Ел болашағы – әрқайсымыздың қолымызда
36 ViewsКеше ел азаматтары Атом электр станциясын салуға қатысты жалпыхалықтық референдумға қатысып, өз таңдауларын жасауда. Жалпы бұл еліміз тәуелсіздік алғалы өтіп жатқан төртінші референдум. Өзім…
Мықанды өзені бойындағы Өмірбек ауылы Аспара болысына қарайды. Тұрардың әкесі Рысқұл Саймасай болысты өлтірген соң Тұрар өзінің нәмін өзгертіп, Қырғызбаев болып Меркіде біраз уақыт нағашыларының қолында жүрді. Қарабай мектебінде оқыды. Шешесі Қанипа Луговойдың Жалпақсаз ауылындағы Ақмырза есімді бақуатты кісінің қызы еді. Бірақ Тұрар көбіне Меркідегі нағашыларының қолында жатып сонда оқыды. Былайша айтқанда жастық шағы сонда өтті десе де болады. Сондықтан болар ол кейін есейгенде осы өңірді төңіректеп көп келетін. Тегі жігіт болып Андреевпен бірге Меркіден революциялық жастар ұйымын құрғанда да, Ақкөз батыр Қосановтың ұлт — азаттық көтерілісі кезінде де Меркіге жиі келетін. Патша өкіметі осы көтеріліске қатысқандарды жазалап, бүтіндей бір Маңырақ ауылын жойып жібергенін де жақсы біледі.
Тұрарға сондықтан Меркінің топырағы да адамдары да ыстық көрінеді. Бәлкім ол сондықтан болар осы Мықанды өзені бойындағы ауылдарға жиі ат ізін салып тұрады. Кеңес өкіметі орнаған алғашқы жылдардың бірінде Тұрар Өмірбек ауылы тұсынан өтіп бара жатып, қозы-лақ бағып жүрген баланың жанына машинасын тоқтатып, оны әңгімеге тартады.
– Қай баласың? Кімнің баласысың, атың кім болады?,-дейді оған.
– Ассалаумағалейкум, аға! Елім — Өмірбек, әкемнің аты Иманбай, анамның аты Әлтай, өзімнің азан шақырып қойған атым Бекмырза. Бірақ әке-шешем еркелетіп: «Бекей» деп атайды. Жасым – онда,- дейді тақылдап. Баланың қағылездігі мен сөз саптауына, ойының зеректігіне риза болған Тұрар оған:
– Оқығың келе ме, Бекей?,- дейді оның шын ниетін білгісі келіп. Бекей:
– Иә,…оқығым келеді. Бірақ үйдегілер не дейтінін қайдам,- деп бала қоңыр қозысын қолымен түрткілеп ауыл жаққа қарайды. Тұрар Бекейді ілестіріп оның үйіне келген соң, Иманбай мен оның інісі Байғонысқа: «Балаларыңыздың көкірегі ояу, көзі ашық екен. Мен сіздерге бөтен емеспін. Есімім –Тұрар. Нәмім – Рысқұлов. Сіздерге жиен боламын. Мына Бекей балаларыңызды маған беріңіздер, оқытайын» — дейді мән жәйді түсіндіріп. Иманбай кәрие үйіне өкімет адамы келгенін, онда да уәлаяатқа аты мәлім Тұрар Рысқұловтың өзі келіп тұрғанын көріп шын қуанды. Ертесіне баласын Тұрар сынды тұлғаға қосып, ақ батасын беріп, шығарып салды.
Тұрар Бекейді Меркідегі қыр базарға алып келіп «сарт» базарына соқпай бірден орыс базарына ертіп кірді. Ондағы ойы Бекейге бойына қонымды еуропаша шалбар мен көйлек әперу болатын. Бекей үстіндегі ескі-құсқыны тастап, омырауы түймеленетін көйлек киген соң, кәдімгі кадеттерден аумай қалды. Орыс дәмханасынан аухаттанған соң шанышқы мен қасықты қалай ұстау керектігін де зейінді бала бірден қағып алды. Тұрар Бекейді Мықандыға жақын жердегі Шалдуардың орыс-қазақ мектебіне тапсырды. Ол кезде Меркіде ондай екі мектеп бар болатын. Баланың оқуға деген ынтасы зор еді. Бекей Тұрардың өңірге танымал үлкен адам екенін кейін білді. Дегенмен Тұрар оның өмірге, оқуға деген құлшынысын оятты. Енді ол Тұрар ағасын өзінің жарық жұлдызындай көріп неге болса да соған еліктеді. Оның үстіне өзге балалар Бекейді Тұрардың туған інісіндей көрді.
Бұл туралы яғни, Бекейді оқуға бергені жәйлі Шерағаның өз аузынан да естіп, ол жазған «Қызыл жебе» романының үшінші кітабынан да оқығаным бар еді. «Шерағамның өзінің балалық шағы қандай болды екен…?» деп жүргенімде бір күні Республика Мәжілісіне депутаттығына түсетін болып өзімнің журналистика факультетінде бірге оқыған досым Мұса Рахманбердиевпен бірге Шерхан Мұртаза аға келе қалды. Ол кісі татар ақыны Мұса Жалелдің өлеңін әндетіп отырып балалық шаққа саяхат жасаушы еді. Көкемнің нағыз балалық шағы туралы әңгімесін кейін оның мөлтілдетіп жазған «Ай мен Айшасынан» оқып, керемет күйге бөлендім. Сонда барып Шерағамның Тұрардың балалық шағына бейжай қарамағанын ұқтым.
Иә. Тұрардың өмірі арпалыста өткенін онымен бірге оқыған, кейін азық-түлік эмиссары, чекист болған Жүсіп аға Сатыбалдиевтің аузынан да естіп едім. Ол кісі Луговойдағы Қазақ ауылының азаматы екенін де кейін білдім. Сталинше галифе, саптама етік пен китель, фуражке киіп жүретін Жүсіп аға көп сөйлемейтін, бірақ папиросын сораптап көп тартатын. Сол кісі: «Мен Тұрармен 1910 жылға дейін Меркідегі орыс-түзем мектебінде бірге оқыдым. Бізбен бірге Қабылбек Сармолдаев, Қалыш Қожабергенов, Мақсұт Жылысбаев, Тұрдалы Тоқбаев, Рахманқұл Орынтаев, Садуақас Жамансартов, Әшімжан Нұршанов та оқыды. Мен оның Бекей Байғанаевты Шалдуарға оқуға бергенін, одан соң Мәскеуге де бірге ала кеткенін де білемін» деп еді.
Сонымен Бекей Шалдуардағы оқуын біткен соң Меркідегі жүн-жұрқа дайындайтын кеңседе істеді. Жоғарыда аты аталғандар Тұрар Рысқұловтың сенімді серіктері болатын. Ол Әулие-ата уезін басқарғанда да, Түркістан мен Ташкентте жүргенде де олар Тұрардың сенімді серіктері болды. Қазақ халқының жарқын болашағы үшін жан аямай бірге күресті. Бекей бала болса да біледі және ол Тұрар ағасынан қалмай жүріп оқуын оқыды. Тұрар Коминтерннің Шығыс бөлімін басқарып тұрғанда да, РСФСР ҰҚК төр ағасының орынбасары болып жүргенде де ағасымен бірге Мәскеуде бірге тұрды. Ол 1926 жылдан бастап Тұрардың қолында болды. Мәскеудегі Сталин атындағы Шығыс еңбекшілері Коммунистік Университетінің аспирантура бөлімінде оқыған тұңғыш қазақ баласы осы Бекей Байғанаев болатын. Осы оқу орнында оған А.В.Луначарский, Л.Б.Красин, М.П.Покровский тағы басқа да атақты адамдар дәріс берді. Бекеймен сол кезде Вьетнам мемлекеттік қайраткері Хо Ши Мин, Қарақалпақстанның партия және мемлекет қайраткері Алаяр Досназаров, Қытай революционері, ақын, жазушы-публицист, қытайдың «Интернационалын» жазған Сео Сан бірге оқыды.
Б.Байғанаев Мәскеуден оқуын бітіріп келген соң Алматы облыстық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, Кеген ауданында саяси бөлім бастығы, Шелек аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарды. 1928 жылы Қазақстанда репрессия басталды. Бұған дейін екі жыл бұрын 1925 жылы Қазақстан өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы болып келген Ф.И. Голощекин еліміздің саяси-экономикалық және әлеуметтік ахуалымен танысып алған соң: «Қазақстанға Ұлы Қазан революциясының ешқандай ықпалы болмаған. Сондықтан елде «Кіші Қазан революциясын жасау керек» деген ұшқары шешім қабылдап, жаппай репрессия яғни, тергеусіз, басып-жаншу яғни, бүтіндей жойып жіберу шараларын жүргізе бастайды. Ол алдымен қазақтың қаймағы болып келген Ә.Бөкейханов, Ж.Ақбаев, Ә.Ермеков, меркілік Қарабай Әділбеков сияқты зиялыларына ауыз салады. Бұл репрессияның бірінші толқыны болатын. Ал, екінші толқыны 1937-38 жылдары бүкіл елімізде, Мәскеу мен Ленинградта жаппай басталды. Соның ызғары бізге де келіп жетті. Қазақтың көзі ашық азаматтарын көпекөрнеу «Халық жауы» деп, жаппай қамауға алды. Осы зобалаңда 116 мың 685 коммунист атылып кетті. Ал, ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылып, Сібірге айдалып кеткендердің көбінің сүйегі жат жерде қалды.
Осы зобалаң Бекейді де айналып өтпеді. Б.Байғанаев 1938 жылы қамауға алынды. Бұл туралы жазушы Балғабек Қыдырбекұлының «Алатау» роман-триптихінде (893-ші бетінде) анық жазылды. Романның басты кейіпкері Абақ Үйсінбаев. Бекейдің басынан кешкендері осы кейіпкер арқылы айна қатесіз берілген. Азаптау мен қинау оның жан дүниесін, адамдық қалпын жоғалтпағанын осыдан көреміз. Бекейдің нағыз қайтпас, қайсар адам екенін осыдан танимыз. Романнан үзінді келтірейік: «Екі ұлдан да хат келіп тұр. Қырық төртінші жылдың марты келіп, енді Жеңіс күнінен үміттене бастағанбыз. Енді бір аптадан кейін госпитальдан шығатын болған соң жазған хатымды поштаға салуға шығып бара жатсам біреу: «Абақ!» деді айқай сап. Таңертеңгілік мезгіл болатын. Аңтарылып тұрып қалдым. Бұл жақта март айында қардың мұрты бұзылмайды. Күн әлі суық, тегі сұр шинельдің өзінен жұрттың бәрі бірдей көрінеді. Әлгі атымды атап шақырған адамды жыға тани алмай, әйтеуір әрең есіме түсірдім. Отыз сегізде өзіммен бірге «халық жауы» деген айып тағылып, жиырма жылға сотталған Бекей Байғанаев. «Сол ма, сол емес пе?» деп адакүдік ойда тұрмын. Танымауымның да себебі бар еді. Өйткені ол оң жағын көзімен бірге таңып алыпты. Енді таныдым. Соның өзі, баяғы Шелекте аупартком хатшысы болған Байғанаев.
– Мен жалғыз көзіммен танығанда екі көзі бар сен неге танымайсың?,- дейді ол маған. – Шырағым, адамның бар нұры, өзгешелігі ең алдымен көзі арқылы байқалады ғой. Егер екі көзіңді жауып қойса онда қайтіп танисың.
Екеуміз шұрқыраса көрістік. Оның соғысқа қалай келгенін, қайда болғанын сұрайын…
– Е…е түрме азабы, тағдыр теперішін сенің де аз көрмегенің көрініп тұр. Оны сұрап қайтемін. Алғаш Свердловта, одан соң Магнитогорскідегі заводта, одан соң тайгада жүрдім. Көрмеген қорлығым жоқ. Жігіт адамбыз ғой, оны қойшы, басқа түскеннің бәрін көрдік қой. Өткен күзде «Соғысқа кім барады?» деп сұрады. «Мен барамын» дедім тіленіп. Содан Волга бойындағы Камышевода соғыс өнерін үйретті. Майданға әкелді. Одан әбүйір таппадым, үш-ақ күн алдыңғы шепте болдым. Міне, мына оң көзімнен оқ тиіп, осы госпитальға түстім. Үй ішімнен, бала-шағамнан хабарсызбын. Соғыста жүрсем де артымнан адам аңдып жүргендей сезінем өзімді. Тегі соғысып, қанымды төксем де бақылаудан құтылатын түрім жоқ. Хат жазайын десем қайда жазарымды білмеймін. Олар орнында жоқ-ау. Бәрін қаңғыртып, тентіретіп жіберсе керек…
Бекей онша жасымады. Азамат-ақ еді. «Егер енді бір жіберсе бала-шағаны, елді бір көріп өлсем армансыз болар едім» дейді. Мен де өзімнің көзтүрткі, күйкі халімнен хабар бердім. Госпитальда көрісіп тұрармыз деп ойладым. Жоқ. Бекей ертесіне-ақ бұл төңіректе болмай шықты. Ол жатқан жердегі медбикелерден білсем оны НКВД қайта ұстап әкетіпті.
Онымен сөйлескен күннің ертесінде-ақ мені арнаулы бөлімге шақырды. Қайда жүрдің, қайда тұрдың? Байғанаевты қайдан танисың? Ол не деді? Сен не айттың? Әңгіме не туралы болды? Бәрі де сол таныс сұрақтар. Жеті күнім солай жауап алумен өтті. Жасыратын несі бар, екеуміздің бірге сотталғанымызды, Жандосовпен жақын болғанымыз үшін қамалғанымызды, колхоз құрылысын «құртпақ болғанымыз» үшін «халық жауы» ретінде айыпталғанымызды айттым. Ақыр соңында Отаны үшін қанын төккен, Сібір тайгасынан өз еркімен соғысқа сұранып келген Байғанаевпен сөйлескенім бұдан кейінгі өміріме қылпық жүндей басыма қып қызыл пәле болып жабысты. Соның салдарын көп ұзамай-ақ көрдім» дейді Абақ Үйсінбаев.
Сонымен қуғын-сүргін көріп, азаптың ащы дәмін татқан Бекей өмірдің ауыр тауқыметін арқалап елге оралады. Меркіде де жабылған жалған жала, «халық жауы» деген сүмелек сөз артынан қалмайды. Мұнда Мәскеуде бірге оқыған, сыйласқан танысы аудандық атқару комитетінің төрағасы екен. Аты – Сапар Байгөбеков. Дүние танымы мен адамдық қасиеті мол, «елім» деп еңіреп туған бір бар болғыр жан екен. Иә, ауданның соғыстан кейінгі әлеуметтік, экономикалық ахуалы тым нашар еді. Әсіресе, ауыл шаруашылығы артелінің Жарғысын бұзушыларға қарсы күрес өршіп тұрған. Иә, Сапардың әділдігі мен талапшылдығы кейбір шенеуніктерге ұнамады. Ондайлар сырттай өз ойларын білдірмегенмен, іштей қарсылық танытып жүрді. Айдауда жүріп, соғыстың сан алуан сынағынан өткен Бекей досына Сапар үй салып бермекші болды.
Бұл арыз жазуға әзер шыдап жүрген әлгілерге төбеден түскендей «тақырып» болды. Олар қарап жата ма? «Халық жауы» Байғанаевқа Байгөбеков үй салып берді» деп жоғарғы жаққа арыз домалатты. Сөйтіп, аттан түспей, бүлінгенді бүтіндеп, қисайғанды түзеп, елдің жоғын түгендеп жүрген адал адамға күйе жақты. Орнынан алдырды. Көп ұзамай сағынып келген туған ауылын тастап, Бекей де Алматыға көшіп кетті.
Қабылет-қарымы мол, қай кәсіпке де икемі бар Бекей бас қалаға келген соң қарап жатпады. Қаладан үлкен ет-сүт кешенін ашып, соған директор болды. «Түркістан» қонақ үйіне де басшылық етіп, астанадағы жұрттың құрметті ақсақалына айналды. Оның үйінен қонақ үзілмейтін. Қазақтың талантты дарабоз ұлы, дәулескер күйші, композитор Нұрғиса Тілендиев, мемлекет және қоғам қайраткері Түркістан Өзбеков, ақиық ақын Олжас Сүлейменов, заманының заңғар тұлғасы Асанбай Асқаров тағы да басқа азаматтар Бекейдің төрінен орын алып, оның құрметті қонағы болып жүрді.
Бекей Байғанаев түрме азабын көріп, талай тар жол тайғақ кешуден өтсе де әр ұлттың өкілдеріне, коммунистерге қол қойғызып Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаевқа «Тұрар Рысқұлов сынды біртуар тұлғаға лайықты баға берілсін» деп хат жолдайды. Хат қараусыз қалмайды. Орталық Комитет партия тарихы институтының директоры Серікбай Бейсембаев, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Саттар Имашев пен Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаров бар үш адамнан тұратын комиссия құрып, Тұрар Рысқұловтың өмірі мен қайраткерлік қызметін зерттеу мәселесін қолға алады. Комиссия тексеру қорытындысын шығарып, қазақтың біртуар ұлына тиісті бағасын береді.
1984 жылы Тұрар Рысқұловтың 90 жылдығы Алматы, Ташкент және Баку қалаларында кеңінен аталып өтті. Тұрардың 90 жылдығы Меркіде де аталып өтті. Оған Т.Рысқұловтың әйелі Әзиза, қызы Сәуле де келіп қатысты. Луговойдан Әбіт Асылов, Әміре Сұлтанбеков және осы жолдардың авторы қатысты. 1999 жылы Луговой ауданына Тұрар Рысқұловтың аты берілді. Аудан орталығынан осынау біртуар тұлғаға ескерткіш орнатылды.
Сібірдің сарышұнақ аязында итке таланып, белуардан қар кешіп, жасауылдардың тепкісін көрген, жау оғынан да жасқанбай майданға барған Бекей аға Байғанаевтың артында Марлен, Көпбас, Шолпан, Алма, Әзиза, Света есімді перзенттері қалды. Алма есімді қызы 2003 жылы Луговойда болған зілзала кезінде қираған үйлердің орнына үй соғып, қайырымдылық көмек көрсетті. Меркіден әкесіне бір көшенің атын бергізді.
Иә, Тұрар сияқты ұлы тұлғаның қамқорлығында болып, білім алған Бекмырза (Бекей) Иманбайұлы Байғанаев толықтай ақталды. 1997 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 31-ші мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандары күні болып жарияланды.
Қ.Сейсен,
Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының иегері.