Ақиқаттың қызыл шоғын ақ арымен көсеген журналист

726 Views

Журналистиканы тәмамдап, жазушылық шыңға жеткен қазақтың қабырғалы қаламгерлерінің бірегейі Әзілхан Нұршайықовтың «Журналистер – төрт моторлы ұшаққа ұқсайды. Олар: әрі ақын, әрі тарихшы, әрі суретші, әрі ғалым. Осы төрт «мотор» жердегі жазушыны көкте самғатады» деген өнегелі сөзін оқыған сайын менің көз алдыма ауданымызға ғана емес облысқа, тіпті, республикаға белгілі (бұл шындық) журналист, ақын, жазушы, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының иегері, ауданның Құрметті азаматы Сейсен Шәмінұлы Қожекенің шығармалары оралады. Өз басым Сейсағаңның еңбекқорлық қасиетіне қайран қаламын. Көп оқиды. Газеттің әр нөміріне мақала әзірлеп, оны орналастырып қоятынын қайтерсің. Содан соң өткір жазады. Шаруасың ба, басшысың ба ол жағына қарамайды. Әйтпесе, тілімен «сойқан сойып» жүрген пысықсымақ «журналистер» көп қой. Мақаласының басы бар, соңы жоқ. Тіпті, мақала жаза білмейтіндер де осы саладан нәпақа тауып жүр өкінішке орай. Сондайларды көргенде ішің қыз-қыз қайнайды. Айтасың. Жын ұрғандай күй кешесің. Бірақ шындық шіркін шымбайларына батпайды. Осындайда Сейсағаң айтқан сөздермен жұбатасың өзіңді. Кәсіби журналистің қашанда айтары бөлек қой.
Айтулы қаламгер Шерхан Мұртаза өзінің шәкірті, жазушы Оралхан Бөкей өмірден озған соң, оның «Құм мінезі» деген шығармасындағы кейіпкерлерді сөз ете отырып, былай деп күйініпті заманында. «Басшы болсаң, әділ болсаң, нағыз еңбекшінің жанында жүр. Көр өз көзіңмен. Кім пәруана, кім жалқау. Кім ауырдың астымен, кім жеңілдің үстімен жүргенін. Көр. Біл. Сонда ғана әділеттік орнайды. Әйтпесе, Сейітқұл қойшы сияқты бастық атаулыға қой сойып, пара беріп, өтірік өсіп жатқандар аз ба? Ал бұл арамдық Барханның мінезінде жоқ. Болмайды да. Ондайларды басшылар жақтырмайды, қаламайды, өсірмейді». Ақиқат па? Ақиқат. Бұны жазудағы мақсатым – Сейсағаңның шыншылдығы еді. Ұстазы Шерхан Мұртазаның «Бұл дүниеде шындық дейтін шірімейтін дүние бар» деген ұлағатты сөзін Сейсағаң ешқашан жадынан шығарған емес. Әйтпесе, аудандық газетті басқаруға оның тәжірибесі де, шығармашылық деңгейі де жетпейді емес, жетті. Бірақ, ол оны мақсат еткен жоқ. Емен есікті кабинеттегі «креслодан» қолындағы қаламсабын жоғары қойды.
Артқа шегініс: Сейсағаң 1969 жылы Жаңатұрмыс ауылындағы орта мектепті тәмамдаған соң, бірден аудандық газеттің редакциясына келді. Өзінің ең алғашқы жұмысын аудандық газетте корректорлықтан бастады. Ол кезде аудандық газетті Оспанбек Хатиев басқарушы еді. Ауылдың комсомол жастарын басқарып жүрген жерінен редакцияға жұмысқа алып келген сол кісі болатын. Аудандық газетте Рахметілдә Құдабаев, Есен Төреқұлов, Мұрат Ахалиев, Әбдіжақып Туғанбаев, Кәріпжан Нүсіп сияқты білікті журналистермен бірге жұмыс істеді. Өзі үнемі айтып отырады. «Құдабаевтан очерк жазуды, Туғанбаевтан аударма жасауды, Төреқұловтан ресми материалдарды әзірлеуді, Ахалиевтен сын мен корреспонденцияларды жазуды, ал Кәрекеңнен өлең шығаруды үйрендім» деп. Ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (КазГУ) журналистика факультетінің түлегі. Аудармашы, аға әдеби қызметкер, ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары сияқты қызметтік баспалдақтардан өтті. Сыни материалдары, фельетондары, шалғайдағы қыстаудан жазған очерктері газет бетінде ұдайы жарияланып тұрғандықтан, сол кездегі облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы Арғынбай Бекбосынов газетке шақырып, Меркі және Тұрар Рысқұлов аудандары бойынша меншікті тілші міндетін Сейсағаңа жүктеген. Бұл тоқсаныншы жылдардың басы, дәлірек айтқанда, 1992 жылдың қаңтары болатын.
Басшының алдында бүгежектеп, міңгірлеп сөйлеу – Сейсағаңның тұла бойында жоқ қасиет. Шыншылдық – оның басты ұстанымы екенін жаздық. Бұны тіпті дәлелдеп те жазуға болады. Заманында шыншыл журналистің «Құландағы құйын» атты фельетоны мен «Ара» журналында жарияланған «Жетеудің хаты» атты сыни мақаласы аудан, облыста ғана емес, республика көлемінде резонанс тудырды. Сыни мақаланы тегеурін мінезді Темірбек Қожакеев, Мәлік Ғабдуллин, Зейнолла Қабдолов, Қалижан Бекқожин сияқты біртуар тұлғалардан дәріс алған Сейсен Қожекенің жазуы заңды да. Яғни, ол «кімнің тарысы піссе, соның тауығы» болып жүрген журналистердің қатарына жатпайды. Меніңше, Сейсағаң 70 жасқа таяса да ақиқаттың қызыл шоғын ақ арымен көсеп келе жатқан шыншыл журналист.
Лездемеде айтылған сөз: –Өзімді ауданымыздағы қазақ тілінің көркеюіне үлкен үлесін қосқан жанның бірімін деп есептеймін. Шамамыздың жеткенінше, мемлекеттік тілге көшпей отырғандармен аяусыз күрес жүргіздік. Уақытымды босқа сарп етпей, елге таныла қоймаған азаматтардың өмірін зерттедік. Ол Тұрар Рысқұловтың үзеңгілес жолдасы, Әулиеата уезінің азық-түлік эмиссары Жүсіп Сатыбалдиев пен қалмақтармен болған шешуші шайқаста мыңбасы болған Танабай батыр еді. Біздің бастамашылдығымызбен Карақыстақ ауылындағы екі көшеге ұлт мақтаныштарының есімдері берілді. Сондай-ақ, Меркідегі Нововоскресеновка ауылының Андас батыр деп аталуына себепкер болып, Меркі ауданы ең алғаш құрылғанда ауаткомның төрағасы болған Шыңқожа Омаровқа да бір көшенің аты берілуіне ықпал еттік. «Ленин жолы» ауылына өзім көптеген жылдар бойы қызмет атқарған облыстық «Ақ жол» газетінің атын бергіздік,–дейді қаламгер бізбен өрбіген әңгіме барысында.
«Сауаты бар адамдар сөзді оқи алады, Сәулесі бар адамдар көзді оқи алады» деген Тыныштықбек ақынның ешбір қоспасы жоқ қой шіркін. Сейсағаңның бұл еңбегін «әкімқараларда» бағалады. Яғни, марапаттады. Атап айтсақ, белгілі журналист Тұрар Рысқұлов және Меркі ауданы әкімдерінің Құрмет грамотасымен, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының Құрмет Грамотасымен, Жамбыл облыстық мәслихатының Құрмет грамотасымен және облыстық «Ақ жол» газеті бас редакторының алғыс хатымен марапатталған.
Сейсағаңа журналистиканы таңдап, өлең жазуына себепкер болған қазір жасы тоқсаннан асқан балалар ақыны, білікті педагог әрі ғалым Әдібай Табылдиев еді десек, артық айтпаспыз. Жалпы Жаңатұрмыс ауылын шайырлар мекені десе де болады. Табиғат тамыршысы атанған лирик ақын Қуандық Шолақ пен айтыскер ақын Асхат Қылышбек те осы ауылда туып өскен.
Сейсағаң сөйлейді: «Мен де өлең жазамын. Алайда, жазған өлеңдерім әзірше баспасөз беттерінен ғана орын алып жүр. Жалпы жиған-терген өлеңдерім баспадан «Айкөл» деген атпен жарық көрді. Менен: «Жетпіске жасқа таяп қалыпсың, не бітірдің?» деп сұрай қалса:
–Жиырма жыл бойы аудан мен туған ауылымның тарихын зерттеп, «Құлан тарихы» (1998 ж), «Қожай қызыр — береке»(2008 ж), атты тарихи-шежіре кітаптар мен «Темірқанат» (2010 ж), «Аты аңызға айналған», «Қос майданның жауынгері», «Жарлысудың жампозы» (2016 ж) атты кітаптарым жарық көргенін айта аламын, – дейді.
Мақала авторының айтары: 2021 жылдың 28 желтоқсанында белгілі журналист Сейсен Шәмінұлы Қожеке 70 жасқа толады. Қаламгердің 70 жас мерейлі туған күніне орай аудан әкімдігінің білім бөлімі арнайы іс-шара ұйымдастырып, мерейтой иесімен Жаңатұрмыс, Көгершін және Құлан ауылында кездесу кешін өткізбекші. Бұл мерейтойды әр ауылда кең көлемде атап өтуге де болар еді. Бірақ әлемді жайлаған індет салдарынан жағдай осындай болып тұр.
Өткен сейсенбіде Жаңатұрмыс ауылындағы Қаныш Сәтпаев атындағы орта мектептің акт залында журналист, ақын, жазушы Сейсен Қожекенің 70 жас мерейтойына орай «Жаңғырған өңір» деген тақырыппен ілкімді іс-шара өтті. Шара тақырыбы неліктен бұлай аталды дейтін болсақ, автордың ауданымыздың құрылғанына 80 жыл толуына орай осындай атаумен кітабы жарық көрген болатын. Ұйымдастырушылар осыны негізге алған екен.
Іс-шара шымылдығын мектеп директоры Көпжасар Өскенбаев сөз сөйлеп, ашып берді. Ол өз сөзінде журналист Сейсен Қожекенің жазу стиліне ақиқатты айтудан жалтармаған Шерхан Мұртазаның өзі жоғары бағасын бергенін айта келіп, автордың журналистік шеберлігі жайында сөз қозғады. Содан соң мектептің 10 сынып оқушысы Әсел Құрама журналистің өмір жолына негізделген баяндама оқып, қысқаша шолу жасап шықты. Мектептің музыка пәнінің жетекшісі Нұргелді Оспановтың орындауындағы автор шығарған «Ашумен атылған оқ» атты балладасы жүрек шымырлатты. Одан кейін 7 сынып оқушылары Сейсен Шәмінұлы шығарған өлеңдерді оқыды. Ділназ Қайыпжанның орындауындағы «Тәуелсіз ел ұланы» атты ән де тамаша орындалды. Содан соң «Ақ сарайда атылған оқ» туындысының оқиғасымен өрілген сахна көрінісі қойылды. Оқушылар рөлдерін сәтті орындап шықты. Көңілге түрлі ой салды. Шыны керек, туындыны сахналық көрініске айналдырған жетекшілер Бибігүл Жақсымұратова мен Зина Ілиясоваға «Браво!» деуден басқа айтар сөз жоқ. Нұргелді Оспанов Сейсен Қожекенің сөзіне жазылған Дүйсен Бықыбаевтың әні «Бозым едіңді» тамылжыта шырқады. Жүрек шымырлады. Іңкәр Аманбайдың орындауындағы «Мерекеңізбен» әнінің де ырғағы жылдам болғанымен, сөзі жұмыр екен. Ауданымызға белгілі әнші Гүлмарал Қорабаеваның да сахнаға шығып, есті ән орындағаны автордың көңілін марқайтып тастады.
Шараның екінші бөлімі «Сыр сандық» деп аталды. Бұл бөлімде оқушылар авторға сұрақтар қойып, жазушы әр сауалға нақты мысалдармен жауап қайырып отырды.
Іс-шара соңында аудандық білім бөлімінің әдіскері Гүлшара Нұралиева сөз сөйлеп, Сейсен Қожекенің жазу мәнерін ғана емес, адамгершілік болмысын сөз етті. Екі шумақ өлең де оқып берді. Одан кейін Жаңатұрмыс ауылдық округінің әкімі Нұрболат Жамалбеков, автордың бірге оқыған сыныптастары және мектеп директоры Көпжасар Өскенбаев пен директордың тәрбие-ісі жөніндегі орынбасары Нұрбол Өсербаев сөз сөйлеп, қаламгердің иығына қазақы оюмен әдіптелген шапан жапты.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: