Патриотизм ‑ ұлт тәрбиесінің негізі

875 Views

Кеңестік заманда Компартия жастар тәрбиесіне, оның ішінде патриоттық тәрбиеге ерекше көңіл бөлгені белгілі. Көптеген үйлерде Маркс, Энгельс, Ленин, Сталиннің портреттері ілулі тұратын. Тілі шыққан балаға Ленин, Сталин біздің атамыз деп үйрететін. Патриоттық тәрбие балабақшадан басталып, мектепте, арнаулы және жоғарғы оқу орындарында, мекемелерде жалғасатын.
Балабақшаларда біз Ильичтің ұрпағымыз, мызғымас болаттай берік совет елінің азаматымыз деп үйрететін. Мектепке барғанда «Ленин біздің атамыз, саясында жатамыз, қарсы келген дұшпанды қақ жүректен атамыз» деп өлең жаттадық.
«Ленин дегеніміз – партия, партия дегеніміз – Ленин» деп күнде құлағымызға құятын. «Партия мен халық бірге», Ленин болған, Ленин болды және Ленин бола береді», «Мақсатымыз Коммунизм», Ленин: «Оқы, оқы және оқы» деп күнде айта берген соң миымызға сіңіп, көңілімізге жатталып қалатын. Далаға шықсаң Ленин алаңы, Ленин көшесі, Ильичтің шамы, Ленин атындағы мектеп, колхоз, совхоз, завод, Ленин сарайы, «Ленин жолы» газеті, Ленин саябағы, Ленин шыңы, Ленин ауылы, Ленинград қаласы, Ленин атындағы кеме және қай жерге барсаң да күн көсемнің ескерткіші тұрушы еді.
Кең байтақ елімізде Лениннен басқа жан жоқ. Тек қана Ленинге табынып, Алланы аузымызға алмайтынбыз.
Жер бетінде Ленинді пір тұтқан, Құдай санаған коммунистерден басқаның бәрі оңбаған, жауыз, қанаушы, жұмысшы табының жаулары. Тек қана коммунистер жақсы. Ең бақытты ел – Совет Одағы халықтарының достығы жарасқан, мызғымас бірлікті, әділетті қоғамда өмір сүріп жатқандар ғана коммунизмге жетпек, деп санамызға сіңіргені рас қой.
Ауылда, қаладағы балалар Петр І-шідей патша болсақ, Илья Муромец, Никита Добрынич, Алеша Попович сияқты немесе Чапаев, Щорс, Котовский, Фрунзе секілді қолбасшы, Кожедуб, Покрышкин, Олег Кошевой, Гастелло, Чкалов, Матросовтай батыр, ержүрек болуды армандадық. Штирлиц, Зорге, Вайстай құпия агент, Зоя Космедемьянскаядай партизан, Павлик Морозовтай ержүрек болсақ дейтінбіз.
Мектепте СССР тарихын, орта және жоғарғы оқу орындарында КПСС тархынан, диалектикалық және тарихи материализмді, ғылыми коммунизмді оқып, Лениннің еңбектерінен емтихан тапсырдық қой. Ұлы көсемдер, патшалар, батырлар, данышпандар, әулиелер тек сол ұлы халықтан шыққан деп білдік.
Қазақстан тарихы Ұлы Октябрь революциясынан бері басталған, оған дейін өз алдына мемлекет те болған емес. Халқы сауатсыз, надан, көшпелі, малдың артында жүрген, не қаласы, мәдениеті, әдебиеті болған емес. Тек Ұлы Лениннің, коммунистік партияның сара саясатының арқасында Қазақ Советтік Социалистік республикасы пайда болған деп үйретті емес пе?
Ленин, партия, СССР үшін жан беруге дайын болдық қой. Міне, коммунистік идеологияның патриоттық тәрбиесінің жемісі осыған жеткізді.
Тәуелсіздік алдық, Егеменді ел болдық. Бұрын коммунизмге жетеміз деп еңбектенуші едік. Енді бай боламыз деп еңбектенудеміз. Қандай елміз, қандай идеологиямыз бар? Жастарға қалай патриоттық тәрбие береміз. Бүгінгі жастар қазақ елі үшін, жері үшін жанын қиюға дайын ба? Бүгінгі жастар кімді пір тұтады, кімге еліктейді, кім болам деп армандайды? Арнольд Шварцнеггер, Жан-Клод Ван Дамм, Джеки Чан, Брюс Ли, Стивен Сигал, Мадонна, Алла Пугачева, Валерий Леонтьев тағы да сол сияқты шетелдіктерге еліктейді, соларды пір тұтатыны жасырын емес.
Иә, егеменді ел болғалы тарихымызды қайта жазып, хандарымыз бен батырларымызды білдік, ескерткіштер қойып, көшелерге, аудандарға, мектептерге есімдерін бергеннен басқа не істедік?
Патриоттық тәрбие беруге – өткеніміз неге негіз болмасқа. Еліміздің тарихын терендетіп оқытып, біздің ешкімнен кем емес екенімізді неге жастардың санасына құймаймыз? Былай салыстырып көрейікші. ¥лы елдің патшалары: Иван Грозный, Петр — I, Екатерина — ал бізде Керей мен Жәнібек, Абылай хан, Жәңгір хан, Кенесары хан, Томирис. Орыс ертегісінде батырлар – Илья Муромец, Никита Добрынич, Алеша Попович — бізде Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай бар емес пе? Ол елде, Кожедуб, Покрышкин – ал бізде Талғат Бигельдинов, Нүркен Әбдіров. A.Матросов — бізде Ағаділ Суханбаев, Гастелло — Н.Әбдіров. Жаяу әскер қатарында жүріп батыр атанған Мәншүк пен Әлиядай басқа елде бірде — бір батыр қыз жоқ. Ю.Гагарин, Г.Титов — бізде Т.Әубәкіров, Т.Мұсабаев. Ақын-жазушыларды алатын болсақ: М.Шолохов — М.Әуезов, А.Пушкин — М.Мақатаев. Біздің Г.Мүсірепов, С.Мұқанов, Х.Есенжанов, Б.Бұлқышев, Ә.Әлімжанов, Ш.Мұртаза, атақты Баукең — Бауыржан Момышұлы, Ә.Тәжібаев, И.Есенберлин, Ж.Молдағалиев, Т.Айбергенов, М.Шаханов, М.Мағауин, Қ.Мырзалиев, С.Торайғыров, С.Сейфуллин, Б.Майлин, И.Жансүгіров, Ш.Иманбаева және басқалары В.Проскурин, М.Лермонтов, М.Цветаева, Новиков-Прибой, Мамин-Сибиряк, И.Оренбург, М.Светлов, B. Пикуль, А.Фадеев, Р.Рождественский, М.Булгаков, Н.Грибачев, В.Маяковский, С.Есенин және басқаларынан қай жері кем? Неге біз өзіміздің ақын-жазушылары­мыз­ды басқалардан төмен санаймыз?
Құлдық, жасықтық сезім әбден санамызға кіріп, баурап алған. Әйтпесе біздің ақын-жазушыларымыз бір-екі саты жоғары тұрмаса, төмендеу бола алмайды. Барымызды көрсете алмаған, насихаттап, дәріптеп, үлгі ете алмаған өзіміз ғой.
Ғалымдарымыз — Д.Қонаев, Қ.Сәтбаев, З.Сеитов, Н.Базанова, К.Мыңбаев, Е. Исмайлов, Е.Букетов, О.Жолдасбеков, Ш.Есенов, М.Балақаев, Р.Сыздықова және басқалары өзге ұлт өкілдерінің ғалымдарынан биік болмаса осал емес қой.
Сазгерлеріміз: Ш.Қалдаяқов, Ә.Бейсеуов, Л.Хамиди, А.Жұбанов,
Н.Тілендиев және де Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Дина, Ықылас, Біржан сал, Әсет, Жаяу Мұса, Мұхиттарға тең келер кім бар басқаларда?
Әншілеріміз: К.Байсеитова, М.Ержанов, Ғ.Құрманғалиев, Ж.Кәрменов, Р.Бағланова, Б.Төлегенова, Р.Рымбаевалар, әртістер: Б.Римова, С.Майқанова, Ә.Өмірзақова, Ф.Шарипова, А.Әшімов, Н.Жантуриндер кімнен кем? Биік болмаса, төмен емес.
Алпамыс батыр, Қобыланды батыр, Қозы Көрпеш — Баян сұлу, Еңлік-Кебек, Айман-Шолпан, қыз Жібек, Қалқаман — Мамыр жырларындай өнер туындысы көршілеріміздің ешқайсысында жоқ.
Мұның бәрін тізгендегі айтар ойым біздің өзіміз де патриоттық тәрбие беруге жататын, өнеге алатын, еліктейтін азаматтарымыз жеткілікті ғой! Неге осы біз өзімізді әлі де болса төмен санай береміз, сілкінетін кез жетті емес пе?
Бүгінгі жастарға балабақшадан, мектеп қабырғасынан бастап хандарымыз бен билеріміз, батырларымыз, ақын-жазушыларымыз бен тарихта өшпес із қалдырған өнер иелері мен ғалымдар туралы, олардың тарихтагы алатын орындарын неге түсіндірмеске? Жоқ әлде, ескерткіш орнатып, атын көшеге бергенімізге мәз болып жүре береміз бе? Еліміздің болашағы жастар десек, сол жастарга тарихымызды терең оқытып, батырларымыз бен жауынгерлеріміздің ерлік өмірін насихаттап, неге үлгі етпеске? Өткен ғасырларда, Ұлы Отан соғысы жылдары ерліктері елге аңыз болған ерлерімізді, бүгінгі күнгі спортшыларымыз бен өнер адамдарын, ақын жазушыларды, олардың шығармаларын неге кеңінен, күнде насихаттап, жастардың санасына сіңіріп, «Менің елім Қазақстан» деген мақтаныш сезімін оятпасқа? Өткен олимпиада ойындарында Б.Артаев «Баркер кубогын» жеңіп алғанда неге бүкіл исі қазақ болып мақтанбады? Әншілеріміз, мектеп оқушылары халықаралық жарыстарда, олимпиадаларда, фестивальда бас жүлдені жеңіп алып, Қазақстанның көк байрағын желбіреткенде қайсымыз қуанып, халық болып басымызга көтердік. Испания футболшылары әлем чемпионатында жеңімпаз болғанда бүткіл халқы көшеге шығып қуанып, мақтанып, бас киімдерін аспанға лақтырғанын теледидардан көріп, куә болдық қой. Қарапайымдылық жақсы-ақ, дегенмен мақтанатын жерде мақтанып, кеудені ұрар кезде ұру керек. Өзімізді өзіміз мақтамасақ, бізді біреу келіп мактамайды.
Қазақтың қара домалақтарының жеңістерін жастарға насихаттап, неге үлгі етпеске? Патриоттық сезім осындайдан бастап бойына сіңіп, жүрегінен орын алып, санасына кіре бер­мей ме? Жылда Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашақ» бағдарламасы бойынша 2-3 мың жас білімгер шет елдерде білім алуда. Солардың басым көпшілігі шетелдерде қалып, алган білімдерінің жемісін басқа елде көрсетіп жүр. Неге елге келіп, өзінің халқына қызмет етпеске? Әлде «ит тойған жеріне» деп жүре ме?
Сонда «Өзге елде сұлтан болған­ша, өз еліңде ұлтан бол» деген макалдың мағынасын түсінбе­гені ме? Біздің Республикалық телеарналарда түріктің, кәріс­тің, қытайдың киноларын күн­діз-түні көрсетіп, салт-дәстүр­лері мен діндерін насихаттауда. Біздің еліміздің салт-дәстүрі ескіріп, еш­кімге жарамсыз болып қалды ма, әлде басқалардыкінен кем бе?
Қазақтың инабаттылығы, ізет­тілігі, үлкенді сыйлап, жүйелі сөз­ге тоқтағандығы, кішіпейілдігі, мәрт­тігі, қолы ашықтығы, қонақ­жай­лылығы, әкені құрмет тұтып, анасын қадірлеп, қарындасын сый­лай білетін салты басқа халықтарда жоқ қой. Осы салт-дәстүрімізді насихаттап, неге басқаларға көрсетпеске? Жоқ әлде шетелдің киносындағыдай атып-шабуға, мойнын бұрап өлтіре салуға, әке-шеше, аға-қарындасының не екенін білмей өскен, ұрпаққа тәр­бие бермейтін киноларды көріп, соларға еліктеп жүре бере ме, бүгінгінің жастары. Киноларымызға ұнамды кейіпкер болатын азаматтар елімізде жоқ па?
Әлде Отанға, елге, туған жерге деген патриоттық сезім бүгінде керек болмай қалды ма? Өз басым бүгінде «Nur Otan» партиясы мен оның «Jas Otan» жастар қанаты осы мәселемен айналысатын кезі келді деп есептеймін.

М.Ноқрабеков,
зейнеткер.

Поделиться ссылкой: