Өшпес ерлік ізімен

674 Views

ҚР мемлекет және саясат қайраткері Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «Өшпес ерлік» мақаласындағы мерген Ыбрайым Сүлейменовты Батыр атағына ұсыну туралы бастамасы халықтың қолдауын алуда. ҰОС-да қаза тапқан, елге оралған майдангерлерді деректеп, ұлықтап жүрген тарихшы ретінде батырлармен қатар барлық ҰОС-ы жауынгерлерін ұлықтайық. 100-ші атқыштар бригадасы, Ы.Сүлейменов ерлігін білу үшін белгілі жауынгер-жазушы Әзілхан Нұршайықовпен 1983 жылы Алматыда кездестім. Жазушы: «Алматылық 100-ші атқыштар бригадасы құрамында жамбылдық жігіттер болды. Соның ішінде Ыбрайымды білемін. 1943 жылдың 15 қазанында Невель ауданындағы қорғаныс шебінде Мәншүк, Ыбрайым және 19 жауынгер ерлікпен қаза тапқан» деп есіне алды.
2015 жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдығында Волоколамск-Зубцовск-Ржев-Великие Луки-Невель-Смоленск-Орел-Курскіде соғысқан жамбылдық жауынгерлердің майдан жолымен жүріп өттім. Сапарымыздың мақсаты – Ы.Сүлейменов, Кеңес Одағының Батыры, Талас өңірінің тумасы Дәулетбеков туралы деректі фильм түсіру, жауынгерлер деректерін тапсыру және Ә.Нұршайықов айтқан 21 жауынгердің есімдерін анықтау.
Отаншылдық сапарды Волоколамскіден бастап, қала орта­лы­ғындағы генерал И.В.Панфилов, Бауыржан Момышұлы ескерткішінде, 28-Панфиловшылар монументінде, мұражайында, Дубосековада болдық.
100-ші, 101-ші бригадалар шай­қасқан Зубцовск, Ржев аудандарына келдік. 1942 жылдың 20 қарашасында екі бригаданың 75-80 пайызы шы­ғын болған жерде Үкіметіміздің қаза тапқан жауынгерлерімізге орнат­қан ескерткішіне барып, Құран бағыш­тап гүл шоқтарын қойдық.
Биыл мына індет мүмкін­дік берсе Ржевте болып, қаза тап­қан жам­былдық 125 жауынгердің дерегін тапсырмақшымын. 125-тің 12-і Тұрар Рысқұлов ауданының жауынгерлері. Мәселен, Құлан ауылынан: Алпыс Итібаев, Қырқымбай Құдайбергенов; Қазақ ауылынан: Әбденбай Тәштенбаев; Қызылшаруа ауылынан: Үсенәлі Сәрсембеков; Еңбекші ауылынан: Әлімберген Қырбеков; Тереңөзек ауылынан – Тілеухан Иманбеков; Луговой ауылынан: Шалақазақ Қораласбаев, В.Свириденко; Камен­ка ауылынан: Артем Андреев; Ауданнан: Арықбай Ахметов.
100-ші бригадамыз азат еткен Вели­кие Лукиден Невель қаласына келіп военкоматқа аудан аймағында қаза тапқан жауынгерлеріміз: Сөгеті ауылынан: Шекербай Қуандықов; Көк­дөнен ауылынан: Жұмабай Нәметбаев; Жаңатұр­мыс ауылынан: Әзімхан Тоқтағұлов, Шерхан Тел­баев; Луговой ауылынан: Жүніс Шота­беков; Құлан ауылынан: Қорабай Мамықов; Ауданнан: Орынтай Бердіқұловтың деректерін тапсырдым. Есімдері сол жылы ұлықтанды.
Невель орталығындағы әскери зиратта М.Мәметованы, Ы.Сүлейменовты жерлеген қала комен­данты полковник Баймолдиннің, Мәншүктің қабір құлпытасы бар да, мергеніміздің бұрын болған қабірі, құлпытасы жоқ екен.
Қасымдағы пойсковик Иванов­тан «Бұл қалай, неге жоқ?» дегенімде, «Бұл зиратқа патша заманынан тек офицерлер жерленетін, өткен ғасыр­дың 90-жылдары зират заңы бұзылған деп құлыптасын алды. Сүлейменовты зерттеуші ретінде қабір орнын сақтап қалдым, ерте ме, кеш пе, жоқтаушысы келетін шығар деп жүргенімде сіз келдіңіз» деді.
Қала мэрі Ващенковқа: «289 жауды жойған Ленин орденді мергенге көше атауын беріпсіздер, жеке жерленген жауынгер осылай белгісіз, атаусыз жата бере ме» дедім. Қала басшысы: «Жамбыл облысының әкімі Песков об­лысының губернаторына қайырылса, мәселе шешіледі, біз қолдаймыз» деген сөзін облыс, Жамбыл ауданы басшылығына жеткіздім, алайда қол­дау болмады. Биыл осы мәселені тағы да көтеріп жатырмын, яғни қабірін, құлпытасын қалпына келтіріп, қаза тапқан жеріне, Мәншүк ескерткішінің қасына ескерткіш орнатылса, мергенмен бірге қаза тапқан 21 жауын­гердің 6-ы жамбылдықтар еке­нін анықтағанмын. Солардың бірі көкдөнендік – Жұмабай Нәметбаев­тың есімі ескерткішіне жазылады.
Баймолдиннің көрегендігі Мәншүк пен Ыбрайымды ұрыс да­ласынан Невельге әкеліп жерлегеннің нәтижесінде екі Батырымызға көше аты берілді. Мәншүкке оқу орнының алдына зор ескерткіш тұрғызған, 2014 жылы Баймолдиннің ерлігін, еңбегін бағалап Невель басшылығы орталық алаңнан павлодарлықтарға ескерткіш орнатуға жер берген.
Біз мергеннің қабірі, құлпытасы­ның бар жоғы ойымызға келмегенде, 2014 жылы павлодарлықтар Мәншүк, Ыбрайым, Әбілқайырға зиратта ескерткіш қойып, Сүлейменов, Маметова көшелері атауы тақ­тай­шаларын, мемориал тақталарын жаңалапты . «Мир» телеарнасында көрсетілген «Тағзым» атты деректі фильмімде павлодарлықтарға ырза­лығымды білдірдім.
Ұлы Отан соғысы мергендерінің арасында сұр мергеніміз 11 ай ішінде 289 жауды жойды. Ыбрайым Сүлейменов дүние жүзі бойынша соғыстарда ең көп жауын жойғандардың «ондығына» енген жауынгер.
Мемлекеттік тарихымызға күмән келтіріп, жерімізге көз алартқан, 28-Панфиловшылар ерлігін ойдан шығарылған деп жүрген шовинистерге жауап ретінде мергеніміз «Ресей Батыры» атанса, онда 106-шы Батыр қазағымыз болар еді. Ұлы Отан соғысында 96 қазақ Кеңес Одағының Батыры атанды, кейін басқа елдердегі батыр қазақтарымызды қосқанда, 102 батыр болды. Бейбіт кезде 1980 жылы вертолетчик Қайырболат Майданов Ауған соғысында, 1990 жылы Бауыржан Момышұлы, сынақшы-ұшқыш Тоқтар Әубәкіров Кеңес Одағының Батыры атанды. Қайырболат Майданов шешен соғысында ерлікпен қаза тапқаннан кейін Ресей Батыры атанды. Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінде ерлікпен қаза тапқан ұшқыш Бақтыораз Бейсекбаевқа 1996 жылы Ресей Президенті Елциннің Жарлығымен Ресей Батыры атағы берілді.
Ұлы Отан соғысында Батыр атағына ұсынылып, бірақ Батыр атанбаған 109 жауынгер 1996-2010 жылдары аралығында «Ресей Батыры» атаныпты. КСРО-ның мұрагері ретінде Ресей Үкіметі мергенге Батыр атағын берсе, Батырлар сабақтастығы жалғасып, әділдік орнар еді.
Құрметті оқырман, Ұлы Отан соғысы майдангерлерінің ұрпақтары ұлтымыздың даңқын шығарған Батырларды ғана емес, Отан үшін шейіт болған, елге оралып, еңбегімен ел экономикасын, білімін, ғылым, мәдениетін көтеріп ұрпақ өсірген майдангерлерді де деректеп, ұлық­тайық!
Биыл Ұлы Отан соғысының 76 жылдығына мына індет мүмкіндік берсе, Талас ауданы Кеңес Одағының Батыры Дәулетбековке ескерткіш орнатып, ашылуына Курскіге 9- маусымда бармақшымыз. Курскі­де қаза тапқан құмарықтық Өтеғұл Айтқұлов, тереңөзектік Құрал Бидешов, құландық Әбдіхан Нұржұманов, қорағатылық Рахымбай Әлімқұлов, еңбекшілік Баспақ Әмзеев, жаңатұрмыстық Өмірбек Сасықбаев, Тәукен Сұраншиев; ауданнан Шатай Тәукенов; көкарықтық Әбдібек Мамытбаев, жалпақсаздық Әбен Смайлов, Сейткерім Сметов, қазақтық Өксікбай Бейсембеков. Көрсетілген жауынгерлер ұрпақтары аталар зиратына барамын дегендеріңіз болса, мүмкіндіктер бар.
Жамбыл ауданы Песков облысы, Невельге биыл 13 маусымда, Сарысу ауданы Тверь, Зубцовск, Ржевке 16 маусымда бару жоспарлануда.

Әлі Бекқұлы,
ҚР білім беру ісінің үздігі,
ҚР үздік өлкетанушысы,
Аманат сыйлығының иегері.

Поделиться ссылкой: