Сталинград түбіндегі шайқас

732 Views

Майдангер Мақпалбай Шалданбаевтың туғанына 100 жыл

Менің алдымда 1944 жылғы 12-ші қыркүйекте жарық көрген «Совет жауынгері» атты әбден сарғайып, өңі қашып кеткен қызыләскерлер га­зеті жатыр. Ондағы аға лейтенант С.Исаевтың жазған «Жеңісті сапар» де­ген мақаласына көзім түсе кетті. Енді осы қан майданда шыққан қазақ тілін­дегі газетте жазылған деректерге көз жүгіртіп көрейікші… «…Бұл жауды өкшелей қуып келе жатқан Хабанский жол­дастың ержүрек артиллеристері. Олар­дың ішінде сержант Мақпалбай Шал­данбаевтың орудиелік расчеты да кетіп барады. Жорық үстінде жауынгерлік тапсырма алған сержант Шал­данбаевтың сарбаздары осы жолы жаудың қару-жарақ тиеген бір жүк машинасын, офицерлер отырған бір жеңіл көлігін 28 фрицімен бірге жойып жіберіп, қашпақ болған он солдаты мен бір шенді командирін тірідей қолға түсірді» деген жолдар бар.
Осы шағын мақалада соғыс бас­талғалы бері артиллеристер расчетының жаудың екі батальонға тарта әскерін, 18 дзотын, 8 блиндажын, 3 бақылау пунктін, екі полк штабын, бірнеше жүк көліктері мен 15 арбасын жойып жібергені айтылыпты. Онда көздеуші әскери «Даңқ» орденінің иегері Әділ Әбдірахмановтың, сондай-ақ, қа­тар­даға жауынгерлер Молдаш Нұр­манбаевтың, Рәт Әлімбаевтың, Нияз­хан Жанғабыловтың жүрек жұтқан ерліктері жәйлі де, Шалданбаевтың орудие командирлері болып соғысып жүрген Біткенбай мен Күткенбай деген ағаларының ерліктері туралы да өте нанымды жазылыпты.
Иә, көзі тірісінде лейтенант Мақ­палбай Шалданбаевпен талай жүздесіп, әңгімелескен едік. Егер ол кісі қазір тірі болғанда осы мамыр айында 100 жас­қа келген болар еді. Майдангер сол бір сұрапыл соғысты еске алып: «Мен Горький қаласы маңындағы әс­кери лагерлердің біріне түсіп, онда зең­бірекшілер командирі болдым. Ста­линград қаласын жау қолынан азат етуге қатыстым. Сталинград, Орел, Курскі доғасы сияқты неміс әскерлерінің көп шоғырланған нағыз қанды қырғын бол­ған жерінде бораған оқтың, аспаннан жауған бомбаның астында жүріп, ғайыптан аман қалғаныма таң қаламын» деп еді.
Кейін ол Румыния, Болгария, Венгрия, Югославия жеріндегі қала­ларды жау қолынан азат етуге қатысып, осы ұлы жорығын Берлинде аяқтады. Оның омырауындағы «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Ерлігі үшін», «Бел­градты азат еткені үшін», Жуков медаль­дары мен «Қызыл жұлдыз», екінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы ор­дендері сайыпқыран майдангердің ер­лігі мен өжеттігін айғақтап тұр­ған еді. Ол елге 1947 жылдың 11 қаң­тарында оралды. Омырауы орденге толы коммунисті аудандық партия комитеті өзіне нұсқаушы, одан соң Қайыңды, Жаңатұрмыс, Ленин, Жамбыл колхоздарына бастауыш партия ұйымының хатшысы етіп жіберді. Оның екі ағасы да қан майданнан оралмады. Майдангердің артында қалған 34 немересі мен 32 шөбересі бар. Бекмырза есімді ұлы «Қазсушар» аудандық мекемесін басқарады.
«Әке көрген оқ жонар» деген рас-ау. Бекең әр Жеңіс күні сайын соғыстан қайтпағандарды еске алып, әкесіне, ағаларына арнап құран бағыштайды. Өйткені бір Тереңөзек ауылдық аймағының өзінен майданға екі жүзден аса азамат аттанған болатын. Қазір ауылда соғыстан қайтпай қалғандарға орнатылған ескерткіш-монумент, аллея бар. Онда Әмізе Исаев, Әбілезқұл Смаиылов, Мырсейіт Сарынжиев, Абылхан Спаналиев, Жайылыш Сайлаубаев, Әбдіхалық, Әбдірақым, Құлпамыш Жақыпалиев, Әбенбай Сүлейменқұлов тағы басқалардың есімдері жазылған.
Иә, отты жылдардың, сұрапыл со­ғыстың өрті сөнгенімен Ұлы Отан со­ғысында жауымен жан аямай шайқасқан майдангерлердің ерлік істері ешқашан ұмытылмайды. Ол бүгінгі ұрпақтың жадында мәңгі сақталады.

С.Қожеке.
Тереңөзек ауылдық округі.
Суретте: Сталинградты қор­ғау­ға қатысқан артиллерист коман­дир Мақпалбай Шалданбаев.

Поделиться ссылкой: