Ұлыс күні айтылатын әпсана
Осынау әпсана жадымызда ұялап қалғандықтан болар, Наурыз мейрамы келгенде «Ұлыс оң болсын!» деп айтып, ата салтымыз бен дәстүріміз арқылы төрімізге ту болып тігілген осынау қазақы қалпымызды жоғалтпай, оны аса қастерлеп ұстанамыз. Иә, жыл санауымыз өзгермегенмен санамызда Жаңа күн, яғни Наурыз жаңғырып тұрады. Бірақ, егемендік алсақ та, Ахмет Байтұрсынов пен Мұхтар Шаханов сияқты қазақ деген ұлыстың ұлттық құндылықтарын әлі де өз орнына қоя алмай келеміз. Еуропа жұрты, олардың балалары жыл сайын Жаңа жыл келгенде Санта Клаусты қарсы алады. Ал орыс халқы және олардың балалары Аяз атаны қарсы алады. Бұл заңды үрдіс. Өйткені Санта Клаус пен Аяз ата осы ұлттардың әпсаналарына айнымастай болып енген ертегі кейіпкерлері. Біздің әпсанамызда әлімсақтан бері бірге өмір сүріп, жасап келе жатқан Қыдыр ата бар. Біздің балаларымыз неге сол Қызыр (Қыдыр) атаны Жаңа жылда қарсы алмайды? Қашанғы олардың санасын ұлтымыз бен ұлысымызға жат шетелдік наным-түсінікпен улай береміз? Балаларға жаңажылдық сыйлықтарды өз ақшамызға сатып алып, оны Аяз атаның қолымен бергеніміз жөн бе?. Неге сол тәтті сыйлықты Қызыр атаның қолымен балаларымыздың қолына ұстатпаймыз?
Ол аз десеңіз, біздің кейбір қандастарымыз Жаңа жыл өтіп кеткен соң да 13 қаңтар күнін тойлап, қарсы алатынын қайтерсіз. Ұлыс – ол атамыз Алаштың туысы екенін газетімізде жаздық. Наурыз Ұлыс бабаның жанама аты екенін де айттық. Біздің жақта «Наурыз көже» беру салты ықылымнан бері дәстүрімізден берік орын алған. Сондықтан болар әр үйелмен (отбасы) ешкімнің ескертуінсіз-ақ, «Наурыз көже» береді. Ал «Көрісу күні» Қазақстанның Батыс аймақтарында кеңінен тараған. 13 наурызды «Көрісу күні» деп біз де енді-енді атап өтуге бет бұрдық. Бұл күннің өзге күндерден ерекшелігі сол, иісі мұсылман, ағайын-туыс бұл күні өткен ренішін ұмытуы керек. Сөйтіп, бір-бірімен төс түйістіріп, жаңа күнді, яғни Жаңа жылды бірге қарсы алуы абзал.
Құрметті бауырлар! Биыл наурыз айы ақпанның ақ түтек боранын босағасынан ұзата алмай тұр. Күн қанша жерге нұрын төгіп тұрса да, іргемізден қара суық кетпей, жұртты әбігерге салуда. Оның үстіне екінші бір жағынан індет қысып, ол да Отанымыздан, ошағымыздан айналып шықпай қойды. Үлкендер айтады: «Күннің жаманы кетер» деп… Сол айтпақшы «Аурудың да жаманы кетсе екен…» дейді жұрт. Лайым сол елдің тілеуі қабыл болсын. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!
Еліміздің солтүстік өңірлеріндегі ақ боран мен көк боран да кетер, жадырап жаңа күн де келер. Сонда қолымызға күрегіміз бен тырмамызды алып, ауламызды күл-қоқыстан тазартып, үй іргесіне бір тал болса да тал отырғызып, көктемді қарсы аламыз. Қазір төскейде қой қоздап, қорада сиыр бұзаулап, өрісте бие құлындап жатқан өлара мезгіл. Күн «жылт» етсе болды, диқандар да қосқа шығып, егінін салуға асығып отыр. Бір сөзбен айтқанда, диқанның сайманы сай.
Осынау Ұлыстың ұлы күні келгенде қыз бен жігітті жарастыру, ренжісіп қалған ерлі-зайыптыларды татуластыру да біздің ата салтымызда бар ғой. Ендеше үйленбей, отау құра алмай жүрген жастарды қара қазанның, ұрпақтың қамын ойлауға шақырайық, ағайын. Алашымның арда ұл-қыздары, босағамыз берік, шаңырағымыз шаттыққа толсын!
Ұлыс бәрімізге ырыс, құт-береке әкелсін!
Сейсен Қожеке.