Мұғалімдерге екпе егу басталды

448 Views

Індеттің елге енгеніне де, міне, 1 жылдың жүзі болды. Содан бері көзге көрінбейтін жаумен жаға жыртысып, шама-шарқымыз келгенше алысып келеміз. Әзірге ауруды толықтай ауыздықтауға еш мүмкіндік болмай тұр. Себебі қарапайым қағидаларды құлағына қыстырмайтындардың қатары әлі де болсын қалың.
Жасырып қайтеміз! Індетті жеңу үшін қыруар қаражат та, үлкен күш-жігер де жұмсалды. Ол аз десеңіз, ескертулер мен шектеулер де қойылды. Бірақ, өкінішке орай оны толықтай түсініп, бағынған жандардың саны өте аз. Соның кесірінен болуы керек, қаншама жұрт ауруды жұқтырып, біраз жанұя ет жақынынан айырылды. Осыны көре тұра, біле тұра әлі күнге дейін шектеулерді шеттетіп, ескертулерді елемей жүргендер бар. Тіпті, «кері тартпа» мінез танытып, ағзада тәжтажалға қарсы күш қалыптастыратын екпеге де қарсылық танытып жатқандар да табылады.
Иә, мойындауымыз керек, дәл қазір «ақпараттық майданның» қызып тұрған шағы. «Әріптестеріміз» деп айтуға келмес, бірақ кішігірім сайт ашып алып, жұмысын арзан пиар арқылы жандандыруды көздейтін «тілшісымақтар» фейк ақпараттар таратып, сол арқылы халықтың санасын әбден улап бітті. Соның әсері болуы керек, алғашында халық арасында вакцинаға қатысты қарсы пікір қалыптасты. Дейтұрғанмен, дәл қазір бұл пікір ақырындап сейіліп бара жатқандай көрінеді. Оған кеше алғашқы рет вакцина салдырған мұғалімдердің батыл қадамдары дәлел бола алады.
Ақпан айынан бастап елімізде екпе егіліп жатқандығы өздеріңізге белгілі. Ең әуелі бұл екпе бейбіт күннің батырларына айналған ақ халатты абзал жандарға салынды. Әлі де екпе егілуде. Ауданның бас дәрігері Шындос Кершайызұлы бастаған дәрігерлердің бүгінге дейін 260-ы бұл вакцинаны қабылдап үлгерген. Кеше аталмыш препаратты мұғалімдер де қабылдады. Олардың қатарында аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Кәдіржан Медеров те бар. Екпе салдырмас бұрын ұстазға дәрігерлер тарапынан барлық ақпараттар түсіндіріліп, ережелер ескертілді. Тіпті, үш күн аралығында құрамында алкогольдік қоспалары бар сусындарды ішпеуге, темекі шекпеуге, моншаға түспеу керектігін мамандар егжей-тегжейлі түрде айтып берді. Сондай-ақ, екпе салынған орынға қол тигізуге болмайтындығы тағы айтылды. Осыдан кейін ғана сала маманына ресейлік «Спутник V» вакцинасы салынды. Екпені қабылдаған Кәдіржан Медеров арнайы бөлмеге барып, жарты сағат көлемінде бақылауға алынды. Дәл осындай тәртіпте Малдыбай орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Айсұлу Құрамысова да екпе салдыртты. 20 жылдық еңбегі бар ұстаз аудандық ауруханаға өз еркімен келгенін айтады. «Бізге мектебіміздің медбикесі барлық ақпараттарды толыққанды түсіндіріп берді. Ол екпе алудың маңыздылығын айтып, аудандық ауруханаға жіберді. Алғашында санамызда күдік ой болғаны рас. Бірақ өзіме жақын жандардың бірқатары екпені салдырғаннан кейін көзім жетіп, мұнда өз еркіммен келіп отырмын. Оқушылардың және өзінің денсаулығын ойлайтын, бірінші кезекке қоятын әріптестерімді белсенді болуға шақырамын» – деді ұстаз.
Иә, дәл сол күні індет­ті ауыз­дықтауды көздеген педагогтардың қатары қалың болды. Олардың ішінде Құлан мектеп-гимназиясы мен №2 шағын орталықты орта мектебінің ұстаздары белсенділік танытты. Қос мектептің басшылары да бірінші болып аталмыш екпені салдырды.
Жалпы алғанда биылдың өзінде 6 миллион отандасымызға екпе салу жоспарлануда. Дәл қазірдің өзінде біздің ауданның 260 медицина қызметкеріне және 40-қа жуық мұғалімге екпе салынды. Ендігі кезекте бұл тізімге құқық қорғау саласының мамандарын да қосу жоспарда бар. Аталмыш мәліметтің барлығын бізге аудандық емхананың менгерушісі, білікті дәрігер Рымбала Естемесова айтып берді.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: