Туған жерім – тұнған шежіре

1 121 Views

Халқымыз шежіреге бай, ұлттық тарихы терең ұлыстардың қатарында орны ерек. Ата-баба дәстүрі сонау есте жоқ ескі замандардан бері жалғасып, өзінің өзегін жоғалтпай, ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып келеді. Қазақ халқы балаға жастайынан ағайын-туысын, нағашы жұртын, алыс-жақынды тануына, ататегін, руын, ел-жұртын жетік білуіне ерекше көңіл бөлген. «Жеті атасын білу» заң болды. Сондықтан қазақ ұрпағына шежіре білуді өсиет, міндет деп санап, «Жеті атасын білмеген, жетесіздің белгісі» деп айта отырып, балаға өсиет пен қасиеті қатар жарысқан өнегелі өрнекке толы, тарихи оқиғаларға бай әңгімелерді айту арқылы тәрбиелеген.
Биыл мемлекетіміз Тәуелсіздігін бекітіп, шекарасын шегендегеніне тура 30 жыл толғалы отыр. Тәуелсіздік шежіресін ақтарсақ, ата-бабамыз тоқымдай жердің өзін қасық қаны қалғанша қорғап, жан алысып, жан берісіп өтті. Бұл ерлік істің бәрі болашақ үшін, ұрпақ үшін жасалды.
Егемен еліміздің Тәуелсіздігіне 30 жыл толуы қарсаңында Қарақыстақ ауылдық мәдениет үйінде 16 наурыз – Шежіре күніне арналған «Туған жерім – тұнған шежіре» атты мерекелік кеш ұйымдастырылды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру мақсатында өткен іс-шараның басты мақсаты – ұлттық салт-дәстүрлеріміздің қайта жаңғырып, тарихи һәм тәрбиелік сипат алуына үлес қосу. Кештің шымылдығын Қарақыстақ ауылдық мәдениет үйінің өнерпазы Қайрат Сәменқұлов «Дедімай-ау» әнімен ашып әсем әннен шашу шашты. Сондай-ақ, іс-шара барысында мың бұралған «Томирис» би үйірмесінің қыздары «Назерке» қазақ биін тамаша орындап, өз өнерлерін көрсетті. Мерекелік кеште Қарақыстақ ауылдық мәдениет үйінің өнерпаздары «Бабалар арманы» көрінісін сахналап, тарихи оқиғалардың тәлімі мен тәбәрігін танытты. Ал іс-шара соңы Гүлмарал Қорабаеваның орындауындағы бойға рух сыйлайтын «Қазақтай ел қайда» әнімен аяқталды.
Қазақта «Туған жердей – жер болмас, туған елдей – ел болмас» – деген тағылымды сөз бар. Жас ұрпақ өзінің туған өлкесінің тарихын, туған елінен шыққан тұлғаларды, ел мақтаныштарына айналған азаматтардың өнегелі істерін біліп, өсуі қажет. Бұл ұрпақ санасының рухани дамуына, еліміздің ұлтжанды азаматтарымен толығуына әсер етеді. Сол себепті, өз басым туған өлкеміздің көркейіп дамуы, одан әрі қанат жаюы адал ұрпақтардың қолында деп білемін. Білімге құштар, тәрбиеге берік, еңбекке адал, бәсекеге қабілетті ұрпақ барда Қазақ даласы гүлдеп, одан әрі жайнай түспек!

Жазира КОРАЛАСБАЕВА,
Қарақыстақ ауылдық мәдениет үйінің әдіскері.

Поделиться ссылкой: