Бөрілі байрақ көтерген Дулат ұрпақтары
«Дулаттар күллі әлемге танымал ежелгі этносқа жатады. Олар жайындағы тарихи деректер қытай, рим, византия, гот, сирия, армян, болгар, венгер, славян, араб, парсы, франк, неміс, чуваш, татар жазбаларында кездеседі» дейді дулаттарды «Бәйдібек баба» және «Ақ тулы сіргелі Жабай батыр» қорларының қолдауымен көп зерттеген шежіреші, тарихшы, Чувашия ғылым академиясының академигі, Ресей, Чуваш Жазушылар Одағының мүшесі Әбдулқадыр Дәуітбек. Иә, ол ашқан жаңалық бүкіл түркі әлемін дүр сілкіндірді. Ол ешкімге жалтақтамай әлем ғалымдарының көмескілеу етіп айтып кеткен айғақты дәлелдері мен дәйектерін жүрексінбей-ақ жалпақ дүниеге жария етті. Өзіңіз ойлап көріңізші: «Ғұн империясын дулаттар қалаған» деп Н.А.Аристов та, Л.Н. Гумилев те, Г.Е.Гурум-Гржимайло да ашып айта алмады. Сол себепті өз заманында күллі Еуразияға үстемдік құрған дулаттар қазір қазақ халқының құрамындағы жәй ғана ру ретінде ғұмыр кешіп келеді.
Өкініштісі сол, қазақ тарихшылары дулаттардың дүниежүзі тарихындағы рөлін бағамдауға, оны тереңірек зерттеуге бара алмады. Ал Ә.Дәуітбек Дулатты ғана емес Сиқымның Қарақойлы және Аққойлы мемлекеттерінің болғанын, қарақойлы Надир шах пен оның ұлы Жаһан шахтың Осмон империясын құруға қатысқанын, Атилланың осы рудан шыққанын және бүкіл Еуропаны тізе бүктіргенін, Дулат Аспарух ханның ботбай руынан екенін дәлелдеуі шежіре жазудан аса алмай жүргендердің бетін дуылдатты. Десек те тарихымыздың терең қойнауын тінткілеп, көз жүгіртіп көрсек Қытай деректерінде Дулаттың (Дулу) Үйсін күнбиі Елжау бидің баласы екенін білеміз. Осыған сүйенген қытайлық Нығмет Мыңжан былай деп жазады: «Үйсін күнбиі Елжау бидің он ұлы болған. Олардың ішінде Дулы деген ұлы қабілетті де қайратты, соғыс өнеріне шебер қолбасы еді. Ол он мың атты әскермен өз алдына оңаша тұратын. Күнбидің тақ мұрагері қайтыс болып кетіп, оның Жөнші би деген баласы жетім қалады. Оны тақ мұрагерінің орнына қоюды Елжау биге тапсырады. Дулыдан қауіптенген би Жөншіні он мың әскермен бөлек шығарады. Сөйтіп, Үйсін елі өз ішінен үш ұлысқа бөлінеді, бірақ бәрі күнбиге бағынады» дейді. Н.Мыңжанның мына хронологиясы да назар аударарлық. Ол алғашқы күнбилер әулетін Нәнді би, оның ұлы Елжау би, оның ұлы Дулы және оның ұлы Оңғайдан бастайды. (Олардың бәрі де б.з.д. 177-104 жылдар шамасында өмір сүрген) деп көрсетеді. Н.А.Аристовтың айтуынша, Дулат атауы Чарыш өзенінің солтүстік тармағы болып табылатын Тулат өзенінің атынан шыққан көрінеді. Ғалым «Дулу тайпасы біздің дәуірімізге дейін өмір сүрген. Сол заманда ғұндармен бірге Қытайдан шығып, Қазақ даласын басып өтіп батысқа кеткен. Осы тайпа көсемдері Дунайдың арғы бетінде Болгар патшалығын құруға септігін тигізеді»дейді.
Еуразия даласын уысында ұстаған дулат тайпасының атамекені деп тарихшылар «Мың Үйсін қазаншұңқырын» айтып жүр. Өйткені үйсіндер Сібір аң стилін ойлап табушылар санатына жатады. Ал болгар академигі Омелян Прицак ғұн державасының негізін қалаушы дуло тайпасынан шыққан Мөде дейді. Неміс Ф.Хирт Мөде қағанның аты Бактур еді дейді. Бактур (Бахтияр) түрік тайпаларының атасы саналады. Қазақ шежіресінде де «Бахтияр» үйсіннің ұраны деп саналады. Иә, ғұндар ежелгі Қытайды бірнеше мәрте бағындырса, дулаттар ІІ ғасырда Жетісуда өз мемлекетін құрды. Осы тұста тамаша саясаткер, талантты қолбасшы Балемер Идель туралы көп айтылады. Ол көптеген тайпалардың басын біріктіріп, қуатты әскер жасақтап, аландар мен готтарға қарсы тегеурінді қарсылық көрсете білді. Балемерден кейін ғұн билігіне Алып би келді. Балемердің шөбересі Мыңсақтың ұлы, дулат билеушілер әулетінен шыққан Атилла (Еділ патша) тұсында ғұндардың даңқы әлемге айрықша әйгілене бастады.
Атилла Византия мен Рим империясын бағындырып, Рейн мен Обь өзендерінің аралығындағы елдерді түгел жаулап алды. Сөйтіп ол бірінші мыңжылдықтың ең атақты адамы болды. Кәрі құрлықта оған теңесе алатын ешкім болған жоқ. Ол туралы аңызға бергісіз әңгімелер айтылып, ол тіпті скандинавтар мен немістердің дастандарына, чуваш эпосына енді. Христиандарда оны көреалмайтындар тым басым болды. Дегенмен, француз ғалымы Бувье Ажам Атилла жайлы шынайы деректер келтіреді. Еділ патша Италияға жетіп, римдіктерді тізе бүктірді. Бәрібір Рим папасы Лев Атилланы «құдайдың құлы» деп атады. «Мәңгілік қала» атанған Римге Атилланың жорығының жеңіспен аяқталғанын, римдіктердің Каталаун даласында күйрей жеңілгенін олар мойындағысы келмеді. Атилланың сол кезде бес әйелі, 500 күңі болған екен. Иә, оның өзі де ұрпақтары да орасан зор байлыққа ие болды. Атилланың замандасы атақты ақ ғұн Едігенің ұлы Одоакр да неміс тайпаларымен бірігіп, Римді тас талқан еткенін, сөйтіп, мәңгі қаланы билегенін тарих жасыра алған жоқ. 453 жылы заманының заңғар ұлы дүниеден өтті.
Атилла өлді. Ұлы билеушінің 500 мың әскері бүкіл Еуропаны бағындырып алып, 45 тайпалы елді 19 жыл басқарды. Атилла өз астанасын Хон – Балыннан (кейін Киев болған) Венгрияға, одан соң Германияға көшірген. Оның анасы қырғыз болған. Ал Атилланың өлімі өте жұмбақ. Рейхан Булғари оны қалыңдығы Ильдигоның қолынан, ал болгар ақыны Микэль Башту Киев тауына көтерілгенде өз ажалымен өлді дейді. Қалай десеңіз де оның Днепр өзенінің түбінде жатқанын ешкім жоққа шығармайды. (Р.Булғари «Қыпшақ даласының гүлдері», М. Башту «Шан қызы дастаны»). Бірақ оның 38 бабасы жайындағы ақпарат венгер тарихшыларының кітабында алтын әріптермен жазылып қалды. Ұлы жүз шежіресі «Хунгария және мадияр, кереш хроникасы» кітаптарынан алынды. Ғұн империясы құлаған соң, оның орнына Кубрат ханның Ұлы Болгариясы, Хазар мен Авар қағанаттары, Еділ Болгариясы, Дунай Болгариясы, Киев қағандығы, Арпад Венгриясы келді. Бірақ олардың бәрінде дерлік билікте Атилла ұрпақтары болатын. Сол атақты ғұнның бірі Кубрат хан еді. Оның бес ұлының ішінде Ботбай, Котраг, Аспарухтың даңқы асқақтап тұрды. Бұл туралы Бахши Иманның «Жафар тарихы» кітабында анық айтылады. Осы кітапта Мәскеудің негізін болгар билеушісі Ахад Мосха қалағаны айтылады. Ал Дунай болгарларының Аспарух ханнан тарайтыны белгілі емес пе.
Осы дулаттар Түрік қағанатының, Шыңғыс хан империясының, «Алтын Орда» мен «Ақ орданың» негізін салғанын тарихтан жақсы білеміз. Орыстар славян бақсысы Ягайло Ганның ІХ ғасырда жазған «Велесова книга» яғни «Билеушілер кітабын» жарыққа шығарды. Онда автор үйсіндер жайындағы шындықты бұрмаламай тура жазған. Тарихшы ғалымдар готтардың, славяндардың түп тамырын жойып жіберудің алдын алған ғұндар деп бағалайды. Ягайло Атилланы үйсіндердің билеушісі деп жазады.
Белгілі ғалым С.Аманжолов өзінің зерттеулерінде: «Ежелгі дәуірде дулаттар үйсіндер және қаңлылар тәрізді дербес өмір кешті, олар да аса қуатты тайпалық патшалық (хандық) болған» деп жоғарыда айтылған Ә.Дәуітбектің деректерін тұжырымдай түседі. Ал «Бәйдібек баба» республикалық қорының президенті, Д.Қонаев университетінің профессоры, ЮНЕСКО мәдениеттерді жақындастыру орталығының бас ғылыми қызметкері, жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы «Дулат баба қай дәуірде өмір сүрген?» деген мақаласында Дулат баба туралы көптеген құнды деректер келтіреді.
Дулулар VІ ғасырда құрылған түркі қағанаты кезінде елеулі істер атқарған. 582 жылы өз ішінде Шығыс және Батыс қағанаты болып екіге бөлінген түркілердің батыс тобында болған Дулаттар әйгілі «он оқ будуы» (он жебе) халқының қақ жарымын ұстаған. Бұл қағанат «бес нушиби», «бес Дулу» одақтарынан тұрған. Орхон жазуларында конфедерацияға кірген тайпалар «он-оқ» деген жалпы атауға біріктірілген, ол он тайпаны білдіреді, бесеуі Нушиби. Тайпалар бірлестігінің аралығындағы шекарада Шу өзені болды. Дулу тайпалары шығыстық деп аталды да, Іле, Шу өзендері арасындағы кеңістікті алып жатты. Қытайлар чу-бунь деп атаған Албан, Суан болуы әбден мүмкін. Өйткені ол чубань этнонимімен дулу қауымдастығына енген. Шығыстанушы Н.Катанов VІІІ ғасырда Оңтүстік Монғолия мен Тарбағатайды мекендеген дулаттар қазіргі дулаттардың ата-бабасы болып келетінін растайды. Академик Л.Н.Гумилевтің сөзімен айтқанда, «Ат үстінде шебер соғысатын ежелгі ғұндардың жауынгерлік машығын мұралаған Дулулар қағанатта беделді болатын. Шын мәнінде дулаттар бөрілі байрақ көтеріп, жауымен сансыз рет соғысқан ержүрек ел болды. Сондықтан болар, олар Батыс Түрік қағанатының билігін ешкімге бермеді».
Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп тұқианнан өзіме шейін» кітабында: «Елжау бидің 23 баласы болған. Үлкені Нулы атасы ұсынған таққа өзі отырмай оны Дулыға берген. Жужандарға қарсы Үрбі одағын құрған Естеми қаған да Дулу тұқымынан болатын» деп жазады. Дулы христиан жыл санауынан 200-300 жыл бұрын өмір сүрсе керек. Бұл жылнамасымен де үндесіп тұр. Бұрынғы ақсақалдар айтатын шежіреге де келеді. Ақ арыс «Абақ таңбалы», Жан Арыс «Тарақ таңбалы» болуының мәнісі де сонда. Дулаттардың ұраны – «Бақтияр», таңбасы дөңгелек, Күн тәрізді болған. Демек, қазіргі дулаттар ежелгі дулулардың заңды жалғасы деп түсіну керек. Осы кітапта Қазыбек бек Бәйдібек бабаның туған жылын 609 жыл деп көрсетіпті. Ал Мұхаммед Хайдар Дулаттың сілтемесінде Шыңғыс хан әмірліктерін ұрпақтарына бөліп бергенде дулаттар Шағатайға тиген. Шағатай дулаттарға Маңлай Сүбе деген аймақты басқаруға берген. Бұл Ташкент пен Ыстықкөлдің аралығы еді. Осы аймақты ең алғаш Байдаған әмірші билепті. Қазақ шежіресіндегі Байдаған Бәйдібек бабамыз болуы әбден мүмкін. Өйткені дуандық әкеден балаға мұра болып қала берген. Махмут Қашқари өзінің «Түрік сөздігінде» оғыздың 22 руының бірі – Чарукшуг еді дейді. Бұл қазақ тілінде Жарықшақ дегенге келеді. Сонымен Дулат руы қазақ халқының хандық құру кезеңіне дейін белді тайпалардың бірі болып келген.
ХХ ғасырдың басында Макшеев пен Гродековтың мәліметі бойынша дулаттар 40 мың шаңыраққа жеткен. Дәлірек айтқанда, Сырдария уәлаятының Шымкент, Әулиеата уезі мен Жетісуда көптеп қоныстанған. Ал Мұхаметжан Тынышбаевтың көрсетуінше, осы төрт уезде 140 мың, Әулиеатада да 140 мың, Верныйда 100 мың, Пішпекте 80 мың, барлығы 460 мың дулат болған. (М.Тынышбаев. История казахского народа. 178 бет.Алматы. 1993 жыл).
Сонымен біздің пайымдауымызша, Дулат Жарықшақұлы (1426-1506) Бұхарада медреседе оқып, 1452 жылы Есенбұға ханның қолдауымен әкесінің орнына ұлысбегі болып тағайындалады. Бабамызға негізінен Жетісу өлкесі түгелдей бағынышты болады. Оған қоса Жүніс хан Сайрам мен Ташкентті билетеді. Дулат баба жорықта жүріп Құлан сазы маңындағы Қарабастау деген жерде жаудың торуылына ұшырап, кенеттен қаза табады. 2019 жылы Дулат баба ұрпақтары Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданының орталығы Құлан қамалы жанынан кесене салып, бабаға ас берді.
С.Қожеке.