Маған атақ – ұлтым үшін өлгенім

716 Views

Ұлтының ұстыны, жұртының тірегі болған Алаш арыстарының есімі қатпарлы тарих беттерінде алтын әріптермен жазылғаны әмбеге аян. Олар өздерінің өнегелі өмір жолдарында қиямет-қайым заманды бастан өткерді. Тағдырдың тауқыметін көрді, жалған жаланың құрбаны болды. Алайда, ел үшін еңіреп, жұрт үшін жұмылып қызмет еткен Алаш арыстарының ұлтқа деген махаббаты алабөтен еді. Бұған куә – олардың сүбелі сөздері, іргелі істері.
Үркердей шоғырланған азаматтардың басы-қасында болған Қыр баласы Әлихан Бөкейханның қаймана қазақ халқының бағын ашуға қосқан үлесі өлшеусіз. Себебі, ол тоталитарлық жүйенің қыспағымен жанкешті түрде күресті. Халқының қамын, елінің ертеңін ойлаған Алаш арысының ұлты үшін туған азамат екені шүбәсіз. Ол 1906 жылдың 8 қаңтарында Тұзқала кентіне таяу маңда тұтқындалып, 4 ай түрмеде азап шеккені мәлім. Сол уақытта Тұрағұл Абайұлы бастаған бірқатар достары оны қашырмақ болады. Елінен, жерінен жырақ кетуді жөн көрмеген Әлихан: «Керегі мен болсам, мен қашпаймын, абақтыда бір кісі жатқаны жұрт қор болғанынан ыңғайлы», – деп тіл қатқан екен. Бұл – ұлтын шексіз сүйген ұлы перзенттің сертті сөзі. Міне, біз ұлт зиялысының осы бір сөзінен барша ел тұтқаларының айбынын көреміз.
«Тән көмілер, көмілмес еткен ісім», – деп ғұмыр кешкен Ахмет Байтұрсынұлының да көрмеген қиянаты жоқ. Ол өзінің бүкіл өмірін ұлтының тағдырына арнады. Әсіресе, оның тіл біліміне қосқан үлесін ауыз толтырып айтуға болады. Ұлт ұстазының бір ғана «Тіл-құрал» еңбегі атан түйеге жүк болардай. Бұл кітапта қазақ тілінің шынайы табиғаты, болмыс-бітімі анық көрсетілген. Қазіргі таңдағы қазақ тіл білімінде жіберілген қателіктердің орнын «Тіл-құрал» еңбегі толықтырары сөзсіз. Алайда, біз бұл кітапты өз қажетімізге пайдалана алмай жатқан секілдіміз. Сондай-ақ, бұл салада Ахмет Байтұрсынұлымен қатар Қошке Кемеңгерұлы, Құдайберген Жұбанұлы секілді т.б. қайраткерлер қызмет етіп, елінің жоғын түгендеп азаттық жаршысына айналған еді. Қошке Кемеңгерұлы да ұлты үшін ұйып, жұрты үшін жүгініп, қалтқысыз қызмет қылған жандардың бірі. Оның өз заманында айтқан кесек-кесек пікірлері әлі күнге дейін өз маңызын жоймады. Қошкенің: «…бұл уақытқа шейін орта мектеп бітірді деген қағаз алушылар көп, бірақ толық білім алушылар аз», – деген сөзі бүгінгі күннің басты тақырыптарының бірі. Қолында дипломы болса да, білім сапасы соған сай емес замандастарымыздың көбейгенін көз көріп жүр. Осының бәрін кезінде Алаш арыстары ескертіп кеткендей еді. Алайда, осы бір жағдай әлі күнге дейін өз жалғасын табуда…
«Қазаққа қызмет қылмай қоймаймын»(Ә.Бөкейхан), «Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін» (А.Байтұрсынұлы), «Мен неге қазақтықтан сақтанамын»(М.Дулатұлы), «Маған атақ – ұлтым үшін өлгенім»(М.Жұмабай) деп айтқан заңғар тұлғалардың әрбір сөзі, әрбір ісі ұрпақ жадында сақтаулы. Алаш арыстары тағдыр таяғын, саясат сергелдеңін, қоғам қиянатын сан көрсе де мойымай, ұлт мектебін, ұлт мәдениетін қалыптастыруға үлкен үлес қосты. Бұл қайраткерлердің қатарында есімі бүгінгі күнге дейін бізге таңсық Ахмет Мамытұлы, Бақтыгерей Құлманұлы, Райымжан Мәрсекұлы секілді жандар бар. Ендігі біздің мақсат – ұлы істердің ұйытқысы болған Алаш қайраткерлерінің ісін, еңбегін, шығармаларын зерттеп, «қара перденің» шымылдығын түру. Осы жолда алаштықтардың ғайып-ерен, қырық шілтені қолдай жүрсін…

Ахмет ҚАНАТҰЛЫ.

Поделиться ссылкой: