Ілкімдінің ісі алға басады

474 Views

Иә, қазір теледидарды қарап отырсаң базардағылар мәселен, сұйық майдың бағасын аспандатып отыр. Ал, аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасындағы мамандар майлы дақылды көбірек егу туралы осыдан екі-үш жыл бұрын-ақ, қожалығы бар кәсіпкерлерге ескерту жасаған болатын. Өткен жылы біздің Көкдөнен округіндегі «Қайқы» шаруа қожалығы аудан бойынша бірінші болып рапс екті. Бұл майлы дақылдың калориясы расында да мол. Осындай дақыл биыл (оның ішінде софлор да бар) 500 гектарға орналастырылды. Өкінішке орай, кәсіпкерлер майлы дақылдың дәнін алған соң оны майын ажыратып шығаратын арнайы цехтарға өткізеді, бірақ оны өздері өңдемейді. Біздің ауданымызда сұйық май шығаратын бірде бір цех жоқ. Ал, ол көрші Меркі ауданында бар. Сұйық майға деген сұраныс көп болып тұрған кезде оны өңдейтін осындай цехтардың болғаны қандай жақсы.
Десек те, ілкімдінің ісі алға басатынын ұмытпайық. Мен өзім Мемлекет басшысының үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану туралы тапсырмасын бұлжытпай орындап келемін. Өткен жылы да, биыл да 15 гектар алқапқа қант қызылшасын, тағы 15 гектарға көкөніс отырғыздым. Одан басқа мың түп алма ағашым бар. Мемлекет берген субсидияға яғни, 8 миллион теңгеге бір «МТЗ-80» тракторын сатып алдым. Маған еліктеп ауылдың Талғат Қарақыстақбаев деген азаматы үйінің іргесіне мың түп алма ағашын отырғызып, оны енді тамшылата суару әдісіне көшіру жағын ойластыруда.
Өткен жылы кәсіпкер Сәтжан Мамырбаев пен Мақсат Сартаев жалпы құны 46 миллион теңгеге бес ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған болатын. С.Мамырбаев одан соң «Алтын тау» шаруа қожалығының басшысы Мұратбек Биғазиевпен бірлесіп, ұзындығы 300-400 метрді құрайтын жаңбырлатқыш қондырғы сатып әкелді. Мұратбек те биыл 60 гектар танапқа рапс дақылын екті. Сондай-ақ, «Абдулла» шаруа қожалығы да 5 гектарға картоп отырғызды.
Аты аталған кәсіпкерлер егін шаруашылығы мен мал өсіруді қатар жүргізуде. Мысалы, М.Биғазиев 2018 жылы 70 бас асыл тұқымды қой, «Жақсылық» шаруа қожалығы Ресейден 80 бас асыл тұқымды ақ бас сиырлар сатып әкелген еді. Қазір олардың қой отарлары мен сиыр табындары асылдандырылып, өнімділігі жоғары мал тұқымы көбейе бастады.
Біздің Көкдөнен ауылдық округінде кәсібінен нәсібін тауып жүрген ілкімді кәсіпкерлер көп. Олардың қатарына Күләйша Шегебаеваны, Қажымұрат Байтұмановты, Тұрсынбек Досаевты, Ғалымжан Жусанбаевты тағы басқаларды жатқызуға болады. Олар расында үлкен бейнет көріп, табыстың тайқазанын тасытып жүрген азаматтар. Ауылда тұрған соң «жоқтан» бар жасай білу керек. Мәселен, Жақсылық пен Көкдөнен ауылдарында бие, ешкі сауып, соның өзінен әжептәуір нәпақа тауып отырғандар да бар. Ілгеріде Медербек кісі айтушы еді «егер қолың суыса – ысыт, ал, ысыса суыт» деп. Соның мәнісін кейін білдік қой. Сөйтсе, қолдың суығаны жұмыссыздықтан екен. Егер екі қолға бір күрек алып жұмыс істесең, алақаның ысымай ма? Ал, ысыса суыт дегені «дем ал» дегені екен ғой.
Не десеңіз де ілкімді адамның ісі алға басатыны анық. Сондықтан «ана жұмыс қиын екен» деп ертеңге қалдыра берсең іс оңға баспайды. Ол еріншектің айласы. Ал, «үйге кіріс кірсін, ісім оңға бассын» деген адам үйде қарап жатпайды.

Бекзат Сәрсебаев,
«Бекзат» шаруа қожалығының жетекшісі,
Көкдөнен ауылдық округі

Поделиться ссылкой: