Күтімді егін бітімді

969 Views

Биыл егіннің жайы қалай болары белгісіз. Қыс айында қар аз жауды. Ендігі үміт тек көктемде болатын. Көктемде күн күркіреп, түн жылып, жауын-шашын көп болса, егіннің бітік шығары анық. Алайда? Жоқ, Табиғат-Анаға өкпе арта алмаймыз. Жауын жауған жоқ емес, жауды. Құдайдың онысына да шүкір. Бірақ түн жылымай тұр. Диқаншыларды алаңдатып отырған да осы жайт.
Осы жайттың барлығын назарда ұстап отырған аудан әкімі Ерболат Садырқұлов сәрсенбі күні өзінің ауыл шаруашылығы саласына жауапты орынбасары Ерғазы Еспеновпен бірге бірқатар шаруа қожалық өкілдерінің егіс алқабына барып, көктемгі дала жұмыстарының жай-жапсарын көрді. Аудан әкімі Ерболат Салқынбекұлы мен оның орынбасары Ерғазы Жұмабекұлы барған ең бірінші егіс алқабы Асқар Байсақалов жетекшілік ететін Құмарық ауылындағы «Ернұр» шаруа қожалығы болды. Бұл қожалықтың жалпы егіс көлемі 3300 гектарды құрайды. Кәсіпкер Асқар Байсақалов бұл жер көлемінің 1500 гектарын парға қалдырып, 2000 гектар жерге күздік бидай, жаздық арпаны да 2000 гектарға сеуіп, мына қиындыққа қарамастан, тәуекелге барып отыр екен. Түн салқындығы егінге кері әсерін тигізіп жатқанын жасырмады кәсіпкер өз сөзінде. Дегенмен, аудан әкімі қожалық жетекшісіне «Көктемнің әр күні жылға азық» деген бабаларымыздың сөзі, міне нақ осындайда айтылғанын айтып, адам баласы еңбек етсе ғана табысты болатынын тілге тиек етті.
Одан соң атағы алысқа жеткен ауданымыздағы іргелі шаруа қожалықтың бірегейі «Шәушеннің» де егіс алқабына бас сұққан аудан әкімі аталмыш шаруа қожалықтың жетекшісі Балжан Қодасовамен пікірлесіп, егін-жайдың мәселесін сөз етті. Жалпы егістік жер көлемі 15800 гектарды құрайтын «Шәушен» шаруа қожалығы биыл 9200 гектар жерге күздік бидай, 1700 гектар жерге жаздық арпа егіп отыр. 4800 гектар жер парға айдалынған. Бұл жердегі әңгіме барысында да аудан әкімі егістік жерге түрлі тыңайтқыштар сеуіп, ізденіп, қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, Канада мемлекеті мен Еуропа елдері секілді егістік жерден мол өнім алуға болатынын жеткізді.
Александр Линник басқаратын Көгершін ауылындағы «Луговой жылқы зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де ауданымыздағы іргелі қожалықтың бірі екені сөзсіз. Ерболат Садырқұлов аталмыш серіктестіктің егіс алқабына да барып, жұмысшылармен тілдесті. Серіктестіктің бас агрономы Дархан Қазбековтың айтуынша, «Луговой жылқы зауыты» ЖШС 6215 гектар жерге күздік бидай, 500 гектар жерге арпа, 300 гектар жерге жаздық бидай еккен. 5000 гектар жер парға қалдырылып отыр. Серіктестіктің жалпы егістік жер көлемі 13900 гектар жерді құрайды. Ерболат Салқынбекұлы егіс алқабының басында дәл осы серіктестіктің атқарып жатқан жұмысы көңіл көншітетінін айтып, жұмысшылардың еңбектеріне жеміс тіледі.
Одан кейін аудан басшысы Өрнек ауылдық огругіндегі «Ернар» шаруа қожалығының егіс алқабына барды. Қожалық жетекшісі Рысбек Рахметілдаев жалпы 2100 гектар егіс алқабының 1000 гектарына күздік бидай, 800 гектар жаздық арпа және 200 гектар жерге мақсары еккенін айтып, алда атқарар жоспарларымен бөлісті. Рысбек Рахметілдаев аудан басшысының егіс алқабына түрлі тыңайтқыштар пайдалану қажет деген пікірін қостады. Ол өзінің егіс алқабына түрлі тыңайтқыштар пайдаланып та жатыр екен. Өйтпесе, тағы болмайды. Себебі, жағдай жоғарыда айтқанымыздай болып тұр. Енді жауын жауса, диқаншыларға күндіз-түні ұйықтамай еңбек етуі қажет біздіңше. Егін сонда ғана мол шығады. Айту ләзім, осы төрт қожалық та I және II репродукция, яғни элита тұқымын сепкен.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: