Ұстаз көштен қалмаса, ұрпақ озады

580 Views

Ұстаз – ұлы тұлға. Ұстаз – балаға жеке тұлға ретінде қарай отырып, тәрбиелі, білімді, мәдениетті болуына ықпалын тигізеді. Тәлім-тәрбие беріп, баланың арман-қиялын көкке жеткізетін де осы – ұстаз. Ұстаз деген сөзге лайық болу үшін білімді, шығармашыл болу қажет. Ол үшін ұстаздар қауымы әрқашан біліктілігін арттырып, үнемі тынбай еңбек етіп отыруы шарт.
Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы: «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы, яғни мұғалім білімді болса, білген білімін басқаға үйрете білетін болса, ол мектептен балалар көбірек білім біліп шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі, мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, оқыта білетін мұғалім», – деген. Ғасырға жуық уақыт өтсе де, Алаш арысының осы сөзі ескірмек емес. Бұл мәселені Елбасы да талай мәрте қадап айтқан. Мектептегі ұстаз – өз шәкіртінің білімді ғана емес, ұлттық тәрбиемен сусындауына да көп көмек көрсететін маман. Себебі әр оқушы ұстазына қарап бой түзейді. Оның жүріс-тұрысына еліктейді. «Ұстазы жақсының ұстанымы да жақсы». Демек, бүгінгі мектептің басты қызметі – заман талабына сай, білімді тұлға тәрбиелеу.
Қазіргі жастар ішінде Батыстан кірген бейәдеп қылықтарды бойларына сіңіріп, теріс жолдарға түскендері де бар. Имандылықтан ада болып, ағайын-туысты, қала берді, ата-ананы құрметтеуден кері кеткендері де кездеседі. Осының кесірінен көздері жәудіреген жетімдер, қабағы қайғы мен мұңға толы қарттар үйіндегі қариялар, түрмедегі тентектер саны көбейді. Мұның бәрі жас кездегі тәрбиенің осалдығы деп білемін. Сондықтан тәрбиеге ата-ана мен мұғалім жауапты. Өскелең ұрпақтың тәрбиесіне жастайынан мән берсек, олардың тұлға болып қалыптасуына үлкен септігін тигізбек. Егер мұғалім ата-анамен бірлесіп баланың қызығушылығын дамытса, онда ол әрқашан арқа сүйейтін жақын жандарын бар екеніне сенім білдіре алады.
Сонымен қатар біздің қоғам ұлттық психологияға жіті мән беру керек. Мұғалім оқушымен жеке сөйлесіп, жақсы қарым-қатынаста болу арқылы оның жүрегіне жылылық, санасына сергектік сыйлайды. Балаға психологиялық қысым көрсетпеу керек деген сөзбен ғана шектелмей, баламен түрлі бағыттағы танымдық жұмыстарын жүргізу керек. Мысалы, оның неліктен сабақ оқымай келгенін сұрап білуге болады ғой. Иә, ол әлі буыны бекімеген бала шығар, бірақ оның да сабақты орындамай келуінде белгілі бір себептердің бары анық. Ал көп жағдайда мұғалімдер бұл мәселені тек сылтау ретінде қабылдайды. Оқушы да – қоғамның бір мүшесі емес пе?! Оның да өз ойы мен пікірі болады.
Оқыту кірпішті бір қолдан екінші қолға бере салу емес, керісінше бұл білімнің көзін ашу, баланың санасына тағылым мен тәлімді сіңдіру. Сондай-ақ, мұғалімдер идеяларды дайын күйінде бере салмай, оқушылардың өзінің ішкі жан дүниесінен туындаған креативке толы идеяларын ұсынатындай жағдай жасауымыз абзал. Басты мәселе мәліметтер мен мағлұматтардың сапасында, яғни ақпарат көлемінде емес. Мәселе – қажетті ақпаратты игеру жолдары мен әдістерінде. Мұғалім өзінің осы уақытқа дейін жиған білімін оқушыға беру арқылы оның ойлау жүйесіне, іздену қабілетіне, шығармашылық потенциалына ықпалын тигізу керек. Бұл күнделікті сабақ тақырыбынан басталады. Осы күнделікті сабақ тақырыбын кең түрде түсіндіріп, ақпараттық ауанын аша түссек және осы тақырыпқа байланысты бүгінгі таңдағы проблемаларды қозғай білсек, оқушыға өте қызықты болар еді. Ал оқушының шамшырағын жаға білу – кез келген ұстаздың басты міндеті.

Іңкәр Сәрсенбаева,
«Ustudy Ufuture» оқыту орталығының мұғалімі.

Поделиться ссылкой: