Жүз жылдық жылнама

761 Views

«Жас Алаш» газетіне – 100 жыл

Аудандық кітапханалар жүйесінің жанынан құрылған коворкинг орталығында өткен аптада «Парасат жолы» жобасының кезекті іс-шарасы өтті. Оған «Ақ жол» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт пен «Жас Алаш» газетінің аймақ бойынша меншікті тілшісі Нұрболат Әлдибек арнайы келіп, құрметті қонақ болды. Сондай-ақ, аталмыш іс-шараға ішкі саясат бөлімінің басшысы Ернұр Мадияров, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Мереке Айнақұлов, «Адалдық алаңы» жобалық офисінің жетекшісі Дария Нарматова мен кітапхананың бірнеше қызметкерлері қатысты.
Жалпы соңғы кездері «Парасат жолы» жобасының аясында көптеген ілкімді іс-шаралар ұйымдастырылып жүр. Қоғамдағы маңызды мәселелер жайында ой қозғайтын жобаның кезекті отырысы қазақ баспасөзінде өзіндік орны бар «Жас Алаш» газетінің 100 жылдығына арналды.
Бір ғасырды еңсерген басылымның тарихы өте тереңде жатыр. 1921 жылы 22 наурызда Ташкент қаласында алғаш рет жарық көрген газет бірден оқырмандардың үлкен сұранысына ие болды. Арада қанша уақыт өтсе де, «Жас Алаш» бұл биіктен түскен жоқ. Себебі, «Жас Алаш» – жастарға арналған ең байырғы әрі беделді республикалық басылым. Оның ең алғашқы редакторы Ғани Мұратбаев болған. Ал газетте жауапты хатшы қызметін алғаш болып есімі бүкіл қазаққа белгілі Ілияс Жансүгіров атқарды. Жалынды жастарды қолдауды әрдайым көздейтін басылымның басынан көптеген қиындықтар да өткені тарихтан белгілі. Атап айтатын болсақ, сол кездегі қаржы тапшылығына және өзге де себептерге байланысты басылымның аты бірнеше рет өзгерді. Тіпті, газеттің жабылып қалмауын ойлаған қазақ зиялылары «Еңбекші қазақтың» бір бетін «Лениншіл жас» деген атпен де шығарып, басылымның өміршең болуына өзіндік үлестерін қосқан. 1927 жылы 22 қыркүйектен бастап газет «Лениншіл жас» деген атпен шыға бастады. Ал Қазақстан өз алдына тәуелсіз мемлекет болғаннан кейін газетке «Жас Алаш» атауы қайта берілді.
Бүгінде бұл басылымнан біздің тұрмыс-тіршілігіміздің сан-саласын қамтыған өткір де өзекті дүниелерді оқуға болады. «Жас Алашта» күнделікті жаңалықтармен қатар, саясат пен экономика, әдебиет пен мәдениет, өндіріс пен экология, қылмыс және заң, білім беру мен денсаулық сақтау сынды тақырыптарды қамтыған мақалалар тұрақты жарияланып тұрады. Бұл туралы жиында кезінде осы газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарған, бүгінгі таңда облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы болып қызмет етіп жүрген Оралхан Дәуіт кеңінен әңгімелеп берді. Қаламы қарымды журналист өз сөзінде газеттің тарихына тереңнен тоқталып, біз білмейтін ақпараттарды баяндап берді.
– Ғани Мұратбаевтың алғашқы редакторлығымен бастау алған «Жас Алаш» газетіне де биыл жүз жыл толып отыр. Бұл газеттің халық арасында «Журналистер ұстаханасы» деп аталуы да тегін емес. Себебі, «Жас Алашта» қызмет етіп, қазақ журналистикасы тарихында елеулі із қалдырған жандар өте көп. Олардың қатарына Ақселеу Сейдімбекті, Фариза Оңғарсынованы, Шерхан Мұртазаны, Уалихан Қалижановты, Кәдірбек Сегізбаев пен Жарылқап Бейсенбайұлын жатқызуға болады. Дәл қазіргі таңда да аталмыш газетте қаламы қарымды журналистер қызмет етуде. Солардың бірі арамызда отырған жерлесіміз – Нұрболат Әлдибек» – деп өзге де қызықты жайттарға тоқталды.
«Жүз жасаған Жас Алаш» атты сұхбаттасу кешінде газеттің Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшісі Нұрболат Әлдибек те сөз сөйлеп, басылымға қалай келгенін баяндап берді. Ал аудандық кітапхананың кітапханашысы Айгерім Баймұратова болса, ауданда «Жас Алаш» газетіне қызығушылық танытатын оқырмандардың көп екендігін алға тартты.
Жиында өзге де қатысушылар газет жайында ой қозғады. Олар өзара пікір алмасып, «Жас Алашты» жүз жылдық мерейтойымен құттықтады.
«Жас Алаш» газеті – халықтың көзі мен үні бола білген басылым. Бүгінде оның аясы кеңейіп, көтерер жүгі де ауырлап келеді. Соған сәйкес басылымға деген халықтың сұранысы да артып, оқырмандар қауымының саны күн санап өсіп келеді. Мұның бәрі газет ұжымының бірлігінің, ұйымшылдығының арқасы деп білеміз.
Әр ақпаратты дәйекті түрде жеткізе білетін «Жас Алаштың» ғұмыры ұзақ болғай!

Жәнібек Базылбеков.

Поделиться ссылкой: