Алаш аңсаған Азаттық
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында егемендігіміз бен елдігімізді айқындайтын басты бағыттарды атап, іргеміздің мықты болуы үшін қажет шараларды көрсетіп берген болатын.
Әсіресе, Қасым-Жомарт Кемелұлы «Таным мен тағылым» бөлімінде: «Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды. Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек» деп Алаш арыстарының асыл мұрасын барынша игеруге нұсқау берді.
Зиялы қауымның өмір жолын, ел үшін жасаған елеулі еңбектерін, шығармашылығын, қызметін жас ұрпаққа таныстырып, кұрметтеуге үйретуде кітапханашылардың да қосар өзіндік үлесі бар. Себебі, түрлі кітап көрмелерін ұйымдастыру, ашық алаң, дебат, дөңгелек үстел сияқты іс-шараларды өткізу арқылы Алаш қайраткерлері туралы түсінік пен білімді жеткілікті деңгейде қалыптастыруға болады.
Сондай-ақ, ашық есік күндерін ұйымдастырып, оқушыны ізденуге, оқуға, жазбалар және материалдармен танысуға шақыру керек. Мысалы, осыдан 155 жыл бұрын Қазақ даласында өмірге келген Ұлт көшбасшысы Ә.Бөкейханов өмірінде сан алуан тақырыпта қалам тартып, ұрпақтарға ұшан-теңіз мұра қалдырған болатын.
Әлихан Бөкейхановтың мұрасы әр салаға арналған мыңдаған очерктер мен мақалалардан тұрады. Олар Ресей мен қазақ елінің барлық басылымдарында жарық көрді. Зерттеуші-ғалымның экономика, әдебиеттану, ормантану, ауылшаруашылық салаларына арнаған көптеген жазбалары сақталған. Бірақ, біртуар ғалымның төл қолжазбаларын табу өте қиын. Әйткенмен, өткен ғасыр басында күн-түн демей еңбек еткен қайраткердің әр басылымдағы еңбектері жинақталып, бүгінгі таңда бірнеше рет көптомдықтары жарық көргені белгілі.
Міне, осындай жинақтар, басылым беттеріндегі мақалалар, зерттеу жұмыстарының басын қосып, көрме жасап, оқушылармен таныстырып, оны оқуға шақырсақ, ең болмағанда бір оқушының бойындағы ұлттық сезімді, намысты оятар едік.
Біздің мектеп кітапханасында ел Тәуелсіздігінің 30 жыл толуына орай «Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына – 30 кітап» атты рухани-мәдени акциясы барысында кітап көрмесі қойылды.
ХХ ғасыр – қазақ тарихындағы ең елеулі кезеңдердің бірі. Бұл кезеңде елімізде белгілі бір жаңғыру болды. Ендігі мақсат – Алаш көсемдерін, олардың мұрасын өскелең ұрпаққа насихаттап, бойына сіңіру. Себебі, өткенін білмеген жастардың келешегі болмайды.
П. Иманкулова,
Ыбырай Алтынсарин атындағы шағын орталықты орта мектептің кітапханашысы.
Алғабас ауылы.