МУЗЕЙГЕ ЭКСКУРСИЯ

787 Views

Иә, Ұлы Отан соғысы жылдарында от пен оқтың астында жүріп Жеңіс күнін жақындатқан майдангерлерімізден бүгінде «бір», «екі» деп саусақпен санап көрсететіндей-ақ ардагеріміз қалды. Енді Үкімет тағайындаған бір миллион теңге сыйақыны біздің Жақсылық ауылында тұратын Асаубай ақсақал ғана алатын шығар. Тағы бір қариямыз бар. Ол кісі Таразға тіркелгені болмаса Жаңатұрмыстағы балаларының қолында тұрады. Сонымен кешегі өзіміз көзімізбен көрген Сәлімбай Парманов, Саламат Қашқынов, Игенбек Құрбанов, Әбдікерім Оразов, Төлен Смаиылов, Бекбосын Нәметқұлов тағы басқа да ардагерлерімізді үйлерінен іздесек таба алмайтынымызды біліп, аудан орталығындағы музейге бардық. Сөйтсек, ондағы «Отан үшін от кешкендер» атты жауынгерлік бұрышқа экскурсияға келген №1-ші мектеп-лицейдің оқушыларын көрдік. Экскурсавод Мейіржан Бошқаев оларға әкелер даңқы туралы, майдангерлердің ерліктері жайлы сыр шертіп тұр екен.
– Қазір музейде сұрапыл соғысты баяндайтын 426 экспо­нат, 278 құжат, 148 дана медаль бар, – дейді ол. Ал мына омырауы орден мен медальдар­ға толы кісіні осыдан жиырма жыл бұрын Құлан көшелерінен көргендеріңде оны жазбай танитын едіңдер. Бұл соғыстан қайтқан солдат Сұлтан Қалиев аталарың. Бейбіт кезде агроном болған».
Осыдан кейін біз жауынгерлік бұрышқа қойылған суреттердің сырын ашуға ұмтылып, әбден сарғайған, бәлкім снаряд жарықшағы тиіп аман қалған, сарбаздардың тері, тегі қаны тамған куәліктер мен әскери наградаға ұсынған, дерексіз кеткендер туралы экспонаттарға көз тоқтаттық. Мына бір рәңді лейтенанттың аты-жөні Жолдыбай Асылбаев екен. Танкке қарсы бөлімше командирі шабуылға шығар алдында «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталыпты. Ал 1900 жылы туылған Қазақ ауылының азаматы Молдабай Жексембиев 1943 жылы із-түзсіз кеткен белгісіз солдаттардың тізіміне жазылыпты. Меркілік политрук, рота командирінің орынбасары Инамжан Тайлақов болса, 1943 жылы 24-ші қаңтарда Украинаның Белокуранино, яғни Луганск облысының Солидарная деген жерінде қаза тапқан 239 жауынгермен бірге бауырластар зиратына қойылыпты.
Әр құжатты оқыған сайын сонау сойқан соғыс, қан майданда қаза тапқан жерлестер туралы тың деректерге тап боласың. Міне, олар Отан үшін от кешті. Олардың аты-жөндерін қағазға тізе берсек болады. Мәселен, Наурызбай Тоғайбайұлы, Әзімбай Асылбаев, Иван Кодратенко, Есіркеп Алпысбаевтың есімдері біздің көпшілігімізге мәлімсіз. Бірақ музей қызметкерлері олар туралы дерек-дәйектерді ерінбей жинап, музейге келушілер мен мектеп оқушыларына таныстырып отыр.
Иә, өткен күннен белгі бар. Отан үшін жанын пида еткендер, біреуі аяғын, біреуі қолын майдан даласында қалдырып, елге оралғандар күні кешеге дейін жанымызда жүрді ғой. Оларды ұмытуға болмайды. Өйткені ағаларымыз бен аталарымыз бүгінгі ұрпақтың жарқын болашағы үшін жауымен арпалысты. Ертең белгісіз солдат қабірі басында, Отан соғысынан қайтпай қалғандар монументтері мен ескерткіштері жанынан оқ атылады, сөйтіп, біз майдангерлерімізді тағы да бір жолы еске аламыз.
Міне, музейге экскурсия жасап барғанда біз жауынгерлер туралы жәдігерлерді көріп, осыдан 76 жыл бұрынғы сұрапыл соғысты есімізге алдық. Ата-бабалар рухына тағзым еттік.

С.Қожеке.
Суретте: музей қызметкері Мейіржан Бошқаев оқушыларға музей экспонаттарын көрсетуде.
Сурет автордыкі.

Поделиться ссылкой: