Ағаш көшеттері отырғызылды
38 ViewsТазалық – әр адамның жеке жауапкершілігі. Біз өз ауламызды, көшемізді таза ұстасақ, өмір сүру сапасы да айтарлықтай жақсарады. Өткен сенбіде «TazaLike» жобасы шеңберінде «Болашақты…
Қой қоздап, қорада шу
Матай көкеміздің де көзден кеткеніне тоғыз жылдың жүзі болып қалыпты-ау. Әйтпесе, осы «Қарақыстақ» өңіріндегі сақпанның тасындай сақа жігіттің нағыз өзі еді ол кісі. Артық-ауыз сөзі жоқ, сөзіне ісі сай малдың да, елдің де жайын жақсы білетін мал шаруашылығының маманы болатын жарықтық. Сол асылдың сынығы, адамның ардағынан қалған ұрпақ міне, әкелері ашып кеткен «Қарасарт» шаруа қожалығының тізгінін қолдарына алып, «Қазақ» ауылының төр жағындағы «Бектембай бауынан» фазенда ашыпты. Баяғы саялы да мәуелі баудың жұрнағы да қалмаған екен. Бірақ, Матай қарттың Нұрлан мен Нұржан есімді ұлдары осы жерден қора-жай салып, сарқырап ағып жатқан «Сарманқұлдың» суының бойындағы он екі гектар жерге жоңышқа отырғызып, қиюы қашқан тірліктің бетін бері қаратыпты. Екі ұлдың астында қазіргі заманның жол таңдамайтын қымбат көлігі.
Бірақ, біз қыстауға келгенде кешегі жауған жауыннан кейін сақпаншылар ірі сақпанды өріске шығарып бара жатыр екен. Ұлдың кішісі Нұрлан малшыларға бас болып, көгендегі қозыны түгендеп, сақпанның керек-жарағын тауып беріп, зыр жүгіріп жүр. Қорадағы үш жүз саулықтың екі жүзден астамы төлдеп қойыпты. Еділбай тұқымды қойлардың төлінің еті тірі келеді, шаранасынан шыға салып енесінің емшегін сорып жатыр. Енді бір-екі аптада көктеудегі көкөрісте ойнақ салып жүргенін көресіз. Біз барғанда кіші сақпан ғана қорада тұр екен. Аға шопан Мейрам Керімбеков егіз төлдеген саулықтарды бөлектеп, солардың жай-күйіне көбірек көңіл бөліп, жалқы туғандарын сақпаншы Рахат Майғазиевке сеніп тапсырыпты.
Нұржан Чимекеев бізді өрістегі малға алып келді. Мұнда әлдеқашан аяқтанып, оттыға бастаған қошақандар өрісін тауып, ойнақ салып, шапқылап жүр. Қожалықты әкелері сонау 1993 жылдары ашқанымен етек-жеңін кештеу жиған ұлдар шаруаны осы 2012 жылдан бері мықтап қолға алыпты. Нұрлан ұлдың үлкені болған соң, бар жауапкершілікті өз мойнына алған. Біз келгенде ол 220 гектар ақ егістің жайын ойлап, егістікте жүрген диқандарға кетіпті. Онымен ұялы телефонмен байланыстық. Қожалықта барлығы 400 қой бар десек, соның 300-і саулық екен. Қазір науқан аяқталып та қалыпты. Әнеугі бір күнгі қар аралас жауын малдың да сақпандағылардың да сілікпесін шығарып кетіпті. Дегенмен, көгенге келген қошақандардың басы аман. Мал басына жайылымдық жер де жеткілікті екен. Қожалықтың құмдағы «Буратышқанда» 140 гектар, «Тастақта» 130 гектар, Қарақыстақ өзені бойында да жайылымдық жерлері бар екен. Өткен жылдары ауыл шаруашылығын қолдау қорынан 6 миллион теңге көлемінде несие алып, одан құтылып та қойыпты. Енді жаңа бағдарламамен несие алу ойларында бар көрінеді. Қожалықта бір «К-700», бір «МТЗ-80» тракторы, бір «Нива» комбайны, бір «Газ-53» автокөлігі бар. Құрал-саймандар да жеткілікті.
Ауыл әкімінің айтуына қарағанда Нұрлан мен Нұржан қайырымдылық жасауға да ұдайы көңіл бөледі екен. Ауылда «Асар» жолымен тұрғын үй салу, мұқтаж адамдарға жәрдемдесуге әжет ашып, барын аямайды. Анасы сегіз бала тапқан Батыр ана. Қожалықтың шаруасын ол кісі үйде отырса да суыртпақтап сұрап, біліп отырады. Қорасы қойға, шарасы майға толып жатса аналары да қуанады. Енді міне, төл алу науқаны да аяқталып қалды. Енді аз күнде мал жазғы жайылымға шығады. Міне, сақпаны түгел «Қарасарт» шаруа қожалығының бүгінгі тынысы осындай.
С.Қожеке.
Суретте: Қарақыстақ ауылдық округінің әкімі Ораз Танкеев «Қарасарт» шаруа қожалығына келіп, ағайынды Нұрлан мен Нұржан Чимекеевтермен жүздесіп, өрістегі шопандар мен сақпаншылардың тыныс-тіршілігімен танысты.
Суретті түсірген автор.