Қазақтың тұңғыш педагогы

955 Views

Биыл қазақтың тұңғыш ағартушы ұстазы Ыбырай Алтынсариннің туылғанына — 180 жыл. Қараңғылық көгінде жарық жұлдыз болып жанған ұлы ағартушы тұңғыш қазақ мектебін ашқаны баршамызға белгілі. Жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері Ы.Алтынсарин қазақ халқының ағартушылық тарихында және ұлттық мектебінің қалыптасуында терең із қалдырған тұлға.
Ол 1841 жылы қазіргі Қостанай облысының аумағында дүниеге келген. Ыбырай бала кезінен бастап білімге және өз бетінше оқып білуге бейім болған. Көп оқып, Ресей қоғамының білімді адамдарымен жиі араласқан. Орынборда оқып жүргенінде білімге құштар жас Ыбырай бос уақытының бәрін кітапханада өткізген. Білген үстіне біле түссем деген құмарлық пен өз халқыма неғұрлым көбірек пайда келтірсем деген абзал арманға ұмтылыс оның өмірлік кредосы еді. Өзінің мінез-құлқы жағынан қарапайым әрі еңбексүйгіш Ыбырай өзге халықтардың қол жеткен табыстарын неғұрлым көбірек біле түссем деп армандап, алған білімін өз халқының пайдасына асыруға талпынды. Ол орыс тілімен қатар, араб, татар тілдерін жетік меңгеріп, көксеген бар арманы халыққа білім беру болды.
Ол кезде қазақ балаларына арнап мектеп ашу өте қиын екеніне қарамастан, Ыбырайдың тікелей атсалысуымен 1864 жылы қаңтар айында тұңғыш қазақ мектебі ашылды.Сол кезеңде қаражаттың жетіспеушілігі, мектеп үйі, құрал-жабдықтардың жоқтығы да оны тоқтата алмады. Ол ауыл-ауылды аралап, халыққа білім беретін мектептің артықшылығын түсіндіріп, қаржы жинауды ең алдымен өзі бастап, малын сатып, түскен ақшаны мектеп салуға жұмсады. Оқу үйі жетіспеген кезде, білім іздеген қазақ балаларын өз үйіне жатқызып оқытқан.
Ыбырай — жаңа дәуірдегі қазақ әдебиетінің қалыптасуына қомақты үлес қосты. Тек қана оқу-ағарту жұмыстары емес, ол сонымен бірге сол кездегі қоғамдық-саяси өмірге де терең араласып, ғылым-білімге, еңбек пен өнерге, этнографияға қатысты мақалалар жазды. Оның көркем еңбектері қазақ әдебиетінің қалыптасуына айрықша ықпал етті.
Қазақтың маңдайына біткен ағартушыс Ы.Алтынсарин ұлты үшін аянбай қызмет етіп, тек сөзімен ғана емес, ісімен де халқына жанашыр, адал болған. Бүгінде Ыбырай есімі берілген аудан, ауылдар, оқу орындары, көшелер, жер атаулары Қазақстанның түкпір-түкпірінде кездеседі.
Сауатсыздықтың бұлтын сейілтіп, қазақ даласына білімнің нұрын шашқан «даңқты дала қоңырауының» 180 жылдық мерейтойын мемлекеттік дәрежеде мақтанышпен дәріптеу – біздің басты міндетіміз. Бір ғана «Кел, балалар, оқылық!» өлеңін ұлттық брендке айналдыруға болатын Ы.Алтынсариннің зияткерлік және рухани мұрасына өскелең ұрпақтың қызығушылықтарын қалыптастырумыз қажет.

Нұрсұлу ТӨЛбасиева,
«Ақбота» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі.

Поделиться ссылкой: