Ағаш көшеттері отырғызылды
65 ViewsТазалық – әр адамның жеке жауапкершілігі. Біз өз ауламызды, көшемізді таза ұстасақ, өмір сүру сапасы да айтарлықтай жақсарады. Өткен сенбіде «TazaLike» жобасы шеңберінде «Болашақты…
Өмірдің жасыл жайлау жолымен алшаң басып та, жантағы көп жерлермен сүрініп-қабынып та жүретін кездерің болады. Айналаң жылтыр әшекей мен көздің жауын алар әсемдікке тұнып та тұрғандай көрінеді. Қызылды-жасыл әлемнің мүкәммалына тойымсызданасың. Алайда тереңіне сүңгісең – сүрінесің, тұнығына бойласаң – батасың. «Сырты бүтін, іші түтін» дүниенің дүрмегіне түсіп жүргеніңе бір жағынан күлесің, бір жағынан жылайсың. Жылайтының – сен де көппен бірге дүмбілез халдесің. Күлетінің – бұл да бір алданыш шығар. Әбіш те: «Көңілдің қорғанышы – алданыш» деген ғой. Бірақ та дозасынан асып кеткен алданыш жаныңа ауру, рухыңа кембағалдық сыйлайтыны озалдан белгілі.
Былтыр қазақтың ардағы Абайдың туғанына 175 жыл, шығыстың ойшылы әл-Фарабидің дүниеге келгеніне 1150 жыл толды. Биыл да айтулы даталардың саны аз емес. Осындайда ой мүжігіш санаға небір сұңқыл сауал келеді. Дария ақыл даналардың құрметіне орай ұйымдастырылатын іс-шаралардың, концерттердің, мерекелік кештердің даңқынан дабырасы көп секілді. Іске алғысыз челлендждер мен акциялардың бір сәттік күлдібадам дүние екенін ескере бермейміз. Алаулатып-жалаулатып өтетін дақпырты басым шаралардың татымдысы көрер көзге көргісіз. Ал жалған гуманизмге бас ұратын социумде мағына аз екені екі бастан.
Осындай сәтте ойдың талауына түсіп, жанталасқа түсесің. Сонда Төлен Әбдіктің «Тұғыр мен ғұмыр» повесіндегі мына бір сюжетті еске аламын. Повесте мектептің қарапайым мұғалімі Ағыбай директордың нұсқауымен сол уақыттағы «Халық жауы» атанып, ұсталып кеткендер жандардың Батыр, Сәбит секілді балаларына «Фамилияларыңды ауыстырыңдар. Әйтпесе мектептен шығасыңдар» дейді. Нәтижесінде, мектепте тек Батыр есімді оқушы ғана өз фамилиясын ауыстырмайды. Одан кейінгі жағдай шығармада былай өрбиді: «Бұдан кейін Батырдың жағдайы тіпті ауырлап кетті. Директордың алдында ыңғайсыз жағдайда қалдырдың деп Ағыбай ренжіді. Өз кезегінде директор да біреудің алдында ыңғайсыз жағдайда қалған секілді. Кім біледі, жаңағы «біреудің» өзі тағы біреудің алдында қиналған болар» (Т.Әбдік «Тұғыр мен ғұмыр»).
Біздегі жағдай да осы шығармадағыдай. Мияты барлар асқақтап, ұяты барлар ақсаңдап жүр. Күнделікті қоңыр төбел тіршілікті місе тұтып, көптің көлемінде, аярдың айдауында жүргендер көп. Мен де жаспын ғой, ширек ғасырдың шалғайына да жармаспадық. Алайда, мен де көптің арасында жұтылып, ноқтаға ілінем бе деген қорқыныш санаға ұялайды. Ойласам, тітіркенем. «Өлмек пе, қалмақ па – ендігі сауал екі ұдай» (У.Шекспир «Гамлет»).
Менің жан-жануарды өте қатты жақсы көретін досым бар. Үй жануарының неше түрін баптап өсіреді. Қыр-сырын біледі. Сол тірі мақұлықтардың ішінде тышқан да бар. Кейде көңіл көтеру үшін тұрпаты жұдырықтан да кіші тышқанды шыр айналатын шеңбердің ішіне салып қояды. Әумесерлене жүгіретін тышқанның көз ілеспес жылдамдығына күле қарайсың. Қанша тырбанса да, бір орыннан қозғалмағанына ол да қайран қалады, шамасы. Одан сайын қимылдай түседі. Тірі мақұлықтың бұл бейнесіне қарап тұрсам, көзіме адам елестейтіндей. Бір шеңбердің бойынан аса алмай, не сыртқа да шыға алмай, жанталаса жүгірген адамдар. Бойдағы асаулықтан гөрі жуастығы басым адамдар. Қатып қалған ереже мен қағиданы ғана қабылдайтын адамдар. Өмір – шеңбер.
Ахмет ҚАМШЫБЕК.