855 Views
100 жылға жуық тарихы бар Құлан агротехникалық жоғары колледжі жұмысшы және орта буын мамандарын дайындайтын техникалық және кәсіптік білім беретін республикадағы көне оқу орындарының бірі.1923 жылы Орынбор қаласында өлкелік техникум болып құрылған оқу орны, бүгінгі таңда Жамбыл облысының Т.Рысқұлов ауданының орталығы Құлан ауылында орналасқан.
Білім мекемесі облыстың ауылшаруашылық саласындағы базалық колледж ретінде қалыптасып, колледж миссиясы өңір экономикасын дамытуға жоғары сапалы мамандарды даярлауға бағытталған.
Алға қойған мақсатты жүзеге асыруға колледждің мүмкіндігі де зор. 2018 жылы колледжде ветеринарлық клиника, дәнекерлеу цехы, жылыжайлар, 2019 жылы агрономиялық зертхана, сүт, ет өнімдерінің цехтары, гараж, мал қоралары мен интенсивті бақ, 2020 жылы автономды жылу қазандығы іске қосылып, оқу корпусы және асханасы күрделі жөндеуден өткізілсе, 2021 жылы колледждің материалдық – техникалық базасы «Жас
маман» республикалық жобасы аясында «Агрономия», «Дәнекерлеу ісі» мамандықтары бойынша әлемдегі соңғы үлгідегі WorldSkills талаптарына сәйкес келетін құрылғылармен жабдықталады.
Колледждің материалдық — техникалық базасы білім беру ұйымының миссиясына, мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес келеді, мамандарды дайындаудың жоғары деңгейіне жетуге бағдарланған оқытудың инновациялық технологияларын оқу үдерісінде қолдануда. Оқу және зертханалық алаңдардың жай-күйі қолданыстағы нормативтерге сай. Бұл әлеуметтік серіктестердің сұранысын қамтамасыз етуге толық мүмкіндік береді. Маман даярлауда колледж 97 әлеуметтік серіктестермен дуальды оқыту және өндірістік тәжірибеден студенттерді өткізу үшін келісім шартқа отырған. Оның 86-і Т.Рысқұлов ауданында орласқан мекемелерді құраса, 2-еуі республикалық, 2-еуі халықаралық деңгейдегі мекемелер.
Сапалы маман даярлауда кәсіптік тәжірибенің орны ерекше. Колледжде жылдан-жылға дуальды оқытумен қамтылған студенттердің саны артып, бүгінгі таңда колледждің 6 мамандығын қамтып отыр. Дуальды оқыту жүйесі аясында студенттер жалпы оқу көлемінің 60%-ын кәсіпорындарда өткізеді. Осыған орай, оқу бағдарламалары кәсіпорындармен келісе отырып әзірленді. Бұл бізге кәсіпорын мен оқу орнының арасындағы алшақтықты жоятын болады. Бұрындары жаңадан қабылдаған мамандар сынақ мерзімі арқылы жұмысқа қабылданса, дуальдік оқыту жүйесі аясында бітіруші түлектерді кәсіпорындар сынақ мерзімсіз тұрақты жұмыс орындарын ұсынуға мүмкіндік береді. Ал студенттер тәжірибе кезінде күнделікті көріп, танысып жүрген жұмыс орнындарын еш қиындықсыз кәсіби маман ретінде жалғастыруға мүмкіндік алады. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде «Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ межелеген«Техникалық және кәсіптік білім беруде WorldSkills тәсілі бойынша студенттердің практикалық дағдыларын сапалы және кешенді бағалауға бағытталған демонстрациялық емтихан түрінде студенттерді қорытынды бағалаудың жаңа жүйесі енгізілетін болады» – тапсырманы орындауға мүмкіндік берді. 1513000 «Ветеринария» мамандығының бітіруші түлектері оқу үрдісіне енгізілген WorldSkills стандарттары талаптарына сәйкес демонстрациялық емтихан тапсырып, барлық студенттер Skills Passport иеленді.
Колледждегі жастарға жаңа мотивациялық серпін беру мақсатында 2020 жылдан бастап, «Атаулы шәкіртақы» жобасы енгізілді. Жобаның негізгі мақсаты – озат және белсенді жастарға материалдық қолдау көрсету, оларды колледждің оқу, ғылыми, қоғамдық қызметіне ынталандыру болып табылады. Жобаның жүзеге асырылуына колледждің әлеуметтік серіктестері «Шәушен», «Қайқы», «Алрай», «Ербол» шаруа қожалықтары демеушілік көрсетіп отыр.
Жастардың сапалы кәсіби білім алуы, қазіргі қоғамның күрделі экономикалық жағдайында біліктілігін іске асыруы, өмірдегі мақсатына жетуі бірінші кезекте білім беру мекемесінің педагогикалық қызметіне, колледждің педагогикалық ұжымының кәсіби құзыреттілігіне тікелей байланысты.
Колледжде 75 инженер педагог қызметкер 9 мамандық 26 біліктілік бойынша білім береді. Педагогикалық ұжымның сапалық құрамы 56 % құрайды. Оның ішінде 17 педагог Англия, Германия, Малайзия, Түркия, Финляндия, Ресей, Беларусь шет мемлекеттерінің орталықтарында біліктілігін арттырып, әлемдік деңгейдегі оқытудың озық тәжірибелерін меңгерген.
Бүгінгі таңда «Ветеринария» мамандығының 2 қызметкері Бірлік Сраилов және Еркебұлан Ертаев республикалық «Үздік педагог» атағын иеленсе, Сарсенбиев Рашид облыс деңгейінде жүлдегер атанды. Колледж ұжымының алға нақты мақсат қойып, бір бағытта еңбек етуінің арқасында облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен өткізілген «Табысты менеджмент – 2021» байқауында «Бас жүлде» иеленді.
Техникалық және кәсіптік білімді жаңғырту мақсатындағы енгізілген инновациялық үрдістер білім алушылардың кәсіби біліктер мен дағдыларды, іскерліктерді тікелей жұмыс орнында меңгеріп, жан-жақты кәсіби дамуына мүмкіндік беріп, түрлі жүйелердің білім, ғылым, өндірістің өзара байланысын, өзара әсерін, өзара кірігуін қамтамасыз ету арқылы кәсіптік білім беру жүйесінің сапасын арттыратындығы сөзсіз.
Махаббат Сраилова,
Құлан агротехникалық жоғары колледжі директорының міндетін уақытша атқарушы.
Поделиться ссылкой: