үлкен мәселе көтерген.
Қазақ тілі қазақ халқының жан тынысы болып табылады, себебі қазақ тілінің қалыптасу тарихы түркі тілдерінің негізгі бір тобы ретінде ежелгі сақ, үйсін және қаңлы тайпаларынан басталатыны баршамызға аян. Қазақ хандары мен билері, сұлтандары мен шешендері қазақ тілінде сөз саптап, елдің елдігін сақтаса, жырауларымыз небір толғауларын халыққа арнап, сөз маржанын терді. Күмбір-күмбір күйлер мен сұңғыла жырлар секілді ұлттық құндылықтарымыз ана сүтімен бойымызға дарыған тілімізбен ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатыр.
Кең болғасын қазақтың сар даласы,
Арыстарды көп туған арлы анасы, – деп Р.Ниязбеков жырлағандай, қазақ даласы небір ділмар шешендер мен ақиық ақындарды дүниеге әкелді. Солардың баға жетпес мұралары, асыл сөздері қаншама уақыт өтсе де, ұлттың рухын көтеруге қызмет етіп, өз құндылығын жоймай келе жатыр деп пайымдаймын.
Қазақ тілі – қазақ халқының рухани үні, асыл қазынасы. Қазақ тілінің қанық бояулары халық әндерінде жатыр. Халық әндері – ғасырдан ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан нағыз ұлттық қазынамыз. Бірде «Алма ағаштың гүліндей-ау», бірде «Ахау, гүлдер-айым» деп ән салатын қазақ халқының еңкейген кәрісі мен балауса қыз-бозбалалары талай құлақтың құрышын қандырды емес пе?! Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов ғасырлық туындысы «Абай жолы» роман-эпопеясында 23 мыңға жуық сөз қолданған. Менің ойымша, осының өзі ғана қазақ тілінің мағынасы бай әрі терең, тұнық әрі нәрлі екенін байқатса керек
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні ретінде айтарым, ұлттық тіл – мәңгілік мұрамызды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, ғасырлық ғибраты мол бабалар аманатын ғасырлар тоғысында мүлтіксіз сақтауымыз керек. Ұлттың жан тынысы, рухани үні саналған тілімізді саф алтындай бағалайық!

Елнұр КЕРІМБЕК,
Абай атындағы орта мектептің
9 сынып оқушысы.

Поделиться ссылкой: