Тіл – тірегім, соғып тұрған жүрегім

631 Views

Қазақстан Республикасының егеменді, тәуелсіз мемлекет екендігін айқындайтын негізгі конституциялық құқық белгілерінің бірі – мемлекеттік тіл.
Жалпы кез келген елдің өзіне тән рәміздері, шекарасы болатыны секілді мемлекеттік тілі де бар. Мемлекеттік тіл – мемлекетіміздің негізгі атрибуттарының бірі, елдігіміздің нышаны. Біздің Ата Заңымызда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп жазылған. Әрбір қазақстандық Ата Заңымыздың талаптарын орындап, тілдің тазалығын сақтауы керек. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады» – деп шегелеп айтқан болатын.
Қазақ халқының бар рухани асылын бойына сіңірген қазақ тілі сан ғасырлардан бері халқымыздың қасиеті мен киесін бойына сіңіріп келе жатыр. Әр халық әлемді өз тілі арқылы таниды, өзінің құнды дүниелерін, мәдениетін жасайды, сонымен қатар келер жас ұрпаққа осы тілі арқылы бар асыл қазынасын қалдырады. Ал біздің мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі. Алайда азаматтар тарапынан да, мемлекет тарапынан да, оның толыққанды мемлекеттік тіл болуы үшін әлі де көп істер атқарылуы шарт. Қазіргі таңда тілімізді шұбарлап, қорлайтын, өз тілі тұрғанда ұялмай басқа тілде сөйлегенді мақтаныш көретін үлкендер де, жастар да жетіп жатыр. Оған өз басым күнде куә болып жүрмін. Жастардың орыс тіліндегі сөздерді жиі пайдалануы шынымен, адамды ашындырады. Тәуелсіздік алғалы осындай мәселелер жиі көтеріледі. Ондағы мақсат – ұлттық тілдің қадірін көтеру. Ал негізінде тіл және тәуелсіздік бір-бірімен мазмұндас ұғымдар. Тәуелсіздік – ұлттық қасиетті қадірлеуден басталса керек. Ал «өзінің ұлттық қасиетін, өз тілін, әдебиетін білмеген, қадірлемеген адам толық мәнді интеллигент емес» деген М.Әуезовтің керемет ұлағатты сөзі бар. Расында да, өз тіліңнің сұлулығын сезінбей, өзге тілдің қадірін сезіну екіталай емес пе?!
Бұл ретте біз мемлекеттік тілдің өркендеуіне өз септігімізді тигізуіміз қажет. Оған тек қазақ халқының ұрпақтары ғана емес, сонымен қатар қазақ жерінде өмір сүріп жатқан өзге де азаматтарымыз үлес қосуы шарт.
Қазақ тілі – қазақтың мәдениетімен біте қайнасып жатқан рухани қазына. Қаймақты тілді пайдаланбай, қаспақтың түбін қырғыштап жүргендерге айтарым: әркімнің ана тілі тірлік үшін керек, мемлекеттік тіл бірлік үшін керек. Соны әрбір Қазақстан азаматының жүрегімен ұққаны жөн. Тіліміздің қадірін тек тіл мерекесінде ғана ұрандатып көтермей, күнделікті тіршілікте қазақ тілінің мерейін үстем етейік!

Фариза ЕЛЕМЕС,
«Тілдерді оқыту орталығы»
Т.Рысқұлов аудандық бөлімше
меңгерушісінің міндетін атқарушы және оқытушы.

Поделиться ссылкой: