Артында өшпес із қалдырған

562 Views

Өткен ғасырда ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, қызметтерімен ауылдың, ауданның экономикасының өркендеуіне үлес қосып, елі үшін тылда аянбай еңбек етіп, майданда ерлігімен көзге түсіп, басшылардан алғыс алып, халықтың ризашылығына бөленген жандар аз болған емес. Солардың бірі де бірегейі – қарапайым отбасынан шыққан абзал азамат Айтбай Ақтоқалов еді. 1912 жылы Әулиеатада туып, осы қалада өсіп, жаңадан ашылған Жамбыл зооветтехникумын аяқтаған соң, жолдамамен №97 Луговой жылқы зауытына қызметке келеді. Жас маман жаңадан құрылып жатқан жылқы зауытының ұйымдастыру жұмысына кірісіп кетеді. Жылқы фермасына бригадир болып, мал қоралардың соғылуын қадағалайды. Заводқа бөлінген жерлерді анықтау сияқты жұмыстарды атқарып, фермада зоотехник, бригадир болып жүргенде соғыс басталады да, әскер қатарына шықырылып, 78 атқыштар дивизиясына алғаш бөлімше командирі, кейін взвод командирі болып майданға кіреді.
1943 жылы Курс-Орел шайқасына қатысып жараланып елге қайтады. Елде еркек аз. Алғаш бригадир, кейіннен бөлімше меңгерушісі болып, күндіз-түні еңбек етті. Соғыс кезінде «Ерлігі үшін», «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталса, ауылда еңбек етіп «Ерен еңбегі үшін», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталады. Соғыстан кейінгі жылдары бөлімше басшысы, жылқы фермасының жетекшісі, одан беріде ауылдық советтің төрағасы қызметтерін атқарып келген. Сүйген жары Рәшкүл екеуі 8 ұл-қыз өсіріп, жақсы тәрбие бере білді. «Әкеміз өте адал, қарапайым, бірақ бізді қатал ұстайтын, адам болды. Ешкімнің ала жібін аттама, өтірік айтпа, тура жүр, тура сөйле, таза бол. Әке-шешеңе тіл тигізбе. Еш уақытта ешкімге жалтаңдама. Адал еңбек ет, кеудеңді көтерме, басқаға тіл тигізбе, жұмысыңа тұрақты бол деп тәрбиеледі» – дейді ұлы Қуаныш.
Айтбай ақсақал өзі кеткенмен артында өшпес із қалдырды. Ауыл ақсақалдары осы күнге дейін жақсы істерін еске алып, құрметтейді. Айтекеңнің артында қалған ұл-қыздары әкесінің өсиетін қалтқысыз орындап келеді. Бәрі өз орнын тапқан, әр салада егемен еліміз үшін еңбек етуде.Балалардың бірі Қуаныш жоғарғы білімді маман. Институтта мұғалім болды. Тәуелсіздік таңы атқан соң кәсіпкерлікпен айналысып, тігін цехын ашты, құрылыс фирмасын құрды. Бүгінде облысқа белгілі құрылыс мекемесінде көптеген жұмыстарды атқарып, абыройлы еңбек етіп, еліне қызмет етуде.

М.Нохрабеков.

Поделиться ссылкой: